ТАЛҒАРДА ӘКІМ САЙЛАУЫ ӨТТІ

Уақыты: 14.06.2022
Оқылды: 1315
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дерек көздеріне сүйенсек, сайлаушылар саны 40 мыңнан асатын Талғар қаласына әкімнің тұрақтауы қиын екендігін жасыруға болмас. Осыдан жарты жыл бұрын Талғар қаласының әкімі болып тағайындалған дәрігер Қ. Исабаев та ұзаққа бармады. Осыған байланысты өткен жексенбіде қала бойынша әкім сайлауы өтті.

Барлығы 24 сайлау учаскесі (оның екеуі жабық сайлау учаскесі) бойынша сайлаушылар өз таңдауын жасап, дауыс берді. Талғар аудандық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгінсек, сайлаушылардың 23,77 пайызы сайлауға қатысып, өз таңдауын жасаған. Сонымен сайлау қорытындысы бойынша Талғар қаласының әкімі лауазымына Бақыт Қуатбекұлы Күрішбеков 47,71 пайыз дауыс жинап, басымдыққа ие болды.
– Талғар қаласы әкімінің лауазымына 4 үміткер қатысты. Сайлау қорытындысы бойынша Бақыт Күрішбеков басым дауысқа ие болды. Үміткерлер ішінде Бақытжан Ақботаев 23,63 пайыз дауыс жинаса, Нұрбек Бақытқанұлына сайлаушылардың 17,84 пайызы, ал Сапарбек Назарбаевқа 7,70 пайызы дауыс берген. Барлығына қарсы – 218 сайлаушы болса, бүлінген және дұрыс қолданбаған бланктер саны 93 болды, – дейді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхит Дүйсебаев.
«Жас келсе – іске» демекші, жуырда ғана 32 жасқа толған Бақыт Күрішбеков Талғар қаласында дүниеге келген. Бұған дейін Алатау, Бесағаш ауылдық және Талғар қалалық әкімшілік аппаратында маман болып мемлекеттік қызметте тәжірибесін шыңдаса, 2020 жылдан бері «Amanat» партиясы Талғар аудандық филиалының атқарушы хатшысы қызметін абыройлы атқарды.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы
Алматы облысы