Салқын кештер сезімдерге қорған боп,
Екеумізбен мұңданған-ды талай бақ.
Бүгін сенсіз?
Ештеңе де болған жоқ,
Бәрі әйбәт.
Солған да жоқ жаралы жан — жарты гүл,
Арпалысып, алысқам жоқ от күнмен.
Сүймейсің бе деп сұрайсың… Ол түгіл,
Сағынған да жоқпын мен.
Есіміңді жүрегімде жоқ қылып,
Өшіргенмін өткенде.
Хат жазбаймын, сөнген кеше отты үміт,
…Нөмірің де жоқ менде.
Сан сүрініп, жығылып,
Сапар біткен саған деген жолдағы.
Алматыға барсам, барам қыдырып,
Сенің үшін емес бірақ ол дағы.
Сүю деген келген емес әзірге ой,
Жыла мейлі, өкіріп.
…Айтқанымның бәрі де — рас,
Әзіл ғой!
Сүйем сені..
Өтірік!.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Фото: kartinki.pics