Жетісу жері қазақ халқының дәстүрлі ән, күй, жыршылық өнерінен кенде емес. Жетісу мектебін қалыптастырушы Қабылиса, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Бақтыбай, Кенен, Үмбетәлі сынды дүлдүл жырдың дарабоздары шыққан бұл өңірде, әсіресе, жыршылық өнердің шоқтығы биік тұруы тиіс.
Осыдан бір ай бұрын Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы облыстық білім басқармасымен бірлесе Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауға бағытталған «Жыр – жауһар» атты облыстық жас жыршылар байқауын жариялаған болатын.
Байқауға әр аудан, қаладан мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектеп, лицей, гимназиялардың оқушыларына қатысуға мүмкіндік берілді. Үміткерлердің санына шектеу қойылған жоқ. Екі кезеңді қамтыған жыр додасына барлығы 176 үміткер өтініш білдіріп, оза шапқан 21 жас жыршы екінші кезеңге жолдама алды.
Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында сайыстың ақтық кезеңі өтті. Үміткерлер І кезеңде Алпамыс, Орақты, Қобыланды батыр жырының бірінен үзінді орындаған бейнеүзінділерін жолдаса, жеңімпаздар ІІ кезеңде сахна төрінде өнер көрсетті.
– Жас өспірімдердің сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр жанрын, қазақ халқының батырлық эпостық жырларын насихаттау, сондай-ақ, дарынды балаларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынған бұл байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді, – деді басқарма басшысы Болат Керімбек.
Байқауға қазылық еткен облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры С.Сарыбай, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжі дәстүрлі ән бөлімінің меңгерушісі С.Есенгелдинова, журналист, Мәдениет саласының үздігі Н.Дүтбаева сынды қазылар алқасы байқауда жырды жатқа айтумен қоса, сахна мәдениетіне баса назар аударылғандығын айтты.
— Балалар байқауға дайындаламыз деп Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастандарына дейін жаттап келіпті. Бірақ, бір әттеген-айы, жетісулық жыршыларды дәріптеу жағы кемшін болды. Мәселен, бұл байқауда Қалқаның «Дана қыз», «Тұрлымбет туралы аңыз» дастарын ести алған жоқпыз. Жыр – қазақ өнерінің асыл қазынасы. Жетісу жыр мектебі өлмес үшін осындай тағылымды байқау ұйымдастырып отырған Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына алғыс айтамын, – деді қазылар алқасының төрағасы С.Сарыбай.
Сайыста шашасына шаң жұқтырмай, оза шауып, залда отырған көрермен көзайымына айналып үлгерген райымбектік жас өнерпаз Ақжол Мүсілім жүлделі І орынды қаңжығасына байлады.
Батырлар жырын нақышына келтіріп, жыршылар мақамымен екпіндетіп, төгілте жырлаған талғарлық Жақыпбек Олжас пен Райымбек ауданынан келген Ерасыл Мүсілім жүлделі II орынға ие болды. Ал Талдықорған қаласындағы №25 орта мектептің 7-сынып оқушысы Айша Сейітжаппар мен Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Ақтаң Сержанұлы III орыннан көрінді.
Жауһар жырды жатқа айтқан барлық жас жыршыларға басқарманың Алғыс хаты мен ақшалай сыйлықтар берілді. Таңды таңға ұрып, түнді түнге жалғап, қисса-дастандарды жатқа айтатын кешегі жыршы-жыраулардың бүгінгі кішкентай ізбасарлары ескіден жеткен есті сөздің салмағын сездіріп, жақұт жырдың мәңгі тозбайтындығын дәлелдеді.
Әйгерім ИЕБЕКОВА
Алматы облысы





