Қапал ауылдық Мәдениет үйінде облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында «Біржан мен Сара айтысы ұлттық өнердің айнасы» атты облыстық жас ақындар айтысының шешуші кезеңі өтті.
Бұл жолғы айтыстың мәні де бөлек. Себебі биыл Біржан сал мен Сара ақынның әйгілі сөз сайысына 155 жыл толып отыр. Тарихы терең осы мерейтойға орай ұйымдастырылған дода жас буынның айтыс өнеріне деген ықыласын оятып қана қоймай, Жетісудың жыр дәстүрін жаңғыртуды мақсат етті.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыр дүлдүлі Айтақын Бұлғақов жүргізді. Ол сахнаға шығарған оқушыларға елдің назары ауып, таныстырған жас ақындардың талпынысы аңғарылды.
Шара барысында сөз алған Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Амандос Сарыбаев жас өнерпаздарға сәттілік тілеп:
– Бүгінгі жас ақындар айтысының тәрбиелік мәні ерекше деп білемін. Әр өңірден келген жастардың Қапалда бас қосуы біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін осы жерде домбыраның үні күмбірлеп, сырлы жырлар көрермен жүрегіне жол тартуы бұл ұлттық өнеріміздің өз жалғасын тауып келе жатқанының айқын көрінісі. Осы орайда жас таланттарға қолдау көрсетіп, ұлттық өнердің қарыштауына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен жас айтыскерлер жұпқа бөлініп, сөз сайысына түсті. Олардың тапқырлығы, шешендігі, ой ұшқырлығы мен импровизациялық қабілеті таразыға түсті. Бірі ұтымды уәжімен көзге түссе, енді бірі көркем теңеуімен, үшіншісі домбыра мен сөзді шебер сабақтастыра білуімен дараланды.
Қазылар алқасының мүшесі, ақын Жангелді Немеребай:
– Жетісу облысы құрылғаннан бері алғаш рет балалар арасында айтыс өтіп отыр. Байқап отырмыз, жастардың аяқ алысы жаман емес. Біраз жыл болды оқушылардың айтысы өтпей кеткен. Қазір жақсы айтыскерлер шығып келе жатқанын көрдік. Осы сияқты айтыстарды әртүрлі тақырыпта өткізіп тұрсақ, Жетісу жерінде айтыскерлер көбейеді деген үміттеміз, – дейді ол.
Шын мәнінде өнердің өміршеңдігі оның сахнада қанша рет орындалғанымен ғана өлшенбейді. Оны жалғастыратын буын бар ма деген сауал маңызды. Осы тұрғыдан келгенде Қапалдағы балалар айтысының орны айрықша. Өйткені бүгінгі жас ақынның қолындағы домбыра ертеңгі үлкен сахнаның бастауына айналуы мүмкін.
Ұлттық өнерді ұлықтаған додада оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеті мен ізденісін танытты. Нәтижесінде бірқатар өнерпазға арнайы сыйлықтар табысталып, түрлі номинация берілді.
Бас жүлдені Жаркент қаласындағы Дәнеш Рақышев атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Мейрамбек Болатхан жеңіп алды. I орын Талдықорған қаласындағы Қ. Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Нұрлы Мұхамадиге бұйырды. II орынды Ескелді ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Ғалымжан Рақымжан иеленсе, III орын Талдықорған қаласындағы №30 мектептің 5-сынып оқушысы Айсері Айқынқызына бұйырды.
– Мені осы айтысқа баулып жүрген жетекшілеріме, туыс-туғандарыма көптен-көп алғыс айтқым келеді. Мені жеңімпаз еткен ең әуелі сол кісілердің тілеуі деп ойлаймын. Қарсыластарыма алдағы додаларда сәттілік тілеймін. Біржан мен Сара ақын ата-апаларымыздың өнері, өмір жолы кеңінен дәріптеле беруіне тілекшімін, – дейді Мейрамбек Болатхан.
Айтыстың тәрбиелік мәні сахнадағы сөз сайысымен шектелген жоқ. Қатысушыларға Жетісудың тарихи-мәдени мұрасы таныстырылды. Талдықорған Қапал бағыты бойындағы тарихи нысандарға саяхат жасалып, Қапал ауылындағы Ақын Сараның мемориалды музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Жас ақындар Сара Тастанбекқызының өмірі мен шығармашылығы жөнінде кеңірек мағлұмат алды.
Бұл сапардың да өзіндік мәні бар. Өйткені тарихи тұлғаның мұрасын кітаптан оқу бір бөлек те, сол тұлға өмір сүрген, өнер көрсеткен жердің топырағын басып сезіну бір бөлек. Қапал төрінде айтысқан жас өрендер үшін Біржан мен Сара есімі өздері куә болған рухани шежіренің бір бөлшегіне айналды десек болады.
Қазақтың айтысы халықтың ойлау жүйесін, сөз қадірін, елдік мінезін сақтап келген өнер. Оның бойында әзіл де, сын да, өнеге де, тарих та бар. Сондықтан жас баланың домбыра ұстап, көптің алдына шығып сөз саптауының өзі ұлттық өнерге деген құрметтің белгісі. Қапалдағы айтыс осы сабақтастықтың үзілмегенін көрсетті. Біржан мен Сараның дауысы тарих қойнауында қалса, олардың өнерге деген аманаты кейінгі ұрпақтың жырында жалғасып келеді.
Бәлкім, Қапал сахнасында ерекше күмбірлеген домбыра үні мен жас ақындардың балауса жырлары ертең үлкен айтыстардың биігінен естілер. Ұлттық өнердің ғұмыры да осындай үкілі үміттен басталады.
Медет ЖҰМАБАЙ





