Қазіргі заманғы технологиялар адам өмірін жеңілдеткенімен, бізді аз қозғалысты өмір салтына да үйретіп жатыр. Көліктің, лифттің, онлайн қызметтердің арқасында жаяу жүру қажеттілігі азайған. Алайда, бұл денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін. Жаяу жүру – ең қарапайым әрі тиімді физикалық белсенділік түрі. Ол жүрек-қан тамыр жүйесінен бастап психикалық денсаулыққа дейін оң әсерін тигізеді.
Күніне қанша қадам жасау керек деген сұраққа келсек, көпшілігіміз 10 000 қадам ережесін естіген болармыз. Бұл сан ғылыми зерттеулер негізінде емес, маркетингтік стратегия ретінде пайда болған. Бірақ соңғы зерттеулер жаяу жүрудің пайдасын көру үшін міндетті түрде 10 000 қадам жасау қажет емес екенін дәлелдеді. Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу бойынша, күніне 7 500 қадам жасау денсаулықты жақсартуға жеткілікті. Дегенмен, егер мүмкіндік болса, одан да көп жүру артық етпейді.
Жаяу жүру жүрек пен қан айналым жүйесіне оң әсер етеді. Ол қан қысымын реттеп, жүрек ауруларының қаупін төмендетеді. Сондай-ақ, бұлшықеттерді нығайтып, зат алмасуды жақсартады. Артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін де бұл керемет әдіс. Орташа қарқынмен 30 минуттық серуен шамамен 150-200 калория жақтыруға көмектеседі.
Психикалық денсаулыққа да жаяу жүру пайдалы. Табиғат аясында немесе таза ауада серуендеу стрессті азайтып, көңіл-күйді жақсартады. Күн сәулесімен бірге ағзада серотонин бөлініп, бақыт гормондарының деңгейі көтеріледі. Ұйқы сапасын жақсартқысы келетіндер үшін де кешкі серуен жақсы көмекші бола алады.
Жаяу жүруді күнделікті әдетке айналдыру қиын емес. Лифттің орнына баспалдақпен көтерілу, аялдамадан бір-екі тоқтам бұрын түсіп қалу немесе түскі ас уақытында серуендеу – қарапайым, бірақ пайдалы қадамдар. Фитнес білезіктер немесе смартфон қосымшалары қадам санын бақылауға көмектеседі.
Ең бастысы – қозғалысты көбейту және жаяу жүруді өміріңіздің бір бөлігіне айналдыру. Бұл ұзақ өмір сүру мен жақсы көңіл-күйдің қарапайым, бірақ тиімді тәсілі.
Мақпал Әділханқызы
Фото: marathonec.ru