Қазақ тарихында ел мен жер үшін жортуылды күн өткеріп, аттың үстінде күнқақты ғұмыр кешкен баһадүр бабаларымыздың есімі ерекше бедерленген. Солардың қатарында Сарыбай би Айдосұлының есімі айрықша аталады. Екі ғасыр бұрын от жүрегін тулатып өмірге келген Сарыбай би өзі шешен һәм ділмар, батыр, қолбасшы болған адам. Биыл аңыз тұлғаның туғанына 200 жыл толып отыр.
Саурық батырдың үзеңгілес досы болып, жыр алыбы Жамбылға ұлағатты жол нұсқаған Сарыбай бидің 200 жылдығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Тарихи тұлғаға арналған конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев ашып, жүргізіп отырды. Ол тамырлы тарихқа ден қойылып, таңбалы шежіремізге көңіл аударылған тұста 200 жылдығы аталып өтіп отырған Сарыбай би Айдосұлының өз заманында атқарған ұлы істеріне, ел мен жердің игілігі үшін жасаған ерен еңбегі мен ерлігіне аз-кем тоқталып, ғылыми конференцияға қатысып отырған зиялы қауым өкілдерін таныстырып өтті. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың құттықтау хатын оқыды.
Қазақ поэзиясының құбылысы ретінде әдебиетке еніп, ақындығымен әлемге танылған Олжас Сүлейменовтің құттықтау хаты оқылды. Арда ақын Олжас Омарұлы өзінің жазбасында ұлы тұлғаның асқақ тұрпатын, рухани болмысын тереңнен қаузап, ел мен жер үшін маңдай терін шүмектеткен дала ділмарының шешендігі мен шеберлігін, өрлігі мен ерлігін таразылапты.
Жетісудың төбе биі болып талай келелі мәселенің кесімін айтқан, Ұлы дала заңы бойынша өңір билігінің қос тізгінін қолында ұстаған би бабаның мерейтойына арналған конференцияның алғашқы баяндамасын тарих ғылымдарының докторы, академик, белгілі тарихшы Хангелді Әбжанов жасады. Ол ел билігінде би, батыр, қолбасшылығымен тұғыр сайлаған тұлғаның өрелі істеріне тоқталды. Хандық кезеңнің соңғы дәуірінде ел үшін жортуылды күн өткерген кешегі Кенесарымен, Наурызбайлармен терезесі тең болған, Қырғыз, Қоқан һәм Ресей билігімен жақсы қарым-қатынас жасасып, жұртының мұрадым-мұраты жолында саналы ғұмырын өткерген тұлғаның асқақ тұрпатын айшықтады.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті профессоры, тарихшы Талас Омарбеков, әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайыри, белгілі әдебиетші, жазушы Нұрдәулет Ақыш секілді зиялылар сөз алып, көрші мемлекет билеушілерімен келісім жасасып, исі қазақтың қамын ойлап, ұлы сөз өнеріне де өзінің шешендік байламдарын түзген тұлғаның рухани болмысын, айшықты ісін, тауарихқа басылған бедерлі ізін жан-жақтылы баяндады.
Ұлыс пен ұлттың, жұрт пен жұрағаттың барақатты ғұмыры үшін жастайынан барын-нарын берген тұлғаның Сүйінбай Аронұлы сынды ұлылармен де етене араласқаны көзі қарақты жандарға белгілі. Жыр сүлейлерінің, дала ділмарларының сарабдал жолын даңғылға айналдырып, саясат пен өнерді құстың қос қанатындай тең ұстаған Сарыбай би Айдосұлының атқарған ұлы істері жетерлік. Алмағайып заманда елінің тізгінді-тірлігінің төрешісі болғаны, қамшылы-қайғысының сейілтушісі ретінде асқақ болмысын сан рет көрсеткені тауанды тарихта мөрленіп қалғаны бар. Қызыл жолбарысы киесі болған Жамбыл Жабаевтың да ақын өнеріне, асыл талантына ақ бата беріп, алыптың алғашқы қадамына «тәңір жарылқасын» тілегін арнаған Сарыбай бидің сайын сахарадағы беделі мен бектігі, тектілігі мен төрелігі таңбаланып, ұрпақ оқыр ұлы мұраға айналып келеді. Осы ретте конференцияға қатысушылардың ұсыныс-тілектерінің де жүлгесі бабаның биік тұрқын танытар дүниелерді көбірек зерттеп-зерделеумен жүзеге асатыны, ол үшін дала ділмарының басқан ізіне көбірек мән беру керектігі туралы болды.
Жиын соңында зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, тарихшылар мен әдебиетшілер республикалық конференция ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
АРДА БИ





