ҚАЗАҚСТАННАН ПАРИЖГЕ ВЕЛОСИПЕДПЕН БАРҒАН ЗАҒИП ЖАН

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1196
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кейде он екі мүшесі сау бола тұра, сәл қиындық көрсе өмірге өкпе айтып, тағдырына налып жатқан жандарды кездестіреміз. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қамшының сабындай қысқа ғұмырдың әрбір сәті, әр минуты қымбат. Жарымжан болғанымен олардың бойындағы қажыр-қайрат пен өмірге деген құштарлықты көріп қайран қаласыз. Тағдырдың тауқыметін тартса да, басына түскен алуан түрлі қиындықтарды жеңген, тағдыры өзгелерге өнеге болатын жандардың бірі – Мусрят ЕЛИБАКИЕВ.

Өмірдің ағысына қарсы жүзіп, қиындығына төтеп берген, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген кейіпкеріміз 1964 жылы Еңбекшіқазақ ауданы, Қайназар ауылында наурыз айының 5-жұлдызында дүниеге келеді. Ол жарық дүние есігін сау адамдардың қатарында ашады. Отбасының еркесі бір кездері балалық шақтың бал дәуреніне батып, құрбы-құрдастарының ортасында  ойнап жүрген қазақтың қара домалақ баласы еді. Мектепте де үлгілі оқушылардың бірі болды. Спорт дейтін сиқырлы өнерді жанына серік етті. Алға қойған мақсаты көп еді. Бірақ, жал-жал толқынды үлкен өмірге қадам басуға аз қалған шақта қос жанарынан айрылады.

Мусрият оныншы сынып оқып жүрген кезінде анасы екеуі үй әктемекші болады. Өкінішке қарай, әк қайнап жатқан бөшке жарылып,  көзіне шашырап кетеді. Осы кезден бастап ол соқыр болып қалды. Суқараңғылықтан қорыққан анасы баласын талай жерге апарып емдетеді. Ұлым жазылса екен деп зар илеген ана төрт жыл жан-жақты аралап, аурухананың табалдырығын тоздырады. Баласын жазу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Алайда, бұдан жағдай оңалмаған. Қазақтың қайсар баласы көз жанарынан айырылып, зағип жанға айналды. Бұл параспортшы үшін ауыр соққы болды. Дәрігерлер «көз жанарың енді көрмейді, емделмейді» дегенде асқақ армандары желге ұшып, тауы шағылды. Біраз жыл қамкөңіл күйде жүріп, үйден шықпапты.

Өмірдің заңы қатал, бетпе-бет келген қиындыққа төзе алмай, әлсіздік танытсаң мүжіліп, бұл өмірде бар-жоғың білінбей өтесің де кетесің. Егер ағысқа қарсы жүзіп, күрессең, мақсатыңа қол жетесің. Жарты жолдан жабысқан дерт Мусрятты мүмкіндігі шектеулі жан қылса да, морт сындыра алмады. Жебір ой жігерін жаншып, тынысын тарылтса да, тағдыр талқысы алдында тізе бүкпеді. Өмір жолы тақтайдай түзу емес, сан мың соқпақты жолы бар екенін түсінген Мусрят бойына күш-жігерін қайта жинап, жаңа өмірді бастауға бекінді.

Әуелі ел қатарлы еңбектенейін деп жұмыс іздейді.  Көп ұзамай Талғардағы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа орналасады. Осы жерде арнайы уақыт бөліп, тау туризмі, жеңіл атлетикамен айналысады. Спортпен шұғылданып жүріп, аталмыш қоғамдық бірлестіктің спорт саласы бойынша әдіскері қызметіне ауысады. 1991 жылы бапкерлер жұмысқа тоғызқұмалақ алып келіп, көздері көрмейтін жандар үйрене ала ма деп тексереді? Ойы ұшқыр кейіпкеріміз қазақтың ұлттық ойынын тез үйреніп алады. Сол жылы облыстық біріншілік өтіп, Мусрят топ жарады. Алғашқы жарысында жеңіске жеткен спортшы одан әрі шабыт алып, тұрақты дайындыққа кіріседі.  1992 жылы Павлодар қаласында тұңғыш рет көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында ел біріншілігі өтеді. Дүбірлі додада параспортшы тағы да жеңістің желкенін көтереді. Ел намысын арқалаған өрен тоғызқұмалақтан Қазақстанның 9 дүркін чемпионы. 25 жылда бірде-бір республикалық жарыста жеңілмеген. Кемі үздік үштіктің қатарында жүреді. 2011 жылы Прагада өткен халықаралық жарыста қарсылас шақ келтірмей,  алтыннан алқа тағады. 2019 жылы көрмейтін жандар арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алған тұңғыш спортшы атанады. Әзірге Мусрят ­– көру мүшесі зақымдалған спортшылар арасында елімізде бұл атақты алған жалғыз спортшы. Сондай-ақ, сегіз қырлы, бір сырлы жан велоспортпен (велотандем) де айналысады. Бір қаладан екінші қалаға велосипедпен барады. Ең ұзақ жолы ­– Астанадан Парижге 36 күнде барған.   

Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатқан Мусрияттың жары да спортшы. Екеуі жарыста жүріп танысып, 2011 жылы үйленіпті. Назира Құрмашқызы ­– көру мүшесі зақымданған спортшылар арасында шахматтан спорт шеберіне үміткер. Бүгінде екеуі 4 ұл тәрбиелеп отыр.

Отбасын құрғаннан кейін қос спортшы еліміздегі мүмкіндігі шектеулі спортты дамыту мақсатында Германиядан Қазақстанға голбол атты спорт түрін алып келеді. Ең бірінші федерация Алматы облысында құрылады. Бүгінде голбол спортынан 13 облыста федерация бар.  Мусрят голболдан Қазақстан құрамасының аға бапкері. Осы уақытқа дейін халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің ұйымдастыруымен 3 ел біріншілігі өтті. Төртінші Қазақстан чемпионаты тамыз айында өтеді. «Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа тартсам» деп елімізге жаңа спорт алып келіп, жарыс жасап, мүгедектерді жұмыспен қамтып жүрген жанның еңбегі елеусіз қалмады. Ел спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Құрмет орденімен марапатталады.

Мусряттың шағын жеке кәсібі де бар. Ол көзі көрмейтін жандарға арнап пластмассадан, ағаштан тоғызқұмалақ, шахмат ойнайтын тақта шығарады. Қазірдің өзінде мүмкіндігі шектеулі 8 адамды жұмыспен қамтып отыр.  Спортшының алдағы арманы – мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы голбол спорты олимпиадаға кіріп, қазақ спортшылары Туымызды көкте желбіреткеніне куә болу.

Түйін: «Өмір қандай болса да, мен оны сүйемін» деген жанның сөзі бізді де бейжай қалдырмады. Тасжарған спортшы жүректі жаншылаған мұңын, басына салған тағдырдың қиындығын жеңе білді. Қилы тағдырдың қиындығын көрсе де,  теперішіне қасқая қарсы тұрды. Құлшынысы құлдырамады. Соның арқасында ол сау адамдардың қатарына қосылды. Қайсар жанның өмірде де, спортта да жетістігі көп. Тізгінсіз көңілін сынаққа көндіріп, өмірдің қатал мінезіне шайқалмай, алуан соқтықпалы-соқпақты ауыр жолдардан қайсарлықпен шыңдала өткен жанның өмірі көпке үлгі.  Ол әлі талай белесті бағындыратынына сенімдіміз. Өйткені, оның бойында биік те мықты рух бар.

Айдар ҚАЛИЕВ