Талдықорған: +21°C
$ 510.06
€ 566.32
₽ 6.32
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Азамат асқан асулар

24.12.2024
ЖАНСАРАЙ
Азамат асқан асулар

Шығыс халықтарында: «Қуаныш деген – рух саулығы, бұл сезім неғұрлым көбірек болған сайын кеңістіктен қуатты соғұрлым көбірек тартады» деген мағынасы терең сөз бар. Осы тәмсілді өмірлік ұстанымына айналдырып, аз сөйлеп, көп тыңдап, ретті жерінде ойнақы әзілмен төңірегін шаттыққа бөлеп, табан астында тапқырлығымен ерекшеленіп, өзгелер туралы тек жақсы оймен жаны жадырап жүретін ағамыз Тұрсынбай Ғалинов 70 деген мәрт шақтың есігінен аттады.

Албырт шағында қазыналы білімге ден қойып, жігіт шағында армандаған асуларына беттеп, отызда орда бұзып, қырықта қамал алған бұл адамды Жетісу өңірінде көш басында жүргендердің бәрі біледі. Өр шағында өрге шығып, ер шағында ел басқарып, бел шағында биікке өрлеп, дер шағында айтарын айтып, ойын ортаға салып жүретін ағамыздың ақсақалдық мәрт шағын арқасын елге тіреп, аяғын жерге тіреп амандықпен өткеруі маңдайына жазылсын дейміз.

Тұрсынбай Шантуұлы 1954 жылы 30 желтоқсанда Алакөл ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын есепші болып бастаған ол Алматыдағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылығы институтын агроном мамандығы бойынша үздік аяқтайды. Мұнан кейін туған ауылына оралып «Үшарал» кеңшарының қауіпсіздік техникасы жөніндегі  инженері, бөлімше агрономы, бас агрономы, аудандық ауылшаруашылығы  басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, «Ынталы» кеңшарының директоры болды. Осы совхозда бірінші болып шаруашылық есеп-тәсіл енгізілді. Жаңашыл басшының ойлағаны болып, аз уақытта «Ынталы» өзге шаруашылықтардан оқ бойы озық көрінді. Аудан басшыларының жас маманның іскерлігіне риза болып,   Алакөл аудандық ауыл шаруашылық басқармасының төрағасы лауазымына ұсынғаны сондықтан.  

1985 жылдан бастап партия және мемлекеттік атқарушы органдарында жауапты қызметтерге араласқан Тұрсынбай Шантуұлы  жас та болса біліктілігімен төңірегіне танымал болып, Қазақстан Компартиясы Талдықорған облыстық комитетінің инспекторы, Қаратал аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.

Қараталда атқару комитетін басқарып жүрген жылдары қабылдауына ауданның беделді ақсақалдары келіп, Ескелді, Балпық бабаларының басына тас қойып, кесенелерін жаңғырту туралы ойларын ортаға салғаны бар. Олардың ұсынысын орынды деп санап, аудандық партия комитетінің бірінші басшысын құлағдар етеді. Айтқанын істетіп, айдағанына жүргізіп жаман үйренген басшы ақсақалдар ұсынысын аяқсыз қалдырғанды жөн көреді. Сол жылдардағы жариялылықты, демократиялық үрдістерді жанына жақын көретін Тұрсынбай Шантуұлы бірінші басшының кезекті еңбек демалысына кеткенін пайдаланып, аудандық атқару комитетінің сессиясында бабалардың есімін жаңғырту мақсатында қор құруға шешім қабылдайды. Кейін осы қор қаржысы көпшіліктің қолдауымен еселеніп, көне кесенелер жаңғыртылып қана қоймай, баба мұралары жарыққа шыға бастайды. Атқару комитетінің жас басшысының өзімбілемдігі бірінші басшыға ұнамай, аудандық партия комитетінің бюросында есеп карточкасына жазып, қатаң сөгіс беруге ұсыныс жасайды. Дегенмен, бұл ұсыныс облыстық партия комитетінде мақұлданбай сөз жүзінде қалады.

Қызмет баспалдақтарындағы біліктілік сипаты Тұрсынбай Шантуұлын биіктерге бастады. Қараталдан соң   мемлекеттік мүлік жөніндегі Талдықорған аймақтық комитеті төрағасының орынбасары, жаңа экономикалық құрылымдарды қолдау және монополиялық қызмет жөніндегі Талдықорған облыстық комитетінің төрағасы, Президент Аппараты және Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің ұйымдастыру бөлімінің бас  инспекторы, Талдықорған облысы әкімінің орынбасары,  Қазақстан Республикасының баға және монополияға қарсы саясат  жөніндегі комитеттің  Талдықорған облысы бойынша төрағасы,  Бөрлітөбе, Алакөл, Сарқан аудандарының әкімі болып қызмет істеді. Кейінгі жылдары ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің директоры лауазымдарында болған ол қазіргі уақытта «Газ» шаруашылығының арнайы жинақтау-жөндеу басқармасы» ЖШС-н басқарып келеді.

Мен Тұрсынбай Шантуұлын Бөрлітөбе ауданының әкімі болып тағайындалған  1995 жылдан бері білемін. Тәуелсіздік алғанымызға төрт жыл өтсе де өтпелі кезеңнің қиындығынан арыла алмай жүргенбіз. 70 жыл бойы Кеңес үкіметінің қайыс қамытына үйреніп қалған төрдегілеріміз еркіндік тізгінін қолына алуды кешеуілдеткеннен елдің еңсесі көтерілмей-ақ қойған. Пәрменсіз парламентті, дәрменсіз үкіметті, қауқарсыз қоғамды, әлжуаз заңды көрдік. Қазақ елінде жаппай балабақшалар жабылды, кітапханалар құлыпталды, руханиятымыз құлдырады. Миллиондаған мал басы, мыңдаған техникаларымыз көзден бұл-бұл ұшты. Желге де ұшпай, жер де жұтпай ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Осындай өліара кезеңде онсыз да кежегесі кейін кетіп бара жатқан ауданды басқару оңай емес-ті. Ынсапсыздыққа, тойымсыздыққа тосқауыл болуды ойлап, қолда барды базарлап, өтпелі кезеңнің өкпек желінде дірдектеген жұртқа пана болуға тырысты.

Бөрлітөбе ауданы  экономикасының ауқымды бөлігі Лепсі металл бұйымдары зауытының өніміне қатысты болатын. Тұрсынбай Шантуұлы аудан тізгінін алғанда сонау қырқыншы жалдардан бері үзбей жұмыс істеп келе жатқан зауыт шикізаттың, жанар-жағар майдың жоқтығынан шатқаяқтап тұрды. Аудан басшысы білікті мамандармен ақылдасып, Қарағандымен үзбей байланыс жасап, зауыт цехтарына азды-көпті жан бітіргені бар. Өкінішке қарай, кейінгі басшылық осы тізгіннен айырылып қалды.

Тұрсынбай Ғалиновтың кезінде Қарашыған өңіріндегі көкөніс, бақша дақылдарын өсіру үрдісін жалғастыру мақсатында платина құрылысы қолға алынды. Қажетті жұмыстар қуатты техникалардың көмегімен жүзеге асырыла бастаған кезде әкім орынтағы басқа азаматқа бұйырып, жұмыс жалғасын таппады. Сонымен қатар аудан орталығы Лепсіде мешіт салуға демеушілердің көмегімен қызыл кірпіш жеткізіліп, іргетасы қаланып, қабырғасы көтеріле бастағанына да куә болғанбыз. Бастамашы басшы қызмет ауыстырған соң осынау шарапатты іс те аяқсыз қалды.

1996 жылы Тұрсынбай ағамыз өзі туып-өскен Алакөл ауданының әкімі болып тағайындалды. Осы ауданда жоғарғы оқу орнынан кейін мамандығына сай еңбек жолын бастап, шаруашылық басқарған тәжірибелі азамат айдынды Алакөлдің адымын ашуға бір адамдай еңбек сіңірді. Ауданға тұңғыш Президент жұмыс сапарымен келгенде аудан басшысы көкейкесті мәселелерді көтерді. Достық кентіне су тарту, кедендік бақылау жұмыстарын, кедендік баж салығын жүйеге келтіру, Үшарал-Ақтоғай аралығына жоғары кернеулі электр желісін тарту Елбасы пәрменімен жүзеге асырылғаны көпке аян. Сондай-ақ ел қорғаны Қабанбай батырға аудан аумағында еңселі ескерткіш орнату үшін қор құрылып, әкім бастамасымен елдің атын шығарған ер есімін ұлықтау жүзеге асып жатты. Сондай-ақ шекаралас аудан әкімдерінің қатарында Қазақстан-Қытай арасындағы шекараны бекітуге тікелей қатысқанын да ел-жұрты жақсы біледі.

Біздің буынның «облыс, аудандарды бір-біріне қоссақ, байып шыға келеді» деп жағасын түзеп, етегін қымтап келе жатқан қалың елді сапырылыстырып жіберген жылдарды бастан өткергені бүгінде тарихқа айналды. Бұдан толымды нәтиже шықпағаны көпке аян. Билік шешім қабылдарда өздерімен санаспаған шерменде жұрт өз жерінде шетқақпай болып қалды. Бір парақ анықтама үшін шалғайдағы елден аудан орталығына жету көпшілікке мұң болды. Бөрлітөбе ауданы тарап, Сарқан ауданына қызмет бабымен ауысқан біз аумалы-төкпелі кезеңді де, біз білетін  Тұрсынбай Ғалиновтың 1998 жылы іріленген ауданға басшы болып келгенін де көзіміз көрді. Алымды да шалымды іс-қимылы арқылы аудан тынысына өзгеріс енгізуге ұмтылған әкімнің жеке меншікке негізделген ауыл шаруашылығын ыдыратпай, өнімді еселеуге ұмтылған талпынысы текке кеткен жоқ. Бұған дейін Ақсу ауданына беріліп кеткен Қарашыған ауылдық округін облыс әкімінің қолдауымен Сарқан ауданының құрамына қайтарып, шалғайда қалған шарасыз жұрттың еңсесін көтеруді ойластырғаны да ел есінде.

Сарқан ауданының тізгінін ұстаған кезде Тұрсынбай Шантуұлы ауыл әкімдерінің, учаскелік полиция өкілдерінің ауыл тұрғындары алдындағы есеп беруін жұмыс тәртібіне енгізді. Кейіннен ел алдындағы жауапкершілік республика бойынша қолға алынғанын ағамыздың көрегендігі демеске лажымыз жоқ. 

Табандылығымен, талпынысымен, біліктілігімен, білімімен және ұйымдастырушылық қабілетімен жоғарыдағылардың назарынан тыс қалмаған Тұрсынбай Шантуұлы бұдан кейін де жауапты қызметтердің жалынан ұстады.  Отбасында да бақыты баянды, төрт баланы тәрбиелеп, өмірден өз орындарын табуына бағыт-бағдар беріп келеді.

Ағамыздың ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бұл кісі мемлекеттік наградалардан, құрметті атақтардан кенде емес. Мемлекеттік қызметтегі жемісті жылдарының айғағындай өңірінде  «Құрмет» ордені жарқырайды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін  Алматы облысының, Талдықорған қаласының, Қаратал, Алакөл, Сарқан, Ескелді аудандарының Құрметті азаматы атанды,  «Қазақстан Республикасының табиғи монополияларға қарсы қызметінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Туған елінің еңсесін тіктегенін, құнарлы жерінің өнімі еселенгенін, ұрпағының өсіп-өнгенін патша көңіліне қанағат тұтатын ағамыз жетпістен желіп өтіп, келесі белестерді сергек қалпында бағындырсын деген ізгі ниетпен жазбамызға нүкте қоямыз. Жыр сүлейі Сүйінбай: «Жақсы адам елдің басшы серкесіндей, Жұғымды болар елге еркесіндей» депті. Елдік мүдде, ұлт намысын ойлайтын ақсақалдарымыздың сапы нығая бергей!

Жомарт ИГІМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Қатысты жаңалықтар

Қазақы қалжың

Қазақы қалжың

14.05.2025
2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

2060 жасөспірім түнгі уақытта көшеде жүрген: Жетісу облысында рейд өтті

13.05.2025
Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

Кремль Қазақстанның 70-ке жуық ғалымына Ресейге кіруге тыйым салды

13.05.2025
Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

Президент Қуаныш Сұлтановқа «Отан» орденін cалтанатты түрде табыстады

13.05.2025
«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

«Азаматтарға арналған үкімет» биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізді

13.05.2025

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.