«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейіне әлемнің көптеген елін аралап, тарихи және мәдени орындарды кең аудиторияға танытып жүрген танымал саяхатшы, контент авторы Ахмед Хаггагович арнайы келді.
Саяхатшы Жаркент қаласына сапары барысында тарихи нысан – Киелі ағаш пен «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейіне арнайы ат басын бұрып, музейдің бірегей сәулетімен және тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Сапар аясында Ахмед Хаггагович Жаркент мешіті туралы өзінің миллиондаған оқырманы мен көрерменіне таныстыру мақсатында арнайы бейнематериал түсірді.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы сәулет өнерінің қайталанбас үлгісі саналатын Жаркент мешіті – Жетісу өңірінің ғана емес, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасындағы ерекше нысандардың бірі. Мешіт сәулетінен қазақ, Орта Азия және қытай сәулет өнерінің өзіндік ерекшеліктері үйлесім тапқан.
Хаггаговичтің музейге келуі – Жаркент мешітінің тарихы мен сәулеттік ерекшеліктерін халықаралық деңгейдегі цифрлық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Оның сапар барысында түсірген бейнематериалы арқылы Жетісудың тарихи орындарына шетелдік туристердің қызығушылығын арттыруға және өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға жол ашылады.
«Жаркент мешіті» сәулет-көркем- өнер музейі ұжымы үшін мұндай кездесулер – тарихи-мәдени мұраны заманауи медиа мүмкіндіктер арқылы дәріптеудің, Жетісудың туристік брендін қалыптастырудың және өңірдің көрікті жерлерін әлемдік аудиторияға танытудың маңызды мүмкіндігі.
Жетісудың тарихы мен мәдениеті енді музей қабырғасында ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрерменнің назарында.
Тоғжан НҰРҒАЛИҚЫЗЫ





