Жыл сайын дәстүр бойынша балаларға тәтті-дәмдісін ұсынып, ақ дастарқан жаятын «Амина» мейрамханасының басшысы Ася Ким биыл да 220 бүлдіршінді шаттыққа кенелтті. Сарқан ауданының орталығындағы «Амина» мейрамханасында көпбалалы мүгедектігі бар және толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарға арнайы мерекелік дастарқан жайып, қайырымдылық жасады. Жаңа жылдың кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар қызықты думанның мерейін одан ары тасытты.
Мейрамхана басшысы Жаңа жылдық думанның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қол ұшын созған кәсіпкерлер Сарбиназ Құмарова, Жанар Құрманғалиева мен Болат Ақпаевқа демеушілік көрсетіп, қамқорлық танытқаны үшін алғысын білдірді.
Ол өз ісін 2008 жылы Жансүгір ауылында 60 адамға арналған кафе ашудан бастады. Алты айдан кейін екінші кафе ашылды. 2011 жылы Жансүгірде 250 мейманды қабылдауға арналған «Амина» мейрамханасын, ал екі жылдан кейін Сарқан қаласында 300 қонақты жайлы қабылдай алатын мейрамхана салды. Араға жылдар салып Сағабүйенде «Амина» мейрамханасы ауыл тұрғындарына қызмет көрсете бастады. Жансүгірде 40 адамға лайықталған қонақүй ашып, 3 жылдан кейін Талдықорған қаласында да дәл осындай мейрамхана ашылды. Сонымен қатар Екіаша ауылындағы өзінің қоғамдық тамақтандыру орны арқылы ГЭС салып жатқан 150-160 құрылысшыларды да ыстық ауқатпен қамтамасыз етуде. Асяның қайырымдылықпен айналысып келе жатқанына 13 жыл болыпты. Ораза кезінде ауыз бекіткен жандарға 1000 адамды қамтып ауызашар ұйымдастыруды ол дәстүрге айналдырған.
Кез-келген бизнестегі сәттілік табандылықты, қажырлы еңбекті және өз кәсібіне деген құштарлықты қажет етеді. «Амина» өз клиенттеріне сапалы дайындалған тағамдарды ұсынады. Асяның басты тірегі, өмірлік серігі Бидахмет Жаңабатыров және балалары. Қызметкерлерінің барлық қажеттіліктерін өтеп, ауырса емдетіп, көлікпен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпкерге қарауындағылар дән риза.
Ася Валентинқызының еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстанның үздік 100 адамы» кітабына есімі айшықталып жазылып, Мәскеу қаласынан шығатын Үлкен энциклопедияға жетістіктері тіркелген.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы