– Мен ауданның қуанышына құтты болсын айта келген қонақтардың қолына су құюға келдім, – деп еді Ақсудың 80 жылдығында Нұртілеу Иманғалиұлы өзінің осы жердің перзенті екенін танытып. Кішіліктің, кісіліктің белгісі бұл. Болмаса атағынан ат үркетін жігітті туған елі басқалардан да жоғары мәртебелі хан көтеріп алары сөзсіз. Сол сөзінен әлі танбай келеді. Тәуелсіздік алғалы ауданымызда қаншама шара өткізілді. Ілияс, Қуат, Ақын Сара, тізе берсең тілге тиек болатын республикалық және облыстық деңгейде ұйымдастырылған оннан астам мерейтойлар ел мерейін өсіріп жатыр. Тіпті, аудан әкімі Әділбек Далбағаевтың бастамасымен көтерілген «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында өткен шарадағы тұрмысы төмен 8 отбасына тегін пәтер берілгенде республиканың «Егемен Қазақстан», «Қазақ», «Жас Алаш», «Айқын» сияқты белді ақпарат құралдарының редакторлары таңғалғаны да бар. Соның бәрінде ең қиын мәселені шешуге келгенде ылғи Нұртілеу Иманғалиұлының көмегіне жүгінеді екенбіз. Ол қашанда қолынан келгенін аянып қалған емес. Тіпті, сол мәдени-көпшілік шараларды ақпараттық қолдауда оның тигізген ықпалын басқалар неше жерден мықты болса да жасай алмайды. Себебі ол кезінде «Хабар» арнасында белді тілші болды, оны жұрт «Бай-қуатты болайық!» деген сөзінен де жақсы таниды. Президент аппаратында да абыройлы қызмет атқарды, қысқасы оның білмейтін ірі қоғам қайраткері, қарымды қаламгерлері жоқ. 50 жасқа толған шағында «Бенефис шоу» өткізіліп, атақты өнер тарландары мен беткеұстар ірі тұлғаларымыздың оған зор құрмет көрсеткенін жұрт ұмыта қоймағаны анық.
Мен Нұртілеуді бала күнінен жақсы білемін. Кеңес Одағының Батыры Н. Есеболатов атындағы орта мектепте менен бір сынып жоғары оқыды. Аудандық «Өмір нұры» газетінде сол кезде өлеңдері жарық көретін. Бокс секциясына да бірге қатыстық. Қара былғары куртка мен қолғап киіп алып, сол жылдары сырттан көшіп келген елуден астам неміс, орыстардың бұзақы балаларын тәртіпке салып жүргендіктен «Атақаз» атанғаны да бар. Мектеп бітіргенімде қала көрмеген мені Алматыға оқуға алып барған да сол.
Нұртілеу 1977 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бітірді. Қазақ телевизиясында тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы, директордың орынбасары, «Хабар» агенттігінде модератор-жүргізуші, одан кейін Үкімет кеңсесінде сектор меңгерушісі, Президент Әкімшілігінде бас маман болып істеген. Коррупцияға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі. «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма Төрағасы қызметін атқарған. Н. Иманғалиұлы тележурналистикадан айнымаған тұлға. Ғұмырының 40 жылдайын телевизияға арнаған. Алғашқы хабарының бірі «Жадыңда ма, жолдас?!». Содан бері талайдың санасын қозғаған, саяси-әлеуметтік салмағымен, әсіресе, шыншылдығымен телекөрерменнің есінде сақталған бағдарламалары да баршылық. Тіпті, кез келгенді тоқтатып, аты-жөнін атай қалсаңыз бірден: «Бай-қуатты болайық!» деген бір ауыз сөзін айтатынын да кездестірдік. Ол өзінің журналистік шеберлігінің нәтижесінде «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Ақиқат пен аңыз», «Дидар», «Жастар дауысы», «Арай», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Арнайы репортаж», «Діңгек», «Қолтаңба» және тағы да басқа көптеген бағдарлама жүргізіп, соңына өшпес із қалдыра білді. «Ой-көкпар» өзінің ойнақылығымен, бір тақырып төңірегіндегі екі адамның пікірі арқылы елдің есінде қалатындай, көпшілік асыға күтетін хабар болғанын біз сияқты журналистер жақсы түсінеді. Әсіресе, «Діңгек» бағдарламасының бірінші хабарында 40 жылдан астам мектеп директоры болған ұлағатты ұстаз Жұмаш Аханбеков, бокс тренері Мұратбай Төлегенұлы сияқты азаматтардың ел алдындағы елеулі еңбектерін күллі қазақ жеріне паш еткенін ауылдағы туыстары ешқашан ұмытпасы анық. Тек ауылдастары ғана емес, қазақтың ірі тұлғалары Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Жолдасбеков сынды сөз зергерлерінің әңгімелерін естіп, келесі хабарды асыға тосатынбыз. Ой адамдары туралы сөз саптау оңай емес, бәлки Нұртілеудің айтулы тұлғалармен тең дәрежеде сұхбаттасуына сол кездегі бірге еңбек еткен әріптестерінің де ықпалы болған шығар. Оған мына бір естелігі дәлел деп ойлаймын. – Қоғамның, ұлттың көздеген мұратымен бірге сол кездегі басшылардың, әріптестерімнің қолдауының арқасында нәтижелі жұмыс істедік, – дейді ол өткенін еске ала отырып. – Надежда Белканова деген бас редакторым, сол кездегі әріптестерім Құсман Игісінов, Совет Мағзұмов, Фатима Бегімбаева жұмысыма ерекше қолдау білдірді. Белгілі жазушы Мереке Құлкенов, Жүрсін Ерман, Әділғазы Қайырбековпен бірге істеген қызметімді сағына еске аламын. Бүгінгі «Қазақстан» ұлттық арнасының директоры Марат Иманғалиұлымен бірге бірнеше хабар жасадық. «Көкпар» деген бағдарламаның алғашқы хабарын Марат екеуміз жүзеге асырғанбыз, – деген естелігінен-ақ жақсы адамның жанына жақсылардың жиылғанын аңғаруға болады.
Көпшілікті Нұртілеудің «Бай-қуатты болайық!» деген сөзінің төркіні қызықтырады. Ол осы бір ауыз сөз арқылы қазаққа амандық, тыныштық, бақ-береке тілеп тұратынын да ерекше атап кеткен жөн. Бұл жөніндегі бір сұхбатын да айта кетейін:
– Менің түсінігімдегі байлық адамның жеке басының ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуден тұрады. Құдайға шүкір, соңымда ізімді жалғайтын ұрпағым бар. Бұл байлық емей немене?! Амандасудан абайлап, тек сыртынан тамсана қараған кісілермен бүгін дастарқандас болып, сол кісілердің сенің азамат екеніңді елеп-ескеріп, бір мәселенің төңірегінде әңгіме-дүкен құрып жүргені, байлық емей немене? Бай деген сөзді біз көбінесе материалдық тұрғыда қарастырамыз. Мен материалдық байлықтың соңына түскен жан емеспін. Қолымнан келмейді деп есептедім бе, әлде, басқа себеп болды ма, білмеймін. Егер қоғамға қажет екеніңді дәлелдей білсең, бойыңды жат қылықтардан аулақ ұстасаң, материалдық байлық өзі келеді. Менде бір асыл байлық бар. Ол – үйімде тұрған бір чемодан қойын кітапшам. Журналистік жолымды бастаған кезде қолға алар жоспарларымды жазып отыратын, лездемелерде айтылған жақсы ойларды немесе әлдекімдердің қанатты сөздері, газет-журналдардан немесе кітап оқығанда ұнаған тіркестерімді түртіп қоятын кітапшам – мен үшін зор байлық. Соны бір ретке келтірсем, кез келген тележурналист қызығып оқитын кітап шыға ма деп ойлаймын. Кейде өкініп те қоямын. Газет-журналдарда жұмыс істейтін әріптестерімнің көбісінің жазған дүниелері тасқа басылды. Кітап болып жарық көрді. Оны кез келген уақытта тауып алып, оқуға болады. Телевидениеде мұндай мүмкіндік жоқ. Отыз сегіз жылда жасаған алғашқы хабарларымның көбі бүгінде архивте сақталмаған. «Сонда телевидениедегі қызметімнің құмға құйған су секілді жоғалып кеткені ме?» деп күдікті ойға берілетінмін кейде. Қазір интернеттің шығуына байланысты өкініштерімнің орны тола бастаған секілді.
Енді «Бай-қуатты болайық!» деген сөздің өзіне тоқталайын. Бұл – аузыма Алла салған сөз. Мұндай сөздің талайын айтқан мықты адамдар бар ғой. Бірақ, бұл сөз сәтімен шықты деп білемін. Несімен сәтті дейсіз ғой? Қысқалығымен, қазақтың миына тез қона қалатындығымен сәтті болған секілді көрінеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі рухани байлығымыз бен экономикалық байлығымыздың, денсаулығымыздың, бір сөзбен айтқанда, барлық саланы қамтыған сөз болды бұл. Осы сөзден кейін спорт комментаторы Амангелді Сейітханның «Жеңісті күндерде жолыққанша!», тележүргізуші Нұрділдә Ораздың «Әр шаңыраққа – амандық», – дегені қанатты сөзге айналды. Әр журналистің «Біз де осындай сөз айтсақ, жөн болады екен-ау!» деген ой туғызуына септігін тигізген «Бай-қуатты болайыққа» әрқашан басымды иемін. Кезінде «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде «Бай-қуатты болайық» сөзін алғаш қолданып жүргенімде, сын садағына алған адамдар да болды. Оңтүстік жақта айтылатын «бақуатты» сөзімен шатыстырған әлдекімдердің «Қазақтың «сау бол» деген әдемі сөзі тұрғанда, мұны қайдан шығарып жүр?» – деген сөздерін де естідім. Сосын «бай-қуатты» мен «бақуатты» сөзін шатыстырып жүргендерге түсінікті болу үшін бай мен қуатты сөздерінің арасына тоқтау жасап айтатын болдым. Бірден қабылданды. Бір қарағанда, бай-қуатты сөзі тілек сөзі секілді. Өзімнің кейбір жақын достарыма, жанымды түсінетін адамдарға игі мерекелерде құттықтау телеграммаларын жолдаймын. Сонда жақсы тілектер жазып келемін де соңын «Бай-қуатты болайықпен» аяқтаймын. Журналист болғаннан кейін жақсы сөз іздейсің. Бұл – біреулерге күлкілі болуы да мүмкін. Бірақ, мен өзім осыдан ләззат аламын, – деп бір ауыз алтын сөздің мәні мен мағынасын тереңінен ашқан азаматқа бүгінде күллі қазақ разы десек артық болмас.
Атағы бір басына жетерлік, атап айтсақ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, республикалық «Тұмар» телебайқауының жүлдегері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақ Ұлттық өнер академиясының кұрметті профессоры, бокстан студенттер арасында республика чемпионы. Бильярдтан Қазақстан журналистері арасындағы жарыстың Бас жүлдегері. Алматы облысының және Ақсу ауданының Құрметті азаматы. Алатаудай асқақ атағына мастанбай, кез келген ортада сөз бастап, ақыл жарыстыратын осындай азамат біздің киелі Ақсудан шыққаны қандай ғанибет. Нағыз мақтануға, мақтауға лайық азаматтың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ.





