Біз – жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, атасы басқа болса да Отаны бір қаншама ұлт пен ұлыстарды біріктіріп отырған елміз. Көп ұлт өкілдері тұратын ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз.
Ұлтым татар болғанымен көбі қазақша еркін сөйлегенімді көріп мені қазақ деп ойлайды. Жалпы маған тіл үйрену қиын болмады. Ата-анам қазақ мектебінде оқытқандықтан қазақтілді ортада өстім. Үйде де қазақ тілінде сөйлесеміз. Кейбір өзге ұлт өкілдері қазақша үйренуді қиынсынып жатады. Мен мұнымен келіспеймін. Үйренуге ниет болса жеткілікті. Қазақстанды қазақтардан кем жақсы көрмеймін. Осы елде туып, ауасын жұтып, суын ішкен маған қазақ тілін, оның салт-дәстүрін үйрену – азаматтық парызым деп білем. Болашақта қандай жоспар құрсам да осы елде қалатыныма сенімдімін. Қазақтар өте қонақжай халық. Сондықтан барша татар ұлтының атынан қазақ халқына шын жүректен алғыс білдіремін.
Қазақстан біздің ортақ үйіміз, киелі мекеніміз. Мен осындай бейбіт, ынтымағы жарасқан елде тұрғанымды мақтан етемін. Себебі, барлық ұлт өкілінің ортақ Отаны да, тағдыры да осы жерде! Қазақстанда тұратын қаншама ұлттың өкілі болса да өзін сол топырақтың иесі қазақпен теңдікте сезінуі тиіс. Менің елім, менің жерім деген сезім болуы керек.
Рамазан ПАРМАНОВ,
С. Мұратбеков атындағы
№9 орта мектептің түлегі