ТАРИХИ ОРЫН АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.06.2022
Оқылды: 1717
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақсу жері – тарихы терең, өткеннің талай құпиясын бауырына бүгіп жатқан өңір. «Қызылжар шайқасы» экспедиция аяында осы өңірдегі тағы бір тарихи нысан анықталып, белгі қойылып, оны қасиетті нысандар тізіміне енгізудің алғашқы бастамасы жасалды.

Расында, қазақ-жоңғар соғысы тұсында Жетісу жері үшін күрес талай боздақтың жанын қиып, ерлік істердің өнегесін қалдырды. Бірақ соның көбі зерттелмей, тек аңыз болып айтылып жүр. Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі Орбұлақ шайқасының ақиқаты анықталды. Ал Қызылжар шайқасы – сол елдік жолындағы ерлік күрестің заңды жалғасы.

Қора шатқалы арқылы Қапалға асатын тұстағы Қызылжар асуында 100 батыр жасанып келген жауды тосып, елді қорғау жолында ерлікпен құрбан болады. Олар осы арқылы ел мен жерді қорғау үшін істеген ерліктің қанша ғасыр өтсе де ел жадынан өшпейтіндігін ұғындырды. Сонымен қатар, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген халық даналығының да ақиқатын әйгіледі. Бұл ақиқат сол шайқастың бас қолбасшысы Құдайназар батыр мен қызы Гүлайымның ерлік істері ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып, бүгінгі күнге жетті. Елі де ерінің ерлігін ескерусіз қалдырмады. Көпшілік батыр мен оның қызы және 100 сарбаз жерленген қорым мен шайқас болған Қызылжар  асуына белгі қойып, тарихты қайта жаңғыртты.

«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» жобасы аясында Алматы және Жетісу облыстары аумағынан 57 нысан мемлекеттік комиссияның сарабынан өтіп, сол тізімге енген. Тарихи орындарды тізімге алу ісі әлі жалғасуда. Аталған экспедиция – сол игілікті істің бір парасы.

 – Алдағы уақытта Қызылжар шайқасы болған және Құдайназар батыр мен батыр қызы Гүлайым басшылығындағы жүз сарбаздың қайтыс болған жерін картаға түсіріп, мемлекеттік комиссияға ұсынамыз. Егер қолдау тауып жатса, қасиетті нысан ретінде мемлекеттік тізімге енгіземіз, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов.

Тарихи нысанның анықталуы батыр ұрпақтары үшін де үлкен қуаныш болды. Енді олар сол шайқаста қайтыс болған 100 сарбаздың есімін анықтап, рухын ояту үшін ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырып, тарихи фильм түсіріп, көркем әдебиеттер жазуды қолға алмақ.

 

Қажет Андас
Қапал ауылы,
Ақсу ауданы
Жетісу облысы