Алматы облысында қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай бірқатар игі шаралар өтті. Өнерімен ұлт рухын асқақтатқан сазгердің құрметіне туған жері – Іле ауданында еңселі ескерткіш орнатылып, жаңа Мәдениет үйінің есігі айқара ашылды.
Салтанатты жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ, композитордың қызы Дінзухра Тілендиева және бірқатар қоғам қайраткерлері қатысты. Қонақтар халық жадында мәңгі сақталған тұлғаның өнеріне тағзым етіп, ұлттық мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесі туралы жүрекжарды пікірін білдірді.
Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев:
– Бұл – келер ұрпақ үшін өнегелі іс. Ағамыздың мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтуде. Қазақ бар жерде Нұрғиса бар, күй бар жерде ол ешқашан өлмейді. Ұлттың ұлы тұлғасы мәңгі жасай береді, – деді.
Жаңадан ашылған 400 орынды Мәдениет үйі – өңірдің мәдени өміріне тың серпін беретін, заман талабына сай салынған ғимарат. Онда көрме залдары, шығармашылық үйірмелер мен сахнасы бар. Тұсаукесер рәсімінен кейін қонақтар көрме залдарын аралап, Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлермен танысты.

Әрі қарай жиын даңқты дирижердің шығармаларына арналған концертпен жалғасты. Ән мен күйге толы мерекелік кеште өнерпаздар Нұрғисаның мәңгі өлмес туындыларын орындап, тыңдарман жүрегін толқытты.
Айта кетейік, күй құдіретін асқақтатқан ұлы тұлғаның мүсінін белгілі мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұханбетов сомдаған. Шеберлікпен сомдалған бұл туынды ел жадында дәулескер күйшінің мәңгілік бейнесін жаңғыртқандай әсер қалдырды.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған бұл шара – тек еске алу рәсімі емес, ұлттық өнер мен мәдениеттің мәңгілігін дәлелдеген рухани мереке болды. Солардың тағы бір дәлелі – айтыс. Ақындар мен батырлар елі атанған Жамбыл ауданында ұлт руханиятының ұлы композиторына арналған «Ұлы Даланың Нұрғисасы» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Бұл – дүйім жұрт күткен, сағынышпен қарсы алған мерекелік шара.
Айтыс аламанына еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден келген 12 ақын қатысып, көрерменнің көңілін серпілткен жыр сайысы жоғары деңгейде басталды. Қасиетті өнерді аңсаған халық сахнаға шыққан әрбір ақынның отты жырын, өрелі ойын, тапқырлығын ыстық ықыласпен қабылдады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан:
– Бұл – халықаралық деңгейдегі сөз сайысы, халықтың сағына күткен айтысы. Бұл өңір Сүйінбай мен Жамбылдың елі. Қазақ айтысының туы биік желбіреген қасиетті жерде Нұрғиса атамыздың құрметіне осындай аламан айтыс өткізу заңды әрі мерейлі іс, – деді.
Ақындар өз жырларында сазгердің халқына сіңірген еңбегін, ұлттық руханияттағы орнын, мәңгілікке қалдырған мұрасын дәріптеді. Сонымен қатар, ел бірлігі, тәуелсіздік, ұлттық құндылықтар мен жастар тәрбиесі сынды маңызды тақырыптарды қозғап, тыңдарманды тебірентті.
Айтысқа қазылық еткен алқаның төрағасы – айтыс өнерінің абызы Жүрсін Ерман бастаған қазылар тартысты додаға төрелік жасады.
Айтыс аламанында III орын Жетісу облысының ақыны Ұларбек Минатқанға бұйырса, II орын Павлодар өңірінің жүйрігі Аспанбек Шұғатайдың оң жамбасынан келді. Жүлделі I орынды Қырғызстаннан келген Нұрсұлтан Малдыбаев қанжығалады. Ал бас жүлдені Қызылорда облысының ақыны Мейірбек Сұлтанхан ұтып, автокөлік тізгініне ие болды.
Бас жүлде иегері Мейірбек Сұлтанхан айтыс соңында өз әсерімен бөлісіп:
– Бұл айтыстың ауқымы кең, тақырыптық мазмұны терең. Арасында алуан жүйрік бар, топ жарып шығу оңай болған жоқ. Ең бастысы – осындай ұлттық өнердің мерекесін ұйымдастырған ел азаматтарына алғыс айтамын, – деді.
«Ұлы Даланың Нұрғисасы» атты халықаралық айтыс тек жыр додасы емес, рухани сабақтастықтың, ұлттық өнердің мәңгілік екенінің дәлелі.
Ал мерейтойдың екінші күні жиналған жұрт Ұлы Дала перзентінің рухына тағзым етіп, есімін ұлықтауға арналған шараның алғашқы сәтінде дала дарынының рухына Құран бағыштады.
Мерейтойдың негізгі бөлімі Көкбастау атшабарында жалғасын тапты. Бәйге алаңы халыққа лық толып, сән-салтанатқа бөленді. Сахна төрінде еліміздің өнер майталмандары мен Нұрғиса Тілендиевтің ізін жалғаған шәкірттері жиналды. «Отырар сазы» оркестрі дәулескер күйшінің «Ата толғауы» күйін орындап, шараның шымылдығын түрді.
Мерейтойда сөз алған ұлы тұлғаның қызы Дінзухра Тілендиева әке мұрасына деген құрметтің халық жүрегінде мәңгі сақталып келе жатқанын тебірене жеткізіп:
– Біз бұл мерейтойға ерекше дайындалдық. Бұл – тек біздің әулетіміздің емес, күллі қазақ халқының ортақ қуанышы. Әкеміздің мұрасы ұлттың рухани байлығы, – деді.
Осы орайда айта кетерлігі, торқалы тойдың дүбірі мен думанына бөленген жұрттың арасында көзге ерекше көрініс түсті. Көкбастау атшабарына жетер жолда, шағын ғана бұрышта тігілген ақ шатырдың астында ел назарын бір сәтке өзіне аударған көрме қойылыпты. Бұл – Азамат Мұратов есімді жігіттің әкесі мен ұлы композиторға арналған шағын фотокөрмесі екен.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған экспозицияның басты жәдігері – «Сұлтан» атты домбыра. Бұл домбыраны кезінде Нұрғиса Тілендиевке жырау Жамбыл Жабаевтың өзі арнайы табыстаған екен. Ал композитор кейіннен шәкірті Мұрат Көдекбаевқа сыйға тартқан көрінеді. Азаматтың айтуынша, әкесі Нұрғисаның көзін көріп, өнерін бойына сіңірген талантты шәкірттердің бірі болған.
Сол сәтте ел думан қызығына беріліп жатқанымен осы бір қарапайым шатыр ішіндегі көрініс ұлы дәстүрдің, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани сабақтастықтың айғағындай әсер қалдырды.
Салтанатты жиын ән мен күйге ұласып, әрі қарай ұлттық ойындармен әрленді. Балуандар белдесіп, жүйріктер жарыс жолына шықты.
Батаоқыр бәйгеге жиналған халық тақым қысып, делебесін қоздырды. 40-қа жуық құнан қатысқан 11 шақырымдық Құнан бәйгеде Жамбыл облысының «Бойтұмар» атты тұлпары топ жарса, 17 шақырымдық топ бәйгеде 42 арғымақтың арасынан Абай облысынан келген «Қалқаман» алдына қара салдырмады. Ал аламан бәйгеде 27 шақырымды шаң қаптырған Жетісу өңірінің «Жұмыртұяқ» жүйрігі мәреге бірінші болып жетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Топ жарып келген шабандоздарға автокөлік кілттері табысталып, өзге қатысушылар да ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





