Жетісу облысында ішкі туризмді дамыту және өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Туризм саласын дамыту мақсатында облыстың 2026 жылға арналған туристік іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес 24 іс-шара өткізу жоспарланған. Оның ішінде 8 мәдени іс-шара мен фестиваль, 2 іскерлік кездесу және форум, 2 ақпараттық тур, 3 экспедиция, 2 оқыту іс-шарасы мен шеберлік сабақтары, 6 спорттық іс-шара және Алматы қаласында 1 көрме бар. Бүгінгі таңда бекітілген жоспарға сәйкес 11 іс-шара өтті.
Республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне Жетісу облысынан үш фестиваль енді: «Сиверс алмасының гүлдеуі», «Алакөл толқыны» және «Алтын-Емел – құландар мекені». Республикалық деңгейдегі алғашқы ірі іс-шаралардың «Сиверс алмасының гүлдеуі» болды. Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірдің туристік имиджін нығайту, экологиялық туризмді дамыту, табиғи мұраны сақтау және кеңінен насихаттау. Фестивальге 7 мыңнан астам адам қатысты.
Жоспар бойынша 25 шілде күні Алакөл жағалауындағы Ақши ауылында кезекті республикалық «Алакөл толқыны» фестивалі ұйымдастырылады. Бағдарлама аясында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт, DJ-сет, көл жағасындағы ойын-сауық бағдарламасы, ерекше жанрдағы әртістердің өнер көрсетуі, интерактивті алаңдар, байқаулар және мерекелік отшашу болады.
Тағы бір маңызды оқиға – Балқаш көлінің жағалауында өтетін алғашқы коммуналдық жағажайдың ашылуына орайластырылған «Zhetysu Balkhash Fest – 2026» фестивалі болмақ.
Аталған екі фестивальге 10 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған. Бұл фестивальдерді өткізу Жетісу облысының туристік бағытын арттырып, шағын және орта бизнестің, қызмет көрсету саласының дамуына қолдау көрсетуге, өңірдің табиғи көрікті жерлеріне деген қызығушылықты оятуға және облыстың еліміздегі жетекші туристік өңірлердің бірі ретіндегі имиджін нығайтуға мүмкіндік береді.
«Жетісу-Ақпарат»





