«Жақсы басшымен жұмыс істеу – жарты бақыт» дегендей, тұжырымды бір жерден оқып едім. Мұны қай мықтының айтқаны, қай кітаптан, мақаладан оқығаным да есіме түсер емес. Бірақ ақиқат екені айдай анық.
Мұндай бақытты сол кездегі Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке тұрғанда сезіндім. 1993 жылы аталған басылымда меншікті тілші қызметіне екі штат ашылып, мен Күрті, Балқаш аудандарына тағайындалдым. Кеген, Нарынқол аудандарына осындай қызметке Нұрдан Тоққожаев деген әріптесім таңдалып, екеуміз осы лауазымда біраз жыл қызмет атқардық.
Бұған дейін Жамбыл, Күрті аудандық газеттерінде жұмыс істеп, бірқатар тәжірибе жинақтап қалған маған облыстық газетте жұмыс істеу аса қиындық тудыра қойған жоқ. Оның үстіне Баймолда Мұса ағам бастаған «Жетісудың» ұжымы жылы қарсы алды. Беттен қақпай белімді буып, қай кезде де еңбегімді бағалап отырды.
Кейбір сәтті шыққан мақалаларымның редакция лездемелерінде мақталып, аптаның, айдың үздік материалдары қатарында аталғанын құлағым шалып қалады. Ондай мақтауды Байағам да айтып, дәйім қолдау білдіріп, қанаттандырып жүрді.
Мұндай қолдау Жақаң – Жақыпжан Нұрғожаев ағамыз бас редактор болып келгенде де бәсеңсіген жоқ. Дәл осы кезде студент кезден бергі досым Кәдірбек Құныпияұлы мен жерлес інім Мейірбек Оспановтар орынбасар қызметіне келіп көңіл тіптен жайланды. Сондай дос, бауырларым тездетіп салып жібере ме, әлде сол кездегі жазғандарым өзекті болып жатты ма, кім білген, әйтеуір алыс ауылдан жазған материалдарым газетте үзбей жарияланып жатты. Соған орай Алматыдағы редакцияға алшаң басып кіретіндей мүмкіндік туды.
Басшыларға рахмет, бағалағандары болар, бірді-екілі рет мені алыс ауылдан шақырып, арнайы тапсырмамен іссапарға жібергендері де бар. Ондай тапсырма ойдағыдай орындалып, нәтижесінде оқырман көңілінен шығатындай мақала жазылған соң Жақаңның маған деген көзқарасы тіптен жақсарды.
Меншікті тілшінің тіршілігі қызық қой. Ешкім сені «Сағат 9-да жұмысқа кел, 6-да қайт, пәлен сағат арасында түскі үзіліске шық» деп тексеріп, бақылап тұрмайды. Күні бойы, тіпті апта бойы не істеймін десең де өз еркің. Салыстырмалы түрде алғанда өз уақытыңа өзің қожасың. Содан кейін де бірнеше күн бойы өз жұмысыңмен айналысып кетсең де сені әдетте ешкім іздей қоймайды.
Соған орай ауданда тұратын бір әріптесім – мен сияқты меншікті тілші айтты деген қызық әңгіме бар. Әлдебір шаруамен үйден ертерек шығып кеткен бұл әріптесіміз түске қарай оралғанда балаларының әлі ұйықтап жатқанын көреді. Лықсып келген ашуын ұстай алмай қалған ол: «Оңбағандар, бұл не жатыс? Сендер де меншікті тілші болып кеткенсіңдер ме?», – деп айғайды салған көрінеді.
Иә, меншікті тілшіге деген ондай еркіндіктің бары рас. Бірақ, бұдан оның жұмысы мүлдем бақылаусыз деген ұғым тумайды. Апта, ай бойына редакцияға қанша мақала, ең бастысы, қандай материал жібердің, міне, нақ осы мәселе қатаң бақылауда. Содан кейін де меншікті тілшінің бәрі жаңағыдай бос уақытты тиімді пайдаланып, оқырманды тартатындай қызықты, өзекті материал жазуға талпынады.
Мақтанғандай болмайын, сол кездері мен де ізденіс танытып, тартымды мақалалар жазуға талпындым. Ол ізденісім нәтижесіз де болмаған сияқты. Қалай десек те жаңағыдай мақалаларым арқылы Жақаңның, жалпы ұжымның көзіне ілініп, көңілінен шыққандаймын.
Облыс орталығы ауысып, редакция Талдықорғанға көшер кезде менің де өмірімде үлкен өзгеріс туындады. Бас редакторым телефон шалып, тез арада Талдықорғанға көшуді бұйырды. Бұл жаңалыққа сенер-сенбесімді білмей, сенген күннің өзінде жаңа облыс орталығына көшер-көшпесімді бірден шеше алмай әрі-сәрі күйге түстім.
Олай болатын себебі де бар еді. Балқаш ауданының орталығы Бақанасқа көшіп барып, кәдімгідей орнығып қалған кезім. Ауылға кіреберістен жақсы үй алып, алтын көршілер тауып, «Енді ешқайда көшпейтін шығармын» деген ойға бекіген шағым. Оның үстіне аудан басшысы Әмір Құлмахановтың қолдауымен әкімдікке екінші жұмысқа орналасып қойғанмын.
Ең бастысы, үй. О баста жақсы жобамен салынған үйге тағы бір жөндеу жүргізіп, халқы дарқан, табиғи байлығы мол өңірге біржола орналассам дегенмін. Енді бастықтың айтуымен сол үйді сатып жіберсем отбасыммен далада қалатындай сезінемін.
– Жақа, үйді сата берейін бе? – деп бастығыма қайта телефон шаламын.
– Сата бер, – дейді бастығым жайбарақат.
Бұдан кейін де тыныштық таба қоймаймын. Бір-екі күн тыпырлап жүріп Жақаңа тағы хабарласамын.
– Айттым ғой, сата бер деп. Бізден бұрын көшіп барып жұмысқа кірісе бер. Ондағы тілшілер пунктіне айтып қойғам.
Бастығымның дауысы сенімді шықты. Көңіл шіркін сонда да тыныш таппайды.
Сондай толқымалы күйде жүргенімді сезді ме, Жақаң бір күні Алматыға шақырды. Жұмыс жайында біраз әңгіме айтып отырып күтпеген сұрақ қойды:
– Отбасыңа екі бөлмелі үй жете ме?
Өмірлік маңызы бар бұл сұраққа бірден жауап бере қоймадым. Отбасында әйелім мен бір қызым ғана бар, үшеумізге жетуін жетеді ғой, дегенмен… Көңіл түкпірінен «Көшпей-ақ қойсам ба?» деген баяғы бір алаң қайта бас көтере ме, қалай?..
Мүдіріп қалғанымды неге жорығанын қайдам, Жақаң: «Жоқ, шығармашылық адамына екі бөлме тар болар. Үш бөлмелісін ал», – деп бірден шешім қабылдады. Пәтердің кілті мен Талдықорғандағы мекенжай жазылған қағазды да қолыма ұстатты.
Енді шегінетін жер қалмады. Рахметімді айтып, шығып кеттім.
Жақаң осылайша тіршілік етіп жатқан ауылымның, тұрғын жайымның ғана емес, бүкіл шығармашылық өмірімнің күрт өзгеруіне басты себепкер болып еді.
Олай дейтінім, Талдықорғанға қоныс аударғаннан жаман болған жоқпын. Ең алдымен, қызметім өсті. Тілшіден бөлім меңгерушісі, одан жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары тәрізді қызмет сатыларының бәрінен өтіп, бас редактор лауазымына да тағайындалдым. Екіншіден, осы Талдықорғанда облыс әкімінің қолдауымен бірнеше кітабым жарық көріп, Қазақстан Жазушылар одағына қабылдандым, Қазақстанның Құрметті жазушысы атандым.
Мұның бәрі Жақаңның – сонау 1998 жылдан бері шығармашылығыма, қызметімнің өсуіне жанды қамқорлық танытып, қолдау білдіріп келе жатқан Жақыпжан Нұрғожаев ағамның арқасы десем ешбір асырып айтқандық емес. Мұндай алғысымды талай қуаныштары мен мерейтойларында да айтқанмын, реті келіп тұрғанда тағы бір айтсам да артық бола қоймайды.
Жақаңның тағы бір жақсы қасиеті – редакция жұмысын ұйымдастыруда алдына жан салмайды. Газет мерейтойына немесе басқа бір атаулы күнге орай газеттің арнайы нөмірін шығару керек пе, ұжымдық жинақ, кітап материалдарын шұғыл дайындау қажет пе, бәрінің орайын тауып, журналистерді жұмылдырғанда жарты шаруа бітіп қалғандай көңілің жайланып сала береді.
«Жақсы материал жазамын» десеңдер бір-екі күн жұмысқа келмей-ақ қойсаңдар да болады. Жауапты хатшыға ескертіп қойып алаңдамай үйде жұмыс істей беріңдер».
Бұл Жақаңның журналистерге баяғыдан бері жасап қойған кеңшілігі. Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі кеңшілік.
Әдетте авторлардан көлемді мақаланы қабылдамауға тырысамыз. Танымал тұлғалар мен өнер адамдары жайында өзіміз жазған кезде де тым көсіліп кетпеу жайын назарда ұстап отырамыз.
Алайда бұл өлшем бас редактордың алдына барғанда далиып шыға келеді. Жақаң әңгімелесіп отырған адамына көңілденіп кетіп: «Жарайды, өзіңізді газеттің айқара бетіне шығарамыз» деген уәдені үйіп-төгіп бере салады. Журналиске де сондай көлемде жазуға тапсырма береді.
Бірақ бұл уәденің орындала қоймайтынын ішіміз сезіп тұрады. Өйткені айқара бет дегенің газеттің қос беті, бір ғана материал басылымның екі бетін алып кетсе өзге мақалалар қайда салынбақ?
Айқара бет берудің тым артық екенін бастықтың өзі де жақсы біледі ғой, әйтсе де көңілденген сәтінде дарқандыққа қалай бой ұрып кеткенін өзі де байқамай қалатындай. Содан кейін де газет дайын болып қалғанда өткендегі «уәдесін» есіне салып қосыла күлеміз.
Әрине, «Қос бет беремін деп едің ғой…» деп газет шыққанның ертесіне ешкім келе қоймайды. Бірен-саран ондай реніш айтып қалған адамдарға Жақаңның жауабы дайын. Ондайда: «Мына жігітті жауапты хатшылыққа тағайындаған кезде мұндай қырсық екенін білмей қалыппын. Айтқанымды орындамағанын қарашы… Шара қолдансам ба екен?..», – деп шын қиналған кейіп танытады. Келген кісі болса: «Жарайды, басеке, жалпы жақсы шығыпты. Енді оған ештеңе демей-ақ қойыңыз…», – деп шыр-пыр болады…
Жалпы табиғатынан дарқан, кең жаралған Жақаң сонда да жаңағыдай «уәде» беруден тыйылмайды. Ондай тапсырма берілген сайын біз де «Жарайды, жарайды» деп бас шұлғудан танбаймыз. Өзінше ол да бір қызық кездер екен-ау…
Кімді де болсын жұмысқа құлшындыра, ынталандыра білетін Жақаңның тұсында «Жетісу» үлкен жетістіктерге жетті. Осы тұста газеттің таралымы ешқашан болмаған деңгейге – 55 мыңға дейін көтеріліп, басылым Қазақстан Журналистер академиясының Алтын жұлдызын иеленді. Ұжымның 4-5 мүшесі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, қаншама журналистер елеулі марапаттарға ие болды. Өзі «Ең таңдаулы редактор» сыйлығын иеленіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің және Қазақстан Журналистер Конгресі атқару комитетінің мүшесі атанды.
Жақаңның аңқаулығы, ақкөңіл адамдарға ғана тән ұмытшақтығы өз алдына бөлек әңгіме. Жаңа жылды ұжым болып қай мейрамханада атап өтетінімізді ұмытып қалып басқа бір ресторанға кіріп кеткені, қолын жуып дастарқан төріне отырғаннан кейін барып айналасын барлағаны жырдан қызық әңгіме.
Тағы бірде Жақаң жігіттермен түні бойы жұмыс істеп, кітап дайындатады. Материалдарын, суреттерін орын-орнына салдырып, негізгі жұмыстың орындалғанына көз жеткізген соң: «Безендіруін жасап, бәрін бітірген соң дискіге, флешкіге жазып қойыңдар. Таңертең Алматыға алып кетемін», – деп үйге қайтады.
Таңертең келемін деген Жақаң айтылған уақытта төбе көрсете қоймай түске таман Алматыдан хабарласып: «Дискі мен флешканы алмай кетіппін ғой, онда Алматыға неге келдім?» – деп тұр дейді…
Ол кезде кітаптың мол материалын интернетпен жібере салатын қазіргідей мүмкіндік жоқ. Бастық осылайша флешка күтіп Алматыда екі-үш күн жүріп қалады.
Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне, ақыл-парасатына жаңағыдай мінездері құп жарасып тұратын Жақаңның тұсында газеттің талай-талай қуаныштары атап өтіліп, журналистерінің мерейі шалқыды. Өзге де есте қаларлықтай шаралар көп ұйымдастырылды.
Жақаңды былтыр Жазушылар одағындағы салтанатты шарада жолықтырып, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленуімен құттықтадым. Мұның өзі қаламгер Жақыпжан Нұрғожаевтың өміріндегі үлкен белес екені айқын болатын. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Жақаңа мұндай белестеріңіз бұдан ары да биіктеп, торқалы тойыңыз аталатындай тоқсан мен жүз дейтін асқар асуларға көтеріле беріңіз деген ақ тілегімді айтқым келеді.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы





