Ер ел үшін туады. Халқына адал қызмет еткен, арда туған азаматты халқы ешқашан ұмытпайды. Атақ пен абыройға бөлейді. Атын ардақтайды. Өсиеті мен өнегесі, ерлігін елге мұра етеді. Алашта мұндай ел үшін туған азаматтар көп болған. Мың өліп, мың тірілген қазағым сондай елжанды азаматтардың қамқорлығының арқасында талай зобалаңнан аман шыққан.
Шұрайлы жерімізге қызыққан жан-жақтағы анталаған жау әлсін-әлсін шабуыл жасап отырған. Арыстан жүрек батырлар ұлтарақтай жерді басқаға бермес үшін қасық қаны қалғанша күрескен. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден екенін талай дәлелдеді.
Бұл жөнінде қаз дауысты Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден кұт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз!
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөзді асырмаған елміз, –
деп әлдеқашан айтып кетті емес пе?!
Бабаларымыздың бала-шаға, әйел, қарттарды аман сақтау, жерді бөтенге таптатпау барысындағы жанқиярлық ерліктері бас игізеді. Сондай айтулы азаматтардың бірі – Сарыбай би. Сарыбай өзі би, өзі батыр, өзі ақылшы болған. Ол жиған-тергенін ұлттың болашағына, амандығына жұмсаған. Сарыбайдың тiкелей ықпалымен Ұзынағаш пен Қаскелеңде қазақ балалары үшiн арнайы мектеп салынып, онда алғаш араб әлiппесiмен, кейiннен орысша оқытатын болған.
Азаматтың азаматтығы ел басына күн туғанда танылады емес пе?! «Жұт жеті ағайынды» дейді. Жан-жақтағы жаудың шапқыншылығынан титықтаған халық 1878 жылы аштыққа ұрынады. Егіннің көктемей қалуынан ел-жұрт ас-судан тарығып, аштыққа ұшырайды. Елдегі азық-түлік таусылуға айналады. Мұндай кезде барды үнемдеп, сақтап, алды-артыңды бажайлап, келесі астық науқанына жету үшін жоспар құрып, бірлесіп күн көруді ойлаған жөн. Осыны жақсы түсінген ел ардақтысы Сарыбай би өзіндегіні алғашқы болып ортаға шығарып, төрт түлікті орталыққа жинап, шашау шығармай бағуға көңіл бөледі. Қозы-лаққа дейін өлтірмей өсіріп, көбейтудің қамын жасайды. Бақташылардың малды дұрыс бағып, ит-құсқа жем қылмауын назарға алады. Сойған сиырдың етін бір қазанда пісіртіп, халыққа тәулігіне бір рет ыстық тамақ бергізеді. Оны өзі қадағалап, әркімнің ыдысына бірдей салдыртады. Ел осы кезде Сарыбай әулиенің жомарттығы мен әділдігіне риза болады. Қартты да, баланы да бауырына басып, қамқорлық жасайды. Малы көп ауылдардан сүт-май, айран жинатып, оны да көпшілікке тегін ұсынады. Сөйтіп, халықтың аштан қырылып қалмауын ойластырады. Сарыбайдың ақылы мен парасаты елді аман алып қалады. Келесі астық науқанына дейін жан аман, малдың қарасы таусылмай жетеді. Ол әділдігімен көптің құрметіне ие болған. Адам баласын алаламаған. Алдына келгеннің меселін қайтарып көрмепті. Қайта демеп, жәрдем көрсетіп, жоғын түгендеп береді екен.
Сарыбай Айдосұлы Сұраншы батырдың қасында ақылшы, кеңесші болып жүрген. Ал Сүттібай Сұраншының бірінші орынбасары. Ол соғыс ойынын мықты меңгерген сенімді серік. Сұраншы Сүттібайды қасынан қалдырмайды екен. Олар елдің амандығы мен береке-бірлігін ойлауда бір-бірін әрқашан толықтырып отырған. Сүттібай Ұзынағаш, Қастек, Мерке, Сайрам соғысында қайталанбас ерлік көрсетеді. Қоқандықтар Сұраншыны тұтқынға алады. Батыр жарты жылдай жаудың қолында қалады. Сүттібай сол кезде ел мен жерді қорғауға күш салады. Әскерді тәртіпке бағындырып, шашау шығармай ұстайды. Сұраншы, Сүттібай, Сарыбай Сайрам соғысында жаудың бекінісін бұзып кіреді. Бірақ ол жерден қайта шыға алмай қалады. Бәріміз бұл жерден құтылмаспыз деген батыр Сарыбайды қамалдан сыртқа лақтырып жібереді. Зәулім дарбазадан асып түскен Сарыбай бір аяғын сындырып алады. Елге оралысымен достарының аманатын орындап, елді басқарады. Бұлар жоқта халық біраз тозып кеткен екен. Тіршілікті қайта ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайды түзейді. Жастайынан ел билігіне араласқан Сарыбай ақыл-парасаты, адамгершілігі, өжеттілігімен танылған. Сарыбай би Алатауға ат басын тіреген Кенесары ханмен де, қырғыз манаптарымен де, орыстармен де терезені тең ұстаған, бәрімен сыйласа білген.
Сол жаугершілік заманнан келе жатқан әңгімелерде, қариялардан тараған деректерде Сұраншы батыр мен Сарыбай бидің қазақ елін аман сақтап қалу барысындағы ерлік істері, елдің тұтастығын сақтаудағы амал-шарғылары жан-жақты айтылады. Олардың ерлік істері Сүйінбай мен Жамбылдың дастандарында айқын жазылады. Дастан, толғауларға қоқандықтардың ешкімге соқтықпай, жай жатқан елге өздері келіп шабуылдағаны, басып алу, жаулау саясатының ойластырылғаны негіз болады. Сол кездегі Сұраншы батырдың атамекенді бөтеннің табанына таптатпау жөніндегі бастамасы көптің жігерін жаниды.
Жаудың 20 мың қолына 3 мың қолмен қарсы тұру, әрине, қауіпті еді. Бірақ ата-бабадан қалған жер жаннан қымбат. Өліспей беріспейтіндерін тастай түйінген беталыстарынан байқауға болатын еді. Сол кезде Сұраншының қасындағы ақылдастары да батырды қолдайды. Сонымен, бас қосқан батыр, билер ақылы көпті жау алмайтынын білдіруге бел байлайды.
Сұраншының бұл ерлігі жайлы Жамбыл Жабаев «Сұраншы» деген дастанында:
«Ел жақтамас көп жаудың
Көптігінің себі жоқ,
Оның аты – боркемік
Талмасқа шыдар белі жоқ.
Озып шабар жүйрікке
Ылдыйы мен өрі жоқ.
Батыр туған жігітке
Шабатын жаудың көбі жоқ.
Уайым жауға алғызар
Тұңғыйық болып түбі жоқ.
Осы қолдың несі көп,
Қурап тұрған шірік шөп,
Суырып қылыш ат қойсаң
Қарсы тұрар бірі жоқ.
Қорықпа да, қашпа да,
Текке ұшпасын үрейің,
Қарада тұр топтанып
Жалғыз өзім кірейін.
Мың жау маған бірге есеп,
Мың қарғаға бір кесек,
Кесек болып көрейін.
Қорғасынды мен сақа,
Ұшырамын кенейін.
Жұртым үшін мен құрбан,
Жазасын жаудың берейін» – деп жырлайды.
Сұраншы батыр қоқанның әскері көп екен деп қорықпайды. Батырдың сарбаздары қараңғы түсе қалың жаудың әр жағынан от жағады. Жаудың көзіне олар есепсіз көп қол болып көрінеді. Алдымен жаудың бектер жатқан ордасына шабады. Бұл жөнінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев «Жамбылдың ұстазы ер Сарыбай би Айдосұлы» атты мақаласында: «Жауға шапқан кезде 3 мың қолдың бір бөлігі Алатаудан Қаройға жеткізе от жағады. Бір бөлігі от қарудан оқ жаудырып, орысша керней тарттырып, көнектер мен шелектердің түбін ұрғылап, барабан қақтырады, анда-санда мылтықты құр дәрілеп аттырады. Жауға орыс әскері келіп қалғандай әсер етеді. Бір бүйірден Сұраншы батырдың өзі тиіседі қиқу салып. Қоқандықтарға қарсы соғыс жоспары Сұраншының стратагеммасына сәйкес жүзеге асады. Жаудың шатырда жатқан билері мен бектері, мансаптылары қараңғыны жарып шыққан тарсыл мен гүрсілден, жер қозғалғандай дүбірден, ұран салған айғай мен қиқудан үрейі ұшып, үй ішінде ұйлығады. Киімін тауып киюге, қару-жарағын тауып қолына алуға жарамай қалады. Сұраншы батыр 3 мың қолмен жер қайысқан әскердің тоз-тозын шығарады. Сұраншы батыр мен Сарыбай би қоқандықтардың зорлығы мен қорлығына қарсы аянбай күресті. Сарбаздарын бастап, қоқан бекіністерінің жай-күйін, қоқан әскерінің орналасқан жерін, бас қоспақ болған мақсатын алдын ала біліп, шолғыншылар жіберіп анықтап, оларды қай жерде қалай шабудың амалдары мен тәсілдерін ойлап тапты», – деп жазады.
Сарыбай – өз заманының әділетті биі. Ел басына күн туғанда барын көпке бөліп берген атымтай жомарт азаматы. Туған еліне білім шаңырағын салдырған көреген көсемі. Сарыбай би Айдосұлы – Ұзынағаштан Ташкентке дейінгі аралықтағы қоқан қамалдарын алып, қалың елді ЖАТЖЕРЛІКТЕРДІҢ езгісінен, зорлық-зомбылығынан азат етуге қатысқан ер. Қазақтың ынтымағы мен бірлігіне ерен еңбек сіңірген ел ағасы. Қазақ тарихында өмірін үлгі етерлік тағылымы мол тұлға.
Гүлжан ТҰРСЫН





