ЕНДІ ЖОЛ АЗАБЫН ТАРТПАЙДЫ

Уақыты: 16.06.2022
Оқылды: 1017
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысына қарасты Қаратал ауданы Көпбірлік ауылына баратын қара жолдың сау тамтығы жоқ. Аудан орталығынан 184 шақырым жерде орналасқан Көпбірлік ауылының тұрғындары талай жылдан бері жол азабын тартып келеді. 


Соңғы үш жылда аталған ауылға жол салу мәселесі қолға алынып, жұмыс жүре бастаған еді. Өкінішке қарай, басталған жұмыс орта жолда тоқтап қалып, тұрғындардың наразылығын тудырғаны тағы бар. Тас жол салу жұмысына сол кезде 408 млн. қаражат бөлінген. Кейін алғашқы жобаларында шикілік анықталып, жобаны қайта өзгертті. Оған қосымша қаражат бөлініп, асфальт төселу керек деп ұйғарған. Қаражаты бөлінсе де, жұмыстың басталуы созылып кеткен-ді. Шағымданған ауыл халқы «Jetіsý» газетіне бірнеше рет базынасын айтқан еді. Редакция әркез тұрғындардың шағымы бойынша мәселенің мән-жайын анықтап, мақала жазған. Енді, міне, сол кездегі кемшіліктер орнына келіп, жол жөндеу жұмыстары қайта қолға алынды. Байшегір – Көпбірлік ауылының арасы – 28,2 шақырым. Аталған ауылдың арасын жалғайтын жолға жаңа асфальт төселіп, қазіргі уақытта орта жолға жетті. Бұған дейін екі аралықта мүлде тас жол болмаған. Екі ауыл арасына қатынайтын тұрғындар енді жол азабын тартпайды. Ал Үштөбе – Байшегір ауылын жалғайтын аралықтың жолы өте нашар. Әсіресе аудан орталығынан 35 шақырымға дейінгі жолда мүлде жүру мүмкін емес. Аталған аралықтың да алдағы уақытта жөнделетініне сенімдіміз.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ
Қаратал ауданы
Жетісу облысы