Адам баласы көзіне көрінген құбылыстың бәрін сол қалпында қабылдаса жалғандықтың шырмауына түсіп кету қаупі бар. Себебі Жаратушы жаратқан әрбір дүниеде сырт пен астар болады. Сана-сезімі жетік адам ғана кез келген көрініске көзбен де, түйсікпен де қарай алады. Мәселен, бәйшешек гүлін алайық. Мақта үлпегіндей жеңіл жаратылыстың құдай салған күшіне еріксіз тамсанасың. Себебі өзегінен тартып, болмысы нәзік гүлдің жер астынан бой түзеп, қар мен топырақты жарып шығуы – өзіне тән үлкен ерлік.
Бойындағы егіз мүшелерінің өзі бір-біріне ұқсамайтын тіршілік иелерінде түрлі мінез ғана емес, әрқилы тағдыр да бар. Күпірлік етпей, шүкірлік жасауымызға мысалдар жетіп артылады. Алайда ана құрсағынан кіндігі үзілген сәттен бастап үлкен ауыртпалық сезініп көрмеген, бағы мен тағы басынан сырғымаған адамдардың күйзеліске түскенін көріп бір таңғалсақ, бәйшешек ғұмырлы жандарды көріп тағы бас шайқаймыз. Көре білген адамға жапырақтың түсуі де насихат болмақ. Сол насихатты көкірек көзімен көріп қана қоймай, көрерменге көзайым ете білудің өзі адамның кемелденуінің белгісі, бәлкім. Сондай жандардың бірі әрі бірегейлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жетісу облысы және Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Кендебай Темірбайұлы мен оның өмірдегі, өнердегі серігі Қазақ-станның халық әртісі, Алматы облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің, «Ұмай» ұлттық сыйлығының иегері Алмахан Кенжебекова. Бүгінгі әңгімеміздің әуені де, әуезі де – осы жандардың өлшеусіз еңбегі турасында.
Жоғарыда бүкіл жаратылыстың ішінен бәйшешек гүлін бекер мысалға алған жоқпыз. Жақында ғана қос театр саңлағының басқаруындағы Мұқағали Мақатаев атындағы «Жас актер» халықтық поэтикалық театры Ақтөбе қаласында өткен «Адал азамат» республикалық балалар мен жасөспірімдер театрлары фестивалінде бас жүлдені иеленді. Байқауға еліміздің әр өңірінен 15 театр ұжымы қатысқан. Жетісу облысының намысын қорғаған жас өнерпаздар «Бәйшешек» драмалық қойылымын сахналап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Бұл қойылым өнерпаздардың қиялынан туған, жансыз көрініс емес. Оның негізіне жас жазушы, журналист Жәмила Бақтиярқызының (суретте) «Бәйшешек» атты өмірбаяндық-мотивациялық кітабы арқау болған. Автор өз басынан өткен ауыр кезеңдерді, дертпен күрес жолын және жеңіске жетелеген сенімін оқырманмен бөліседі. «Күрес», «Сенім», «Жеңіс» деп аталатын үш бөлімнен тұратын туындының негізгі идеясы – қандай қиындық болса да үміт үзбей, алға ұмтылу.
Шығарма атауының өзі адамның тұла-бойы нәзік бола тұра, рухының қаншалық мықты бола алатынын қатар бейнелейді. Сахналық қойылым арқылы осы өмірлік оқиға көрерменге жаңа көркемдік өрнекпен жеткізіліп, кітаптың басты идеясы – үміт пен жігер, қайсарлық пен жеңіс кеңінен ашылған.
Өнерпаздардың жүлделі қайтуына шығарма идеясы ғана емес, тігісі тура түскен құрақ көрпесіндей барлық қажеттінің бір-бірімен үйлесе кетуі де сеп болған. Оны біз театрдың бір күндік дайындық барысын көргенде аңғардық. Жастығына қарамай тағдырдың қаталдығын бойынан өткізгендей сахналай білген өнерпаздардың дарынын көрсеңіздер, шіркін!
Көздерiнде от ойнар,
Сөздерiнде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемiн, – деп ақын Мағжан Жұмабаев осындай жастарға қарап шабыттанса керек деген ойға баттық.
Жастары әрі кетсе оннан жаңа асқан дарындылардың бойында ұяңдық пен «сен тұр, мен атайынның» сипаты бірін-бірі бастырмалата алмакезек көрінуі көзің сүйсініп, көңілің тояттанатын құбылыс екен. Даңқын өсіріп, мақтауын асыра марапат ұстатқанда қызара-бөртіп ұялып тұрған жас шыбық – одан әрі өнерін көрсету үшін сахнаға шығарғанда тосылып қалар деп едік… Алайда көз ілеспес жылдамдықпен басқа жанның кейпіне ене салғандарына тебіренбеу, сүйсінбеу, қошеметтемеу мүмкін емес еді.
«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» емес пе?! Бұндай екі қасиетті бойларына дарытуы жоғарыда аталған екі Құрметті кісілердің келісті істерінің жемісі. Оған дәлел Алмахан Кенжебекованың мына бір сөзі:
– Театрға көзі жанып, қаны тулап түрлі бала келеді. Бала көңілі гүлден нәзік. Сол себепті қабылдануға қандай да бір дарыны жетпесе, оны айту бізге оңай емес. Балалармен жұмыс жасаудың қиындығы да осында. Және біз олардан актердан бұрын, адам жасауымыз керек. Бұл ниетіміздің нәтижесі көз алдарыңызда», – дейді дарынды актриса.
Шынымен, балалардың сахнадағы ойыны, дарыны табиғаттың сыйы болса, сол талантына мастанбай, кеудесін кермей қарапайымдылық танытуы осы тұлғалардың еңбегінің нәтижесі деуге болады. Бұл жеңісте тақымын қысып, үйде тілеуші болып отырып қоймай, алыс жолдың жүгі арқаларына бірге батқан ата-аналардың да үлесі бар. Сайыстың басты салмағы жас дарындыларға түскенімен, сахна сыртындағы салқын сыз аналардың табанынан өтті. Олардың ас-суы, киімін дайындап, балалық еркеліктерін көтеріп, әрбіріне өз баласындай күтім жасаған аналарға ұстаздары ерекше алғыс айтады.
«Көп түкірсе көл» дегендей, көппен біткен іске Кендебай Темірбайұлының айтар алғысы көп.
– Бұл ретте жас таланттардың талабын ұштап, өнер жолындағы ізденісіне қолдау білдіріп, олардың қанат қағуына мүмкіндік жасаған өңір басшылығының да еңбегін айрықша атап өткен жөн. Өйткені баланың бойындағы бұла таланттың ашылуына тек ұстаз бен ата-ананың еңбегі ғана емес, сол өнердің өркендеуіне жағдай жасаған ортаның да ықпалы зор. Өңір басшылығы тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлық жас өнерпаздардың үлкен сахнаға нық қадам басуына серпін берсе, Мәдениет және білім басқармасының жүйелі қолдауы мен ұйымдастырушылық еңбегі осы жолдағы маңызды тірекке айналып отыр, – дейді ұстаз.
Одан әрі ол сөзін Ақтөбедегі сайыс барысындағы тебіреністі сәттермен жалғады. Ұстаздың айтуынша, балалар сахнада суда жүзген балықтай өз партияларын ғажап орындып шыққан. Оның дәлелін көрініс аяқталған сәттегі көрерменнің дүре көтеріліп, ерекше қошеметтеуінен көруге болады дейді. Ауыр тағдырлы жас қыздың өміріне құралған қойылым болғандықтан көздеріне жас алғандары да болған.
– Әрине, мұндай үлкен додаға дайындықсыз келер ешкім жоқ. Бәрі мықты, бәрі өнерлі. Десе де солардың арасынан оқ бойы оза шығып, топ жарған жетісулық жас дарындарға көрерменнің ыстық ықыласы мен байқау қорытындысында айтылған мадақ сөздер ерекше шабыт сыйлады, – дейді ол.
Ақтөбеде өткен фестивальдің қорытындысы бойынша республикалық шараны жыл сайын осы қалада тұрақты түрде өткізу туралы шешім қабылданды. Фестивальдің Ақтөбе өңірінде ұйымдастырылуына байланысты бірлестік төрағасы болып Балтабек Нұрғалиев сайланды. Ал көркемдік кеңес төрайымы әрі бірлестіктің би апасы Алмахан Кенжебекова болып бекітілді. Сондай-ақ республикалық фестивальді алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де өткізуге мүмкіндік бар екені атап өтілді.
Сахна өнеріне балғын кезінен қадам басқан баланың бойында шығармашылыққа деген құштарлықпен қатар, үлкен жауапкершілік қалыптасады. Қазақ театр тарихында балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер ордаларының ашылуы да өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне айрықша мән берілгенін аңғартады. Ал бүгінгі балалар театрлары мен жасөспірімдер ұжымдары – сол ізгі дәстүрдің жалғасы. Бәлкім, бүгін шағын сахнада өнер көрсетіп жүрген осы балалардың арасынан ертең қазақ өнерінің жаңа жұлдыздары шығар.
Кендебай Темірбайұлы:
– Бізден тәлім алған шәкірттер ұстаз атына кір келтірмей, әрдайым биік талап үдесінен көрінуі керек. Өйткені бұл бүгінде жай ғана үйірме емес, өз тәртібі мен талабы, жауапкершілігі бар театр. Мұнда балалармен қатар ата-аналарға да үлкен міндет жүктеледі. Театрға келу – өнерге құрметпен қарау, бастаған істі соңына дейін жеткізу деген сөз. Бұл кез келген уақытта келіп-кетіп, көңіл қалаған кезде ғана айналысатын ермек емес. Бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздың әр баладан жоғары нәтиже күтуі де сондықтан.
Жетісу өңірінде «Театр – тәрбие бастауы» атты облыстық балалар мен жасөспірімдер театрлары байқауының өткізілуі – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Мұндай өнер додасының өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы жас таланттардың сахнаға жол ашып, театр мәдениетінің қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Он-он бес жасында үлкен сахнаға шығып, кейіпкердің жан дүниесін түсінуге, оның қуанышы мен мұңын көрерменге жеткізуге талпынған баланың еңбегі оңай емес. Ол үшін жаттаған мәтін мен сахнадағы қимыл аздық етеді. Кейіпкердің болмысын тану, сезімді жеткізу, серіктесін тыңдау, сахна тәртібіне бағыну қажет. Мұның бәрі жасөспірімнің бойында табандылықты, жауапкершілікті, өзіне деген сенімді қалыптастырады.
Бүгін сахнада бала кейіпкерін сомдап жүрген жас актер ертең кәсіби өнер жолын таңдамауы да мүмкін. Бірақ театрдан алған тәрбиесі, сахнада жинаған тәжірибесі, көпшілік алдында өзін ұстау мәдениеті оның өмірлік серігіне айналары сөзсіз. Сондықтан балалар театрларының жетістігін тек жеңіп алған жүлдесімен өлшеу аздық етеді. Ең бастысы – олардың бойындағы талабын ұштап, өнерге деген құрметін қалыптастыру.
Ал осының бәрінің бастауында бала бойындағы бұлақтай тұнық талантты танып, оны өнер арнасына бағыттай білген Кендебай ата мен Алмахан апаның толассыз еңбегі жатыр. Баланың сахнаға деген алғашқы қадамын сеніммен қарсы алып, кейде еркелігіне төзіп, кейде талабын қайрап, әр кейіпкердің болмысын ашуға баулитын да – солар. Бір қарағанда, баламен жұмыс істеу жеңіл көрінгенімен, оның мінезін меңгеріп, қабілетін ашу, сахна тәртібіне үйрету, өнерге деген қызығушылығын жоғалтпай, керісінше, одан әрі өрістету үлкен төзім мен кәсіби шеберлікті талап етеді.
Ұстаз үшін шәкіртінің сахнадағы әрбір сәті, алғашқы сәтті рөлі мен көрерменнің қошеметі – маңдай тердің қайтарымы. Ал байқаудағы жеңіс – сол ұзақ жолдағы еңбектің бір белесі ғана.
Отыздан астам республикалық және халықаралық фестивальде бас жүлде иеленіп, өнерімен талай белесті бағындырған бұл ұжымның әлеуеті зор. Ендігі жерде осы шығармашылық мүмкіндікті жаңа деңгейге көтеріп, Жетісу өңірінде балалар мен жас- өспірімдер театрының шаңырағын көтеру туралы бастама қолға алынса дейміз. Өйткені еліміздің бірқатар облысында жас көрерменге арналған жеке театрлар жұмыс істеп, өскелең ұрпақтың өнерге жақын болуына жол ашып отыр. Жетісудың да осындай өнер ордасына ие болуы өңірдің мәдени тынысын кеңейтіп қана қоймай, сахна арқылы бала қиялына қанат бітіріп, рухани тәрбиесіне үлес қосар еді.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ






