Жаратқанның жер бетіне төккен саф нұры бар десек, соның бір парасы бала жүрегінде тұнып тұрғандай көрінеді. Сәби күлсе, айнала шуаққа малынады. Үй ішіне жан кіріп, қоңыр тіршілікке шырай дариды. Кішкентай ғана алақанымен дүниенің бар мейірімін уысында ұстап тұрғандай көрінетіні тағы бар.
Бесік тербелген шаңырақта береке байыз табады. Ана әлдиі түн тыныштығын тербетіп, әке жанары үмітке толады. Ақ жаулықты әже сәбидің маңдайынан иіскеп отырып-ақ батасын төгеді. Сондай сәтте қараша үйдің өзі құт қонған ордаға айналғандай күй кешеді.
Бүлдіршіннің былдырлаған тілі қандай ғажап?! Кей сөзін ұқпасаң да, жүрек сезеді. Оның аңғал сауалы, риясыз күлкісі, жып жылы құшағы көңілдің кірін жуып өткендей болады. Тіршілік тауқыметін арқалап жүрген жанның өзі бала қасына барғанда бір сәт мамыражай күйге енеді. Себебі сәби жанында жалғандық тұрмайды. Пәк көңіл ғана салтанат құрады.
Қазақ қашаннан ұрпақты ұлы мұрат санаған жұрт. Ат жалын тартып мінер ұлды да, бұрымын жел тербер қызды да елдің ертеңі деп аялап өсірген. Текті тәрбие мен тағылымды сөзді сәби құлағына бесіктен сіңірген.
Ертеректе қариялар «сәби жүрегі періштенің мекені» деп отыратын. Сол сөздің парқын жылдар өткен сайын тереңірек ұғынасың. Баланың жанарында кірбің болмайды. Ол дүниеге күмәнмен қарамайды. Әр таңды таңғажайып күйде қарсы алады. Жаңбыр жауса қуанады, көбелек көрсе соңынан жүгіреді, кішкентай гүлдің өзін ғажайыпқа балайды. Сол тазалық адам баласына өмірдің қадірін ұқтырып тұрғандай.
«Шаңырақтан сәби үні естілсе, табалдырыққа бақ қонады» деген тәмсіл бар. Расында да, кішкентай баланың жүгірген ізі қалған үйдің қабырғасы да жылылыққа толып тұрады. Қуыршағын құшақтап отырған қыз бала мен асығын уыстап жүрген ұл баланың бейнесі қазақы тіршіліктің қоңыр суретін көз алдыңа айна қатесіз әкеледі.
Сәби күлкісі тынбасын! Бесіктің жыры үзілмесін!
Медет ЖҰМАБАЙ





