БАСПАСӨЗДІҢ БАҒЫ МЕН БЕДЕЛІ

Уақыты: 28.06.2022
Оқылды: 998
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақпарат айдынында алға жылжыған ұлы көштің арасындағы бедері айқын, берері мол басылымдардың қатарында қазақ баспасөзінің қара шаңырағының бірі ретінде  «Jetіsý» газеті де өз бағыт-бағдарынан жаңылмай келеді. Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев «Жетісу» газетін: «Жаңа санын асыға қолға ұстайтын қадау-қадау газеттердің бірегейі осы – «Жетісу». Сөзінің бүрі, көрікті түрі бар басылым қай қоғам тұсында да, қай кезеңде де жалпы елдің қамын жеді, барша қазақтың  айтарын тасқа басып, көппен бірге асқар асты», – деп бағалаған. 

«Jetіsý» газеті  – өткен ғасырдың басындағы «елім» деген Алаш арыстарының, қаламы қарымды ақын-жазушылардың, ел тізгінін ұстаған саясаткерлердің қаламының  ізі қалып, толғаныстарын тасқа басқан,  талантын ұштаған киелі ордасы. Сол үрдіс бүгінгі буынға да үлгі болып, өнегелі істерін өрге оздыруда. Өзінің ғасырдан асқан ғұмырында басылымда бүгінде қарымды қаламгерлігімен жұртты мойындатқан, майталман   журналистігімен дараланған,   халық арасында беделі зор, елі үшін елеңдеуден арылмаған тұлғалар жұмыс істеді. Қазір де сол ірілер салған ізденісті ізден жаңылмай, қазақ руханиятының өрлеуіне өзіндік  үлес қосатын журналистер буыны жетіліп келеді.
Қандай ақпарат құралы  болса да, ең алдымен, елдің тыныштығы, өркендеп-өсуі, кемелденуі жолында еңбек ететіні анық.  Газеттің бағын ашып, беделін арттыратын – журналистердің мамандыққа адалдығы мен өзара түсіністігі. Сондықтан қандай да бір басылымның беделі биік, жұрт алдында танымалдылығы жоғары болса, онда жұмыс істейтін жандардың ауызбіршілігі мығым, ізденгіштігі ұшқыр, жауапкершілігі мол дей аламыз.  «Jetіsý» газетінің ұжымы сондай береке-бірліктің жібек жібін үзбеген үлгісімен де басқалардың құрметіне бөленіп жүр.
Мен де осы басылымға алғаш келгенде сол тұстағы аға буынның жалықпай жетелеуі, ерінбей үйретуінің арқасында журналистиканың қыры мен сырына қанықтым. Бүгінде соңымнан ерген жастарға сол ұстаздардан алған үлгіні үйретіп, тәжірибемен бөлісіп, бүгінгі кезеңнің баспасөзге жүктер салмақты жүгін бірлесе арқалаудамын. Кез келген ұжымды жетілдіретін, оның әрбір мүшесінің шыңдалып,  мамандығының мақтанышына айналуы өзара береке-бірлік пен түсіністікке байланысты. Мен де сондай берекелі  ортаның бір өкілі болғаныма тәубе деймін!
Журналистер – бала мінез жандар. Олар өз басындағы қиындықты естен шығарып қойып, басқалардың мәселесін шешу үшін бар ниетімен шапқылап жүреді. Сондай сындарлы шақтарда  қиындықтармен  бетпе-бет келсе де, жаны жүдеп, жүрегі сыздаса да ешқашан шегінбейді,  қапаланбайды. Қайта, өзінің көмегімен басқалардың қуанғанын көргенде жан-дүниесімен елжірейтіні бар. Бірақ көпе-көрнеу қиянатты көрсе күйзеліп қалады. Сондықтан журналистерді де бір уақыт балапандай баптап, балаша мақтап қойған артықтық етпейді. Жыл сайын мерейіміз өсіп, мәртебеміз биіктеп қалатын 28 маусымды асыға күтетін әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! 
Бүгінгі ақпараттар алдыңғы орынға шыққан кезеңде қай елдің, қай ұлттың ақпараты  жедел әрі сенімді болса, замана көшінің тізгініне де солар иелік етеді. Сондықтан бұл бәсекеде баспасөзін өркендете алған ел ғана озады. Еліміздің ақпараттық әлеуеті артып келе жатқандығында, әлемдік кеңістіктегі беделінің биіктігіне әріптестерім  – журналистер ересен үлес қосып жатқанына қуанамын. Осы биігімізден түспей, жетістігімізді  жоғалтпай,  болашаққа беттей берейік дегім келеді.

Болат  АБАҒАН