ЭНЕРГИЯНЫ ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ

Уақыты: 14.06.2022
Оқылды: 1028
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Электр энергиясын есепке алу құралын пайдалануға байланысты толғандырған сұрақтарды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Алматы  облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ерікбай НАРМҰРАТОВҚА жолдап, төмендегідей жауап алдық.

  – Ерікбай Әзіретқұлұлы, күнделікті өмірді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Осыған байланысты тұтынушыларда көптеген сұрақ туындап жатады. Жалпы, тұрғындар электр қуатын есепке алу құралдарын орнатуға міндетті ме?
– Электр энергиясын пайдалану қағидаларының  9 параграфына сәйкес, электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушылар электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарынсыз электр энергиясы қабылдағыштарын қосуға болмайды. Яғни, бұл ереже есепке алу құралдарын орнатуды міндеттейді.
 – Көп жағдайда тұрғындар есепке алу құралын текесеруге келген мамандардың жұмысына кедергі келтіріп жатады. Бұл қаншалықты заңды?
– Негізінде, тұтынушылар электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралдарын энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымның өкілдері қарап тексеруі үшін кедергісіз жерге орнатуы керек. Сонда түсініспеушілік кездеспейді. Егер энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымның және энергетикалық қадағалау және бақылау органының өкілдеріне жұмыс уақытында тұтынушылар кедергі жасаса энергия өндіруші ұйым тұтынушыға электр энергиясын беруді толығымен тоқтатып тастай алады. 
– Электр есептегіш жиі тексеріліп тұра ма?
 – Электр есептегіштерді тексеру – есепке алу құралының жарамдылығына жүргізілетін сараптама. Тексеріс екі түрлі жағдайда жүргізіледі. Бірі – ҚР өлшем бірліктерін қамтамасыз ету мемлекеттік жүйесінің тізілімінде көрсетілген мерзімдегі тексерісаралық интервалға сәйкес жүргізіледі. Енді бірі – мүдделі тараптардың өтініші бойынша жоспардан тыс салыстырып тексеру жасалады. Жоспардан тыс салыстырып тексеру кезіндегі шығынды тексеруді өтінген тарап өтейді. 
– Тұтынушылардың есептеу құралдарын өз бетінше орнатуына бола ма?
– Болмайды. Оны тек электр энергиясын есепке алу құралдарын орнатуға рұқсаты бар мамандандырылған ұйым ғана жүзеге асырады. 
– Түсінікті. Ендеше есептеу құралдары кімнің есебінен орнатылады?
– Жаңа салынып жатқан және қайта құрылатын объектілерде электр энергиясының коммерциялық есепке алу құралы тұтынушының есебінен, ал электр энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушылардың бұрын қойылған коммерциялық есепке алу құралын ауыстыру, аталмыш норма электр энергиясы тарифінің ішіне кіретін жағдайда энергия беруші ұйымның есебінен жүргізіледі. 
– Тұтынушының есепке алу құралы бұзылған жағдайда қалай болады?
– Тұтынушының есепке алу құралының бұзылғаны анықталған жағдайда тұтынудың есебін энергия беруші ұйым алдыңғы немесе электр энергиясының қаржысы мен есепке алу схемасы түзетілген келесі есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізеді. Есеп айырысу кезеңі бұзылу анықталған күннен бастап қалпына келтіру күніне дейінгі аралықты қамтиды. Алайда, ол мерзім күнтізбелік 30 күннен аспауы қажет.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Қ. ОМАРАҚЫН