Талдықорғандағы «Көктем Grand» қонақүйінің конференц залында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба: іске асыру тетіктері мен ақпараттық коммуникациялық сүйемелдеу» атты воркшоп өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардың, техникалық және қаржы операторлары, Жетісу және Алматы облыстарындағы табиғи монополия субъектілерінің өкілдері қатысты.
Жиында ЭКСЖ ұлттық жобасына табиғи монополия нысандарының жалпы құны шамамен 78,8 млрд. теңгені құрайтын электр, жылу, су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға бағытталған 65 жоба арнайы платформаға енгізілгені айтылды. Бұл бағыттағы жұмыс облыста да ауқымды жүргізілуде.
Жиында сөз алған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев ұлттық жобаның негізгі мақсаты – инфрақұрылымды жаңартумен қатар, тарифтік саясатты да теңгерімді жүргізу екенін атап өтті.
– Коммуналдық сектордағы мәселелер бір күнде пайда болған жоқ. Көптеген желінің тозу деңгейі жоғары. Сондықтан ұлттық жоба аясында тарифтік саясат, инвестиция тарту, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және жобалардың сапалы орындалуы қатар жүруі тиіс, – деді Нұрлан Нұрмұхамбетұлы.
Облыс бойынша ұсынылған мәліметтерге сүйенсек, электрмен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 78,5 пайызға жеткен. ЭКСЖ жобалары іске асқан жағдайда бұл көрсеткішті 67,2 пайызға дейін төмендемек. Ал жылумен жабдықтау саласында желілер мен жабдықтардың тозуы 61 пайыздан 54 пайызға дейін азаяды.
Келесі кезекте ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов энергетикалық инфрақұрылымның тұрақтылығы өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін жеткізді.
– Электр желілерінің тозуы тек техникалық мәселе емес. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне, кәсіпкерліктің тұрақты жұмыс істеуіне, әлеуметтік нысандардың үздіксіз қызмет көрсетуіне әсер етеді. Сондықтан энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары нақты жоспарға, сапалы бақылауға және жауапкершілікке негізделуі қажет, – деді ол.
Ұлттық жоба аясында биыл облыста 33,5 млрд. теңгеге 23 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 16 жоба электрмен жабдықтау саласына, 2 жоба жылумен жабдықтауға, 5 жоба сумен қамтамасыз ету және кәріз жүйесіне қатысты. Бірқатар нысан бойынша мердігерлер анықталған, ал кей жобалар байқау сатысында тұр.
Келесі жылы жалпы құны 45,3 млрд. теңге болатын тағы 42 жоба жоспарланған. Оның негізгі бөлігі де электрмен жабдықтау саласына тиесілі. Атап айтқанда, 32 жоба электр желілерін жаңғыртуға бағытталса, 1 жоба жылумен жабдықтау, 8 жоба сумен жабдықтау және кәріз саласында қарастырылған.
Әрине, осы жобалардың жосапарлануы емес, атқарылуы маңызды. Осыған орай, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов жобаларды іске асыруда құжаттаманың сапасы мен жергілікті деңгейдегі үйлесімді жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
– Инфрақұрылымды жаңғырту қаржы бөлумен ғана шектелмейді. Әрбір жобалық-сметалық құжаттама сапалы, техникалық талаптар сақтаулы, жергілікті атқарушы органдар мен табиғи монополия субъектілері арасында жүйелі байланыс болуы керек. Сонда ғана бөлінген қаражат нақты нәтижеге айналады, – деді Нұрсұлтан Бейбітбекұлы.
Облыстағы өзекті мәселелердің бірі – Текелі қаласының сумен жабдықтау және кәріз жүйелері. Мұнда желілердің тозу деңгейі 86 пайызға жеткен. ЭКСЖ жобалары толық іске асқан жағдайда су құбыры желілерін толық жаңарту, ал кәріз желілерінің тозуын 53,4 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл Талдықорған қаласында Жансүгіров көшесі бойындағы бас жылу магистралін толық ауыстыру жұмыстары басталды. Бұл құбырлардың салынғанына 46 жыл болған. Қазіргі тозу деңгейі 61 пайызды құрайды. Аталған учаскені қайта жөндеу 26 мыңнан астам қала тұрғынын тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді.
– Жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін қаржыландыру тетіктері түсінікті болуы керек. Табиғи монополия субъектілері қажетті құжаттарды дұрыс әзірлеп, белгіленген рәсімдерден уақытылы өтсе, жобалардың іске асу қарқыны да артады, – деді «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ Тұрғын үй және инфрақұрылымдық бағдарламалар департаменті директорының орынбасары Бауыржан Жүкенов.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Сумен жабдықтау және су бұру департаментінің директоры Бауыржан Беркешев сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі жобалардың техникалық ерекшелігіне назар аударды.
Воркшоп барысында қатысушылар тарифтік саясат, әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған тұрғын үй көмегі, халықты қолдау шаралары және жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Ашық пікірталас форматында өткен бөлімде өңірлердегі нақты жағдай, саланың түйткілді тұстары және оларды шешу жолдары талқыланды.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – стратегиялық коммуникациялар жөніндегі сараптамалық сессия болды. Оны бизнес тренер, PR стратег, Қазақстанның PR және медиа саласының кәсіби мамандары қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібай жүргізді. Сарапшы коммуналдық саладағы өзгерістерді халыққа түсіндіру кезінде ашықтық пен сенімнің шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Оның айтуынша, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде тек техникалық нәтиже ғана емес, тұрғындардың сол өзгерісті қалай қабылдайтыны да маңызды. Сондықтан әр жоба бойынша халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның мерзімі, мақсаты, күтетін нәтижесі және тұрғындарға әсері нақты айтылуы қажет.
Талдықорғанда өткен воркшоп ЭКСЖ ұлттық жобасының өңірлердегі маңызын айқындап, коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға қатысты нақты жоспарларды талқылауға мүмкіндік берді. Жиында айтылғандай, 65 жобадан тұратын бұл бағдарлама толық жүзеге асса, облыстағы электр, жылу, су және кәріз жүйелерінің тозу деңгейін төмендетіп, апатты жағдайлардың алдын алуға жол ашады.
Ең бастысы, бұл жұмыстардың түпкі нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінен көрінуі тиіс. Өйткені тұрақты жарық, сапалы жылу, таза су мен сенімді коммуналдық жүйе кез келген өңірдің дамуы мен халықтың жайлы тұрмысының негізгі көрсеткіші.
Қажет АНДАС





