Әр адамның тағдыры – тұтас бір тарих. Ал сол қатпарлы тарихтың өзегінде еселі еңбек, маңдай тері мен табандылығы жатқан жандардың өмірі ұлт жадында мәңгі сақталады. Сынағы көп сүрлеуде салғырттыққа бой бермей, бесігін де, кәсібін де тербеткен ардақты аналар жетіп артылады. Біздің кейіпкеріміз, жетпістің желкенін көрген Мейрамгүл Қарабасова отбасының ұйытқысы бола білген, атакәсіп пен дәстүрді өркендеттіп, саналы ғұмырын ұлттық құндылыққа арнаған нағыз еңбек адамы.
Мейрамгүл Нәтейқызы мамыр айының 8-жұлдызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал ауылында туған. Әр перзент үшін асқар тау әкенің ақылы мен анасының аялы алақанына жетер еш нәрсе жоқ. Ата-анаңның қасыңда жүргенінің өзі бір бақыт! Бірақ кейіпкеріміз әкесі Нәтейден ерте айырылады. Әкесі өмірден өткенде Мейрамгүл небары 13 жаста.Тағдырдың тауқыметі иығына түссе де жесір қалған анасы Рысгүл Дүйсенбіқызы мойымай, 6 баласын өсіріп-жетілдіру үшін қара жұмысқа жегіледі. Қайтсем де балаларымды асыраймын деп бүлдіршіндерін үйде қалдырып, таңды-таңға ұрып тынбай жұмыс істейді. Үйдің үлкені Мейрамгүл артынан ерген іні-сіңлілерінің оқуына, тәрбиесіне бас-көз болды. Кейін әрқайсысының тұрмыс құрып, отау құруына көмектесіп, жол көрсете білді. Кейіпкеріміз жай қарап отырмайды, малға шөп салу, отын жару, су тасу, тамақ істеу деген сияқты үйдің шаруасы Мейрамгүлдің мойнында еді. Жаз айларында шөп шауып, арбамен тасып, жинаған кезі де болыпты. Бұл кейіпкеріміздің ауыр еңбекке ерте араласып, соңынан ерген бауырларына қамқор болудың үлгісі десек, артық айтқандық емес. Мейрамгүл Нәтейқызынің іні-сіңлілері әпке мен ана тәрбиесінен қия өтпей бүгінде үлкен әулетке айналды. Өзінен кейінгі тете інісі Сансызбай өкше басып, асқаралы алпыстан асқан ақсақалға айналып, немерелерінің сүйікті атасы атанды. Бақытжан інісі әлі күнге дейін қызметтік саптан түспей, зейнеттің ауылын аңсап келеді. Сіңлілері Нұржанай, Риза, Бақытгүл әпке көрсеткен тура жолдан тайқымай бір-бір шаңырақтың отанасына айналды. Бүгінде немерелерінің сүйікті әжелері.
– Анам 6 баламен жесір қалып, өгей шешесін бірге бағып, өсірді. Аяулы анашым ісмер жан болды. Тапшылық қысқан заманда тігін машинасымен киім тігіп, ауылды киіндіргенін көз көргендер айтып отырушы еді. Әттең, бейнетті тартып, бізді жеткіздім бе деп жүргенде 52 жасында өмірден озды, – деп күрсінеді Мейрамгүл апа.
Қиын кезеңде бойжетіп, еңбектің ащы дәмін татып өсіп, тар заманның тауқыметін тартса да оқуда озат, еңбекқор, ұқыпты, сыныбында үлгілі оқушылардың бірі атанды. 1963 жылы мектепке барып, көз майын тамызып жата-жастана оқығаны да есінде.
Мейрамгүл Қарабасова 1973 жылы орта мектепті үздік тамамдап, Жамбыл технологиялық университетінің жеңіл өнеркәсіп факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу табалдырығын аттаған Мейрамгүл алғашқы күннен-ақ білімге деген құштарлығы мен ізденімпаздығын көрсетіп, ұстаздардың назарына ілігеді. Бес жыл үздік оқып, тігін және тоқыма өнеркәсібінің «инженер-технологі» маманы атанды. Жоғары оқуды бітірген соң жолдамамен бұрынғы Талдықорған облысы, Лепсі стансысына инженер-технолог болып қызметке орналасып, бірнеше жыл жұмыс істейді. Бесжылдық білімнің нәтижесін жұмыста көрсетіп, білікті маманға айналды.
Әлемдегі ең асыл адам – АНА! Әрбір адамзат баласының анаға деген құрметі шексіз. Сондай ізгі ілтипат пен шексіз құрметке менің де анам лайықты.
Бүгін менің анамның туған күні. 70 деген киелі жастың шыңына шығып, мейірімі мен шуағын шашқан анама ұзақ ғұмыр, денсаулық пен бақыт тілеймін! Бар ғұмырын еңбек пен отбасына арнаған анамның еңбегі өлшеусіз. Біз қандай да бір жетістікке жеткен болсақ, ата-анамыздың арқасы. Ана, біз сізге ғұмыр бойы қарыздармыз. Аналық мейіріміңізге, бойымызға ақыл мен парасаттылықтың дәнегін егіп, биік белеске бағыт бердіңіз. Барлық қамқорлығыңыз үшін сізге алғыс айтып, туған күніңізбен тағы бір мәрте құттықтаймын!ІЗГІ НИЕТПЕН:
ұлыңыз – НҰРСЕЙІТ
1981 жылы Мәкет Ниязбеков ағамызбен отбасын құрады. Шаңырақ көтерген жас отбасы күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын қазыналы Қаратал өңіріне қоныс аударып, әр салада қызмет істейді.
– Мәкет ағаларың Қаратал аудандық қаржы басқармасын басқарып, он бес жылдай еселі еңбек етті. Жұмысқа деген адалдығының арқасында әр өңірдің қаржы саласын басқарып, ауданның экономикасын көтеру үшін барын салды. 1997 жылы Алакөл, кейін Сарқан ауданында, Талдықорған қаласында қызмет істеді. Мен де әр ауданда түрлі салада еңбек еттім. Кейін жеке кәсіп аштық, – дейді кейіпкеріміз.
Мейрамгүл Нәтейқызы әр салада қызмет атқардым дегенімен жоғары лауазымдарды атқарды. Мәселен, Қаратал аудандық атқару комитетінің депутаты болып сайланды. Әр істің маңызы мен шешілу жолын тап басып, кез келген шаруаға белсене араласатын Мейрамгүл Нәтейқызы облыстық партия конференциясында делегат атанды.
2006 жылы бір сиыр бұзауымен, тана, бие құлынымен, 20 қой сатып алып, Қаратал ауданынан шаруа қожалығын ашады. Отағасының жұмысы шаш етектен болғандықтан Мейрамгүл қожалықтың жұмысына белсене араласады. Кішкентай кезінен малды қалай бағу, қайда жаю, мал төлдетуді көріп, жұмыстың жігін біліп өскендіктен қожалықтың шаруасына тез иекемделіп кетеді. Мал баққанға бітеді. Екі жақтап тұрақты қарап, қадағалағанның арқасында қойнауы құтты Жетісу өлкесінің төскейіне жайылған түлігінің саны арта түседі.
– 2020 жылы сиыр 200-ден асты, жылқы 100-ге, қой 500 басқа жетті. Мал бағып бүйірім шықсын десеңіз, бағымыңыздағы төрт түліктің жайын жаңаша ойлау қажет. Сондықтан біз қартайған шағымызда малға қарай алмайтынымызды біліп, сиыр мен қойды сатып, жылқы бағып отырмыз, – дейді кәсіпкер ана.
Атакәсіппен қатар еңбекқор жандар 2012 жылы Текеліден оттегі-азот шығаратын өндіріс орнын ашады. Өнім құрылыс компаниялар мен емханаларға өткізіледі. Цехтың жұмысы 2019 жылы covid кезінде қызған. Әлемді жайлаған індет кезінде ауруханаларда оттегі жетіспеушілігі болғаны ел есінде. Осы қиын-қыстау кезеңде өндіріс орны қызметкерлері жұдырықтай жұмылып, күндіз-түні тынбай жұмыс істепті.
– Елді індет жайлаған кезде облыстағы ауруханаларда оттегі аппараттары жетпей жатқан кез болды. Қиын-қыстау шақта цехтағы құрылғылар тоқтаусыз істеді. 400 баллон оттегі кезек-кезегімен толтырылып, ауруханаларға жіберіліп отырды, – дейді ол.
«Жақсылық жасасам, кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетсем» дейтін жаны ізгі маман кәсіппен айналыса жүріп, 2011-2015 жылдары «Айналайын» балалар үйінде еңбекке баулу пәнінен сабақ берді. Алаш ардақтыларының бірі, қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», – дейді. Иә, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ұлы мақсат, игі іс болғанымен бейнетті жол. Сол жолда қажырлы еңбек еткен, әрқилы тағдырмен түскен жеткіншектерге жағдай жасап, ата-аналары бермеген махаббатты сыйлап, мейірім танытып жүрген жомарт жүректі ана «Айналайын» балалар үйінен зейнетке шықты.
Зейнетке шықса да еңбектенуден, ізденуден жалыққан емес. Ол киізден сәнді картиналар, ши тоқып, түрлі бұйымдар жасайды. Акварельмен сурет те салады. Бұл өнерді игергеніне көп уақыт өтпесе де туындылары көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Облыстық, республикалық фестивальдерге қатысып, сан мәрте марапат төрінен көрініпті.
– Үйде арнайы бөлмем бар. Сол жерде жүн түтіп, құрақ құрап, ши тоқимын. Қолөнерге қызыққан жандарға дәріс те беремін. Бұл өнер маған ата-анамнан дарыған. Әлі есімде, әкем дәптерге қарындашпен жануарлардың суретін айнытпай салып беруші еді. Әкем өнерлі болды. Бозбала шағында ауылдағы тоқал там үйдің төбесіне шығып домбыра, гитара, сырнай, қобыз, баян сияқты түрлі аспапта ойнап, тамылжытып ән салғанда жұртшылық сүйсіне тыңдайды екен. Өзі өлең де жазатын, – дейді Мейрамгүл Қарабасова.
Қолөнер шебері енді сауытішілік киімді жүннен жасауды ойлап жүр екен. Айта берсек, шебер туралы сөз көп. Қолөнері – бір төбе болса, суретшілігі де – бір төбе. Бұның бәрі еңбектің арқасы. Әр кәсіптің шыңына жетіп, қай өнердің де майталманы болу үшін тынбай тер төгу маңызды. Талант бәріне бірдей беріледі, оны дамыту, оның шыңына жету екінің бірінің қолынан келмейді.
Қиындыққа мойымаған жандардың шаңырағынан береке кеткен емес. Еңбектері еленіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Олар бүгінде асқар тау әке, аяулы ана, сүйікті ата-апа. Қаржы саласында табан аудармай қызмет істеген Мәкет Ниязбеков пен қолөнер, мал шаруашылығын өркендеткен Мейрамгүл Қарабасованың еңбегі ерен. Биыл 70 жастың асқарына шығатын ақ жаулықты ана отағасы Мәкет ағамыз екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. 1982 жылы дүние есігін ашқан тұңғыш ұлы Нұрсейіт те білімнен кенде болмады. Талдықорған қаласындағы кілең озаттар оқитын Қазақ-Түрік лицейін үздік бітіріп, республикалық олимпиадада оза шауып, Алматы қаласындағы КИМЭП жоғары оқу орнына оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады. Жоғары оқу орнын үздік бітірген Нұрсейіт Англияның Оксфорд қаласында «политология» мамандығы бойынша магистратураны бітіріп шығады. Нұрсейіт бұл біліммен тоқтап қалмайды, білімін одан ары жалғап, саяси ғылымдарының докторы атағын алып, сол жерде докторантураны да тамамдайды. Бүгінде алғашқы білім ордасы КИМЭП-те профессор атанып, қызмет атқаруда. 1984 жылы дүниеге келген қыздары Фатима Алматы қаласындағы Сәулет академиясын «архитектор» мамандығы бойынша жоғары мамандықты алып, Италияның Милан қаласында магистратураны аяқтайды. Бүгінде Фатима Миланда мамандығы бойынша еңбек етуде. 1994 жылы дүниеге келген Мадина ағасы Нұрсейіттің жолын қуып, КИМЭП-ке оқуға түседі. Кейін Токиода магистратураны бітірген Мадина елге оралып, шетелде алған білімі мен тәжірибесін Алматы қаласында өтеп жатыр.
Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата-ана балаларынан 3 немере сүйіп отыр.
Еңбек адамдары бүгінде ел ағасы мен анасына, өңіріміздің мақтанышына айналып отыр. Жетпістің төртіне сергек қалпымен келген кейіпкеріміздің отағасымен көрер жақсылығы әлі алда. Күндері көрікті, таңдары арайлы бола бергей!
А. НАЗАРҰЛЫ






