Қазіргі таңда құрылыс саласының қарқынды дамуына байланысты пластиктен жасалатын есік-терезелерге сұраныс жыл сайын артып келеді.
Тұрғын үйлер мен түрлі ғимаратта кең қолданылатын бұл өнімдер сапасы мен ұзаққа төзімділігінің арқасында ерекше бағаланады. Сол себепті пластиктен есік-терезе жасау кәсібі табысты салалардың біріне айналып отыр. Бұл кәсіпті бастау үшін арнайы құрал-жабдықтар мен сапалы материал және тәжірибелі маман қажет. Бүгінде осындай істі қолға алып, ауылдықтардың тапсырысымен өнім өндіріп отырған Саян Ақыпбеков Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылында тұрады.
Табиғаты әсем елді мекенде туып-өсіп, еңбекпен есейген кәсіпкердің қолға алған ісін көру үшін арнайы бардық. Байқағанымыздай, заманауи үлгіде бой көтерген жаңа үй аула көркін келтіріп тұр. Үй маңындағы шағын цех үздіксіз жұмысқа кіріскен. Онда халыққа қажетті пластик есік-терезелер жасалуда. Кәсіпкердің айтуынша, бұл істі бастауына өз басынан өткен жағдай себеп болған.
Жаңа баспана тұрғызу кезінде сапалы әрі қолжетімді пластик есік-терезе табу қиынға соққан. Оның үстіне, ауыл тұрғындарына керек дүниені алу үшін аудан орталығына немесе қалаға қатынауға тура келіпті. Бұл мәселені көрген Саян ауыл ішінде-ақ осындай қызмет көрсетуді ойлайды. Сөйтіп, кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грантты иеленіп, қаражатқа өндіріс орнына қажет құрал-жабдықтар сатып алады. Бүгінде кәсібін дөңгелеткеніне бір жылдың жүзі болған.
– Үй тұрғызу кезінде пластик есік-терезелерге сұраныстың жоғары екенін байқадым. Өйткені, мұндай заттан дайындалған бұйымдар жылуды жақсы сақтап, сыртқы шуды азайтады. Сонымен бірге тот баспайды, күтімі жеңіл әрі ұзақ жыл қызмет етеді. Осы артықшылықтары халықтың сеніміне ие болуда, – дейді Саян Ақыпбеков.
Бүгінде шағын цехта ауыл тұрғындарының тапсырысымен түрлі үлгідегі пластик терезелер мен есіктер дайындалады. Тапсырыс берушілердің талабына сай өнім жасалып, сапаға ерекше мән беріледі. Ең бастысы – тұрғындар алысқа бармай-ақ қажетті дүниесін өз ауылынан табуға мүмкіндік алып отыр.
Кәсіптің көзін тапқан Саян Ақыпбеков – алты баланың әкесі. Көпбалалы отбасының отағасы бүгінде табыс табуды ғана емес, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасауды да басты мақсат санайды.Алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, есік-терезені алюминийден жасауды, қосымша жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Мамандардың сөзінше, құрылыс саласы жыл сайын даму үстінде. Осыған байланысты пластик есік-терезеге сұраныс алдағы уақытта да төмендемейді. Сондықтан бұл кәсіп тұрақты табыс әкелетін болашағы бар бағыттардың бірі саналады. Ауылда еңбек етіп, ел игілігіне қызмет етіп жүрген осындай азаматтардың ісі көпке үлгі екені сөзсіз.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





