ТОНАЛҒАН САЯБАҚ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Уақыты: 17.06.2022
Оқылды: 1264
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеген ауданының орталығынан жастар саябағының ашылғанына біраз жыл болды. Қараусыз қалу салдарынан бірнеше мәрте тоналды, қирады. Соңғы жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 

Кеген ауылдық округі әкімінің тізгінін Руслан Масеновтей азамат алғалы осы саябақты жаз маусымында мәнді де мағыналы демалыс орнына айналдыру көзделуде. Арнайы қаражат бөлініп, саябақ ішіне гүлзарлар жасалды. Жарық шамдары орнатылды. Жақын күндері саябақта субұрқақ атқылап тұратын болады. Демалыс орнының аймағына балалар ойнайтын құрылғылар қойылды. Оның сыртында ұлттық нақыштағы бірнеше  киіз үй орналастырылып, келушілерге қымыз, ұлттық тағамдар ұсынылады. Сөйтіп, жастар саябағына келушілер уақытын әсерлі өткізеді. Шыршасы, тал-теректері жарасқан саябақта осындай демалыс орнының болғаны шын мәнінде құптарлық.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы
Алматы облысы