САПАНЫ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1120
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тоғыз жолдың торабында орналасқан аймағымызда жол мәселесі әлі де өзекті. Жергілікті жұрт қаржы бөлінсе де сағызша созылып бітпей жатқан немесе сапасыз салынған күрежолдың азабын тартып келеді. 

Тапсырыс беруші мен мердігер ұйым арасында жасалған келісімшарттар бұзылып, соттасып жатқандар да аз емес. Мұның бәрі айналып келгенде өңір экономикасына кері әсер етіп, тұрғындардың қалыпты тірлігіне кесірін тигізеді. Статистикаға сүйенсек, облыста 2822 шақырым республикалық маңызға ие жол бар. Оның ішінде 524 шақырымы ақылы, 1401 шақырымы күтіп ұстау санатына жатады. Бүгінде сол жолдың 812 шақырымы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңартылуда. Атап айтар болсақ, екі облыс аумағындағы «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар», «Қапшағай – Күрті», «Шамалған стансысының айналма жолы», «Үшарал – Достық» жолдары салынып жатыр. Оның ішіндегі екі жоба республикалық, қалғаны халықаралық қаржы институттары есебінен қаржыландырылған. 
Аймақта құрылыс жұмысы кешеуілдеп жатқан нысандар да бар. Айталық,  ҚР ИИДМ автомобиль жолдары комитеті тапсырыс берген «Күрті – Бурылбайтал» бағытындағы 2295-2380 шақырым (85 шақырым)  аралығындағы автожолын қайта жаңарту барысында жауапкершілігін толық өтемеген «СПИК Аккорд» ААҚ мердігерлік ұйымымен 2020 жылы келісімшарт бұзылып, бүгінде тендер нәтижесі бойынша жаңа мердігер ретінде «F&A ROAD CONSTRUCTION» БК (Фермак және Ақжол БК) анықталған.  Тапсырыс беруші ұйым мен мердігер өткен жылдың 25 қазанында 29,2 млрд. теңге мөлшеріндегі келісімшартқа қол қойды.  
Демек, алдағы бірнеше жылда жол құрылысы қыза түседі. Сондықтан жұмыс режимін, сапасын күн сайын қатаң қадағалап, бақылап тұрған дұрыс. Оны құзырлы мекеменің міндеті деп қарамай, әр өңірдегі азаматтар да атсалысқаны жөн.

Қажет АНДАС