Балабақша – бұл әр баланың алғашқы қадамын жасап, өмірге бейімделетін, бақытты балалық шақтың негізі қаланатын мекені. Мұнда балалар тек ойнап қана қоймай, қарым-қатынас жасауды, білім алуды, шығармашылықты дамытуды және жеке тұлға болып қалыптасуды үйренеді. Қадам басқан алғашқы баспалдақ жадылардан еш өшпейтіні анық.
Бүлдіршіндер дос тауып, әлеуметтік байланысты нығайтатын балабақшада қызықты ойындар мен жаттығулар арқылы логикалық ойлау мен моторикасын дамытады. Тәрбиешілер мен тәрбие бағдарламалары арқылы тәртіп, мейірімділік, өзара сыйластық сияқты маңызды құндылықтарды меңгереді. Балабақша – әрбір бала үшін тек бақыт пен жылулық сыйлайтын екінші үйі десек қателеспейміз.
Балаға беретін тәлім-тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, балабақшаның ұжымына, тәрбиешіге тікелей байланысты. Баланың жан-жақты, қоршаған ортасымен танысып,ең бірінші білім мен тәрбие алатын орны жайлы болуы маңызды. Мұндағы тәрбиешілер бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. «Мұғалімнің ең жауапты міндеті – адамды қалыптастыру» – дейді М. Калинин. Олай болса тәрбиеші заман талабынан қалмай, болашақты тәрбиелеу міндетіне жауапкершілік танытуы тиіс.
Ең алдымен тәртіпті, жауапкершілікті үйренуі керек бала тәрбиесі бесіктен басталады. Отбасындағы және балабақшадағы тәрбие ұштасқанда жас өскін жақсы жолға түседі. Дүниеге жаңа келген сәбиге, өмірге қадам басқан жас буынға Ана тілін үйрету – ұлттық қасиетімізді дамытудың бірден бір жолы. Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық тәрбиенің негізгі міндеттерінің бірі – халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын түсіндіріп, мемлекеттік тілді дамыту. Әрбір баланың Ана тілінде ойланып сөйлеуі ұлттық мінез-құлықтың қалыптасуына, патриоттық сезімдердің оянуына ықпал етеді. Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан біліп өскен баланың жақсылыққа жаны құмар, таза, пәк, инабатты, биязы болып өсетініне өмір тәжірибесі куә.
Еліміздің ертеңі деп сенім артатын өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлетін кезең келіп жетті. Себебі, болашақтың айнасы тәрбиенің мықтылығы, білімнің тереңдігімен өлшенеді. Сол болашақтың негізін қалыптастырушы, өмір баспалдағы – балабақша еліміздің мәртебесін асқақтатар ұрпақты тәрбиелейтін киелі ұя.
Қаламқас ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
К. Қазыбаев атындағы
орта мектептің «Айгөлек» шағын
орталығының аға тәрбиешісі
Бақалы ауылы,
Сарқан ауданы