Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында жарты ғасырлық тарихы бар, қазақтың талантты ақыны, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің есімін иеленген Жетісу университетінде студенттермен кездесті. Басқосуға университет пен колледж студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер қатысты.
Жастармен жүздесу оқу ордасының фойесіне қойылған студенттердің жеткен жетістіктерінен құрылған көрмені аралаудан басталды. Білімгерлермен ашық диалог құрған Бейбіт Өксікбай-ұлы жастардың білімді, талапты, тәрбиелі болып қалыптасуына негіз болатын 5 тақырып бойынша рухани құндылықтарға толы әңгіме өрбітті. Тарихты тану мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінің мәнін, Ұлы ойшыл әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатынан басталатын «Бақытты қаланың тұрғындары» және қоғам мәдениеті» тақырыбында, әділдік, білім мен адамгершілік қасиеттер турасында ой бөлісті. Сонымен қатар, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімін, қарапайымдылыққа, сабырлылыққа, қанағатқа және ішкі мәдениетке тәрбиелейтін Қожа Ахмет Яссауи ілімін кеңінен тарқатып, ақпаратты сүзгіден өткізу қажеттігін түсіндірді.
– Мұнда болашақ дәрігерлер, инженерлер, ұстаздар, IT мамандар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар және жас қоғам көшбасшылары отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар – еліміздің стратегиялық ресурсы» деген болатын. Расында, XXI ғасырда мемлекеттің қуаты тек жер көлемімен немесе табиғи байлығымен өлшенбейді. Елдің басты күші – адам капиталы. Жас буынның алдында мүмкіндік те, таңдау да мол. Білім ала ма, әлде уақытты бос өткізе ме, өзін дамыта ма немесе әр нәрсеге тәуелділікке бой алдыра ма, еңбек ете ме яки жеңіл жол іздей ме – мұның бәрі ертеңгі өмірге әсер етеді. Осы орайда қоғам мәдениеті, білім, руханият, азаматтық сана және ақпараттық, құқықтық мәдениет тақырыптарында ой бөліскім келеді, – дей келе әр тақырыпқа жеке-жеке тоқталып, тағылымды әңгіме айтты.
Сол сияқты облыста жастар тәрбиесіне қатысты қолға алынған менторлық жоба, волонтерлік бастамаларды қолдау шаралары жайлы да сөз болды.
Еркін форматта өткен кездесу барысында аймақ басшысы жастардың жүрек қылын қозғап, білімге деген құлшынысына дем сыйлады. Білімгерлер де түрлі сауал қойып, көмейде іркілген көптеген тақырып талқыланды.
Жиын соңында Бейбіт Исабаев:
– Жетісу – мүмкіндігі өте үлкен аймақ. Алдағы жылдары туризм, агроөнеркәсіп, цифрландыру, креативті индустрия, кәсіпкерлік бағыттары қарқынды дамиды. Сол салаларды дамытатын – бүгінгі жастар. Бәлкім, дәл осы залда отырғандардан болашақ үлкен кәсіпкер, мықты ғалым, халық- аралық деңгейдегі IT маманы, қоғамға өзгеріс әкелетін тұлға шығар? Мен бүгін сіздердің белсенділіктеріңізге қуандым. Сұрақтарыңыз да жақсы. Бұл – ойланатын жастардың белгісі. Осындай кездесулердің ең үлкен пайдасы – ашық диалог. Ал ашық сөйлесу сенім қалыптастырады. Сондықтан алдағы уақытта да белсенді болыңыздар, идея ұсыныңыздар, қоғам өміріне араласыңыздар. Жастардың дауысы маңызды. Бірақ ең маңыздысы – сол дауыстың артында білім мен жауапкершілік болуы керек, – деп ізгі тілек білдірді.





