Оның ежелден өлең сөзге, әуезді сазды сырға жүрегі еріп, ниеті ауып тұрады. Олай болатын жөні бар. Көпшілігіміз сияқты ол да бесік жырымен уанды. Ана тілінің, ана сезімінің қасиетін сол ана әлдиімен бойына сіңірді. Ал басқамыздан ерекшелігі – айтулы ақын әкесі Еркін Ібітанов өлеңдерімен бірге өсті. Әкесіне сәлем бере келетін ақиық ақындарды көріп өсті. Қарасаздан қанат қаққан Мұқағали Мақатаевтан бастап, жазғандары жұрт көкейіндегі Төлеген, Жұмекен, Жұматай ақындардың жауһар жырларымен сусындады. Сондықтан да біздің әңгімемізге арқау болып отырған Ерлан Ібітановтың сезімін, құпия сырларын, ой-толғамдарын жыр әуенімен жеткізуге ертерек ден қойғаны анық. Дегенмен, әке сынынан өте ала ма, ақын достарының таразы көңіліне тартылғанда бәсі төмен түсіп қала ма деген күдікпен көп жылдар бойы жазғандарын көпшіліктің көзінен көлегейлеп ұстады. Кейіннен әлеуметтік желіге салған сезімнен туған, сағынышпен өрнектелген, намыстан ширатылған өлең өрімдері желі қолданушылардың қызығушылығын туғызған соң ілгері-кейінгі жазбаларын жинақтады да бір ізге тү- сірді. Нәтижесінде 33 баспа табақтан тұратын көлемді жыр жинағы Абылайхан атындағы Қазақтың халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің «Полилингва» баспасынан «Жебе» деген атаумен оқырманына жол тартты.
Ерлан екеуміздің танысып-білісуі- мізге себепкер қазақтың көрнекті де ерке ақыны Еркін Ібітанов болатын. Еркін ағамен дара Мұқағалидың туған жері Қарасазда өтетін жыр кештерінде танысып, табысып, облыс орталығындағы басқосуларда әңгімеміз жарасып жүретін-ді. Сондай бір жылы жүздесулерден соң көкейімдегі сан сауалыма толыққанды жауапты ақын өлеңдерінен таптым. Көп ұзамай «Ерте сездім өлеңнің отты лебін» атты сыр-сұхбатым «Жетісу» газетінде жарияланды. «Формасы ерекше екен» деді ақын ағамыз кезекті бір жолыққанда. Сыр-сұхбатымда сұрағыма жауапты ақын жырларынан сараладым. Мәселен, менің «Ақын боп ғұмыр кешудің ғажабы үстем бе, әлде азабы көп пе?» деген сауалыма Еркін ақын:
– Ақындық – аспан-көктен атылған үн,
Өлең атты азапқа жақындар кім?!
Дәйекті дәріс беріп дайындайтын,
Арнаулы мектебі жоқ ақындардың.
Сарылып көзің талып, денең қажып,
Іздейтін ғылым да емес терең қазып.
Тәңір Алла шыңғыртып әкеледі,
Маңдайына бір шумақ өлең жазып, – деп жауап береді.
Бірде Еркін ағамыздың ұлы Ерлан телефон арқылы хабарласты. Әкесінің шығармашылығына деген шынайыықыласыма ризашылығын білдірді. ҚазМҰУ-ді бізден екі жыл кейін бітіріпті. Ортақ таныстарымыз бар, әрине. Сол жылдардағы қызметі – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы.
Араға көп уақыт салмай Сарқанда дидарластық. Шығыс Қазақстан облысына іссапармен бара жатып, арнайы бізге ат басын бұрған екен. Сол жолы ақынжанды полковникпен емін-еркін пікірлесуге мүмкіндік туды. Танымал ақындардың өлеңдерін жүрегімен беріліп мөлдіретіп оқиды. Жанындағы серігі Қанатбек Сол- танов та өнер дарыған азамат. Шырқау дауысымен ол орындаған халық әндері жанымызды тебірентті.
Содан бастап Ерланмен достық рәуіштегі хабар-ошарымыз үзілген жоқ. Бір-біріміздің жемісті сәттерімізге бір- ге қуандық. Әлеуметтік желідегі жазбаларымен жете таныспыз. Сондықтан «Жебе» қолымызға тигенде Ерланның жанға жайлы шуақты лирикаларын қайтадан саралап шығуға асықтық. Кітаптың алғашқы бетіне «Осы тырнақалды туындымды қазақтың біртуар ақыны әкемнің рухына арнаймын», – деп жазған автор әкесінің өзіне арнаған жүрекжарды жырынан үзінді ұсынады:
Ұлым, Ұлым!
Немді аяйын мен сенен,
Мен риза саған бола сөнсе дем.
Саған бола ауырлықты атқарып,
Саған бола қиындықты еңсерем.
Өзің үшін жауап берем сондықтан,
Бақытыңның салмағымен өлшенем.
Бұл өмір өткелегінен өткен әкенің ұрпағына ақтарған жан сыры, аманаты. Задында ата-ана балалары бақытты болса ғана өздерін алаңсыз сезінеді. «Сен үшін демім үзілсе де, өмірден өтсем де риза- мын» дейді ұрпағы үшін елжіреген әке жүрегі. Біз білетін Еркін ақынның бұл тақырыптағы өлеңдерінің бәрі де жасандылықтан ада.
Әкесінің перзенттеріне арнаған жыр- ларындағы аяулы сезім Ерлан ақынның балаларына деген жүрек лүпілінде заңды жалғасын табады. Енді бір сәт осынау сабақтастықты сезіну мақсатында «Ақбөпемді ұзату» өлеңін патша көңілдері- ңіздің таразысына салайық:
Атып келе жатқан соң жаңа таңың,
Жаңа күнің жайса екен алақанын.
Жау қолына амалсыз ұзатылып,
Бара жатқан жоқсың сен, балапаным.
Табылған соң өмірде сыңар құсың,
Қанат қақпай қайтейін, тұрармысың.
Ақ уызын анаңның ақтау үшін,
Ұшып шықтың ұядан ұлар құсым.
Барған жерің сұрамас бабаң жайлы,
Барған жерің сұрамас анаң жайлы.
Көз бір айна болғанда, сөз бір айна,
Содан біліп қояр жұрт тамам жайды.
Қазанында қайнарсың қандай үйдің,
Қабағына қарарсың қандай ұлдың?
Оның бәрін жауқазын тектес қызым,
Жазуынан көрерсің маңдайыңның.
Бұл әкеңде тілек көп Хақтан сұрар,
Дос пенен қас қара мен ақтан сұрар.
«Ақбөпе» деп атыңды атаң қойған,
Ақ батасын ол да оңдап жатқан шығар.
Әжең отыр көзінде сұрақ тұнып,
Әрбір айтқан ақ сөзге құлақ түріп.
Күйеу жақтан көрінген көшке қарап,
Бата жасар сәлден соң жылап тұрып.
Өзіңе арнап мен де бір гүл әкелдім,
Сол гүлге орап осындай жыр әкелдім.
Бұл өмірдің заңына бағынбастай,
Не бар дейсің қолында бұл Әкеңнің!
Мұндай төрт құбыласы кемел туындыға ешкімнің де еріксіз сын айта алмасы аян. Даланың жұпар самалы, жалбызы мен жусан иісі аңқыған табиғи әрі әуенді де сазды өлеңді өзің жазғандай ұядан ұшқан балаңа деген қимастық сезіміңе орап оқымасыңа болмайды.
Ерлан ақынның «Жебе» кітабындағы өлеңдерін тегіс қамтып, тұтас жонып, жинақтап салмақтағанда көзге түсетін ерекшелік – автордың форма мәселесіндегі еркіндігі, түр ізденістеріне жиі бАратындығы. Ежелгі толғау үлгілері, әлем әдебиетіндегі еркін өлең кестелері ақынға ықпал жасағандығын аңғару қиынға түспейді. Ібітанов лирикасында сезім басты орынға шығып, ой түйдек-түйдек төгіліп, құйыла түседі.
Сылдыраған сылдыр бұлақ есімде,
Шық сезіммен оянатын таңымда.
Күмбірлеген күмбір күйлі түсімде,
Шертілетін тәтті әуендер бағымда, – деп өң мен түстің арасындағы шығармашыл жанның тылсым да жұмбақ күйінен сыр аңғартады.
Тау көлінің мөлдіріндей тұнықсың,
Сенен басқа мұң жанымды кім ұқсын?!
Сезімдердің тоспасында тоғысқан,
Жанарыңнан іздеп жүрмін бір ұшқын, – деп сезіміңді селт еткізіп, жаныңа шуақ сыйлайды.
«Жебе» – шынтуайтына келгенде, Ерлан Еркінұлының жылдар бойғы жинақталған жемісі, арман-мұңы. Алғашқы бөліміне өмір мен өлең хақындағы жырлары, екінші бөліміне туған жер та- қырыбындағы өлеңдері топтастырылған палуан кітаптың келесі бөлімдеріне жастық шақ, махаббат, сағыныш сынды көңіл-күй сезімдері арқау болыпты. Адам үшін мәңгілік категориялар – тазалығымен, тектілігімен, пәктігімен бағаланатын сезім, сұлулық, табиғат тамашасы бұл топтамалардағы туындының бәсін арттыра түседі. Жыр жинағының соңғы тарауында қаламдас, қарулас достарының, шәкірттерінің бір үзік сырларына орын табылуы автордың бізге мәлім әрі беймәлім қырларын тани түсуімізге бағыт сілтейді.
Кітапты ден қойып оқыған адам Ерлан өлеңдеріндегі мұң теңізінің тұңғиығына еріксіз үңіледі де жүрегі жылы, жаны нәзік ақын сырларына терең бойлай түседі. «Қай жерлерде үзілді сол бір әуен?.. Бір салқындық еседі күрең күзден… Арманың аласарды ақ таңдарда… Енді көктем болмайды Тұман үшін» деп мұң арқалап тұрған жыр жолдары туған ағасы Тұманнан айырылғандағы шерлі көкіректен шыққан азалы жоқтаудың сілемдері ғана. Өкініш пен күдікке толы бір кем дүниеде, бес күн жалғанда төрт құбыласы түгел кім бар дейсіз?..
Кітапта кемшілік бар ма? Әрине, Ерланның барлық өлеңі бірдей «іші алтын, сырты күміс», кіл жібекпен зерленген кестелі орамалдай десек, ешкімді сендіре алмаспыз. Көңіл-күй әуенімен асығыс қағазға түскен бір қайнауы ішіндегі өлеңдерді, арнауларды көңілшектікпен жинаққа енгізе салғаны көрініп тұр. Кейде тіпті ескерткіштердің тұғырына табиғи қалпында қойыла салатын жақпар тастай қашалмай, жонылмай, қырналмай пайдаланылған буынға бағынбаған тармақтарды «тәрбиелеу» редактор тарапынан ескерілуі тиіс еді.
Иә, өлең кітабы өмірге қанат қақты. Әркімнің талғам таразысы, әрине, әртүрлі. Дегенмен көкейден шыққан көркем ой – сезімі саналы адамды тебірентпей қоймасы мәлім. Ерлан ұлы ақындардың мұрасын шыраққа балап, жадына тоқып, жатқа оқумен қатар өзінің әуезді жырларымен айналасына шуақ сеуіп келеді. Біз үшін ақынның ақындығын айту – парыз.
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі





