АЛАШ ИДЕЯСЫМЕН РУХТАНҒАН...

Уақыты: 28.06.2022
Оқылды: 1400
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Арғы беттегі қазақ баспасөзіне «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының ықпалы зор болды. Аталған басылымдардың сарғайған түптемесін ақтарып отырып, Қытайдағы қазақ қандастардың өткен ғасырдың алғашқы ширегінде «Қазақ» газетіне, «Айқап» журналына үнемі қаржылай қолдау көрсетумен қатар, оны алдырып оқығаны туралы ақпарат бар. Өкінішке қарай, бұл басылымдар төте жазумен шыққандықтан ол деректер күні бүгінге дейін оқырманға жетпей келеді. 

Бірақ ол тұста арғы беттегі қазақтардың арасында баспа өнерінің қыры мен сырын білетін маманның тапшылығынан газет шығарып, журнал бастыруға мүмкіндік болмады. Ал 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін арғы бетке асқан зиялы қауым Қазақстанда шыққан газет-журнал түптемелерін, баспа өнімдерін өздерімен бірге алып өтіп, олардың баспагерлікке деген танымын оятты. Осының нәтижесінде 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың алғашқы жартысында Қазан, Алматы, Ташкент қалаларына жастарды оқуға жіберіп, баспагерлікпен айналысатын маман тәрбиелеу ісін қолға ала бастады.
Арғы беттегі қазақтар арасында баспа өнерінің алғашқы уығы Шәуешек қаласында тігілді. 1914 жылы ашылған «Тұран мектебі» алғашында Қазақстанда Ахмет  Байтұрсынұлы емлесімен шығатын оқу құралдарын пайдаланып келсе, 1925 жылдары Қазан қаласынан баспа құралдарын сатып әкеліп, өздері оқулық құрастыра бастады. Бұл сол өңірдегі баспасөздің басталғанынан дерек береді. Сол негізде «Біздің үн» (Бізниң Тауыш) деген газет өмірге келді. Ол газеттің таза ұлттық бағыт ұстанғаны жергілікті өкіметке жақпады. Сонымен 1935 жылы осы газетті тоқтату үшін қытайша, ұйғырша «Шыңжаң» газетінің Шәуешек бетін шығарып, кейін «Жаңа Шыңжаң» деген журналға өзгертілді. 
Осы тұста 1935 жылы Үрімжі қаласында «Шыңжаң» газетінің қазақ тіліндегі нұсқасы шыға бастағанын айта кеткен жөн. Бұл газет Шыңжаңдағы баспасөздің дамуына оң ықпал етті. 
Өр Алтай өңірінде 1935 жылы  Шәріпхан төре Жеңісханұлының ықпалымен ең алғаш «Шыңжаң Алтай» газеті шықты. Сол кезден бастап атауы 6-7 рет өзгерген бұл басылымның аты 1949 жылы «Бірлік» деп ауыстырылып, 1951 жылға дейін жарық көріп тұрған. 
Іле өңіріндегі баспасөздің тарихын Құлжа қаласында 1935 жылы құрылған қазақ-қырғыз мәдени ағарту ұйымымен тікелей байланыстыруға болады. Сол жылы Құлжада «Төңкеріс таңы» атты газет шықты. Оны Таңжарық Жолдыұлы басқарды. 1944 жылы «Азат Шығыс Түркістан» (кейін «Төңкеріс таңына» ауыстырылды), 1946 жылы «Күрес» журналы таратыла бастады. Бұдан бөлек, Іле, Алтай, Тарбағатай өңірінде  «Одақ», «Мекен», «Жаңа Шыңжаң», «Төңкерісшіл жастар», «Тарбағатай», «Сәуле», «Алға», «Төңкеріс шұғыласы», «Білім арнасы», «Әйел-қыздар үні», «Өмір», «Шолпан» (кейін «Ынтымақ туы» деп өзгертілген) журналдары жарық көрген.
Бүгінгі таңда Шыңжаңда «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Алтай газеті», «Тарбағатай газеті», «Шыңжаң ғылым-техника газеті», «Іле ғылым-техника, информация газеті» сияқты газеттер үзбей шығып тұрады. Ал әдеби журналдар ретінде «Шұғыла», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Тарбағатай», «Сайрам», «Боғда», тағы да басқа журналдар жұрттың ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар, әлемдегі әдебиет жауһарларымен таныстыруда «Көкжиек», ұлтымыздың мол мұрасын жинақтап, саралап, жұртқа таратуда «Мұра» (алғашқы атауы «Шалғын»), қазақ тілін зерттеуге бағытталған «Тіл және аударма» журналдарының үлесі де аз болмады. 
Қысқасы, арғы беттегі қазақ баспасөзінің алғашқы төркіні «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының бағытын ұстанды. Демек, Алаш рухы арғы беттегі қазақтардың баспа өнеріне ерекше ықпал етті. 

Қажет АНДАС