Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, биологиялық және басқа да қатерлерге қоса, жер жүзіне жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі.
Қасым-Жомарт Тоқаев,
Қазақстан Республикасының Президенті
(«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан)
Қоғам дамып, технология қарыштап, адамзаттың ой-санасы алға озған сайын өмір сүру жеңілдеудің орнына күрделене түсуі, ұлттық құндылықтардың құлдырауы баршамызды алаңдатарлық жайт. Ашық қоғам, есепсіз еркіндік, ғаламтордың жақсылығымен қатар кері әсері жастар санасын улауда. Онымен қоса «алдың құз, артың жар» дегендей, бүгінгі әлемді алаңдатқан пандемия – мылтықсыз майданның басталып кеткендігін аңғартатындай. Кейде осындай ауыр ойлардан болашағың бұлыңғыр болып көрінеді.
Бүгінгідей аумалы-төкпелі, күнде өзгеріп жатқан заманда, жаһандану аламанында адаспаудың, жұтылып кетпеудің жалғыз жолы – ұлттық құндылықтарды сақтап қалу екені айтпаса да түсінікті. Ата-бабамыздан қалған сансыз байлық – шегі мен шеті көрінбес ұлан-ғайыр дарқан даламыз, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр, үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиеміз, шұрайлы да шырайлы, әуезді тіліміз, иманы берік дініміз бен қуатты діліміз біздің ұлт ретінде тұтастығымызды ұстап тұратын негізгі тірек. Осы орайдағы мақсат – жастардың бойына халқымыздың жақсы қасиеттерін, батырлығы мен батылдығын, отаншылдық пен ұлтжандылығын, тәрбиелілігі мен тектілігін сіңіріп, ойларын өзге арнаға бұрып, бағыттайтын жат қылықтан сақтау.
Жас ұрпақтың бойында елжандылық сезімді, туған өлкесіне, еліне, жеріне деген шексіз махаббатты қалыптастырып өсіру ата- анадан бастап, ұстаздар қауымының, баршамыздың міндетіміз деп білемін. Әрбір қазақтың қанында сайын далаға деген іңкәрлік, сәйгүлікке деген сүйіспеншілік, қыранға деген құмарлық, домбыраға деген әуестік бар. Осы төрт нәрсеге балаларды үйір қылып өсірсек, бүгінгі ұрпақ бойынан жоғалтып алғандай көрінетін қандағы бар қасиетті қайта оятарымыз хақ.
Тәрбие діңі – халықтық педагогикада. Осыны бәріміз мойындасақ та, мектеп бағдарламасында, берер тәлімінде күн тәртібіндегі мәселеге қойып, жете мән беру жағы әлі де ақсап келеді. Ұлттық құндылықтардан гөрі шетелдік тәжірибелерді енгізуге құмармыз. Өзімізге беймәлім жолмен жүреміз деп жастарды да жаңылыстырып жатқанымыз ащы шындық. Оған себеп, өз ұлттық телеөнімдерімізді, тарихи фильмдерімізді шығарудың орнына шетелдік бағдарламалардың көшірмесін жасап, өзге ұлттың ұзын сонар сериалдарын насихаттап, жастардың бойына жат елдің салт-дәстүрін сыналап енгізудеміз. «Бала жас шыбық, қалай исең солай қарап өседі» демекші, жасөспірім жастайынан бойына сіңіргенін ертеңгі өмірінде азық қылады. Ал бүгінде ғаламтор мен теледидар жас буынның тәрбиешісіне айналды. Күндіз-түні смартфонға телмірген жас өскін көргенін қабылдайды. Өйткені, ненің жаман, ненің жақсы екенін байыптап жатқан жоқ. Әлеуметтік желі де әлемге жарқын жол ашып қойды. Ал сол әлемнен жақсыны да, жаманды да қабылдап жатырмыз. Осыны біле тұрсақ та әлемдік үрдістен қалыс қалмау үшін шара қолдануға қауқарсызбыз. Оған қарсы тұрудың жалғыз жолы – ұлттық тәрбиемізді жолға қою, ұрпағымызды ұлтжанды етіп өсіру, еліміз бен жеріміздің, аңсап жеткен тәуелсіздігіміздің басты құндылық екенін жастар жадына сіңіру.
Бұл ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.
Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, ғұн, сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр», – деп жазған болатын. Расында да, түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» бастан кешірген халқымыздың тарихы тым тереңде. Басты байлығымыз – ЖЕР. Халқымыздың жеріне көз алартып, басып алғысы келгендер қаншама?! Жаумен шайқасып, ұлан-ғайыр даланы сақтап қалған ата-бабаларымыздың жанкешті ерлігін жете сезініп, батыр елдің мұрагері екенін мақтан етіп өсуі тиіс бүгінгі ұрпақ. Жас толқын туған тілін төріне оздырып, салт-дәстүрін сақтап, барын бағалай білгенде ғана ата-бабаларымыздың арманы толық орындалды деп айта аламыз.
Биыл еліміз Тәуелсіздіктің отызыншы жылына қадам басты. Осы жылдарда қайта қалыптасқан жас мемлекет қаншама қиындықтан өтсе де тастай берік төзімділіктің, береке-бірліктің арқасында жалпақ әлемге өзін мойындатты. Бүгінде еңсемізді тіктеп, егемен ел атандық. Жаңа астанамыз бой көтерді. Тәуелсіздіктің таңымен қазақ ұлтының тарихы, мәдениеті, тұтас руханияты түгенделе бастады. Экономикалық өрлеуіміздің өзі өзге елдерге өнеге боларлық деңгейге жетті. Елбасы Қазақстан халқының өзіне артқан зор сенімін үлкен абыроймен атқарып шықты. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ел іргесін мығым етіп, тәуелсіздігімізді нығайтуда лайықты қызмет етуде.
Мемлекетіміздің Мәңгілік Ел болуға қадам жасап, Ұлы Далаға айналуы, әлемге танылып, жетістіктерге жетуі – Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Ал оған негіз қалаған – БЕРЕКЕ-БІРЛІК. Көпұлтты мемлекет ұлтаралық келісім мен татулықта өмір сүруде. Осы береке-бірлігімізге сызат түсіріп, тарихымызды аяққа таптағысы келетіндер де табылуда. Туған жердің қадірін білмей аялаудың орнына аямауды жөн көретіндер де бар арамызда. Ондайларға айтар жауабымыз да дайын. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет. Мұның бәрі тәлім-тәрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада. Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс».
Бұл Президентіміздің айтқаны. Ендігі мақсат – жастардың бойындағы отаншылдық сезімді арттырып, керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулу. Туған жер құндылығын сезініп, әрбір өскен талына тамсанып, тауына қарап бой түзеп, дарқан даланың кеңдігін бойына сіңіріп өскен баланың елжанды болып өспеуі мүмкін емес. Осы орайда ата-ана баланы табиғатты, жан-жануарды сүюге баулып, жастайынан еңбекке үйретсе, тарих пәні мұғалімдері оқушыларға туған жеріміздің жауһарлары туралы кеңінен мәлімет беріп, саяхатқа апарып, зерттеуге қызықтыра білсе деген тілек бар. Жалпы мектептің тәлім-тәрбие бағдарламасында осы мәселелер тереңірек қамтылса, болашақта елім-жерім деп елжіреп тұратын, мемлекетіне адал қызмет ететін жас ұрпақтың қатары көп болады деп сенеміз.
Отаншылдықтың бастауында тұрар негізгі тұғыр – ТІЛ. Туған тілін білмеген адам ұлт құндылықтарын да жете сезінбейді. Сондықтан да ұлт болып ұйысуда тіл – басты мәселе. Қазақ халқының сан жылдық рухани мұрасы, асыл қазынасы төл тілінде жатыр. Осы орайда Президентіміздің: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақ- станның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», – деген сөздері өте орынды айтылды.
Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейе түскенімен әлі де мемлекеттік тіл тұғырына қона алмай отырғаны шындық. Оған өзге ұлт өкілінен бұрын орысша оқып, тәрбие алған кейбір қандастарымыздың өз тілінде сөйлемеуі себеп десек болады. Орыс тілінің ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы да бұған қолбайлау. Десек те, жастарымыз ақын Қадыр Мырза-Әлінің: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген өсиет сөзін бүгінгі күні де өнеге етіп берік ұстанып, тіліміздің мәртебесін түсірмеуі тиіс.
Қазақ тілі бүкіл халықты біріктіруші факторға айналуы қажет. Үкімет те оған жағдай жасауы керек. Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің де атқаратын рөлі зор. Осы орайда Мемлекет басшысының қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алу туралы бастама көтергені де құптарлық жайт.
«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс», – деді Президент.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының да: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөзінің бүгінгі күні де маңызы артпаса еш кеміген жоқ. Ендеше, жастарды алға жетейтін ұлы күш – ақыл, білім, ұлттығымызды сақтайтын халықтық тәлім-тәрбие, дәстүріміз екенін ұмытпау, тілімізді тұғырлы етіп, еліміз бен жерімізді қорғау, ұрпағымызды ұлағатты етіп өсіру сіз бен бізге сын, ағайын!
Алма ЕСЕНБАЙ





