ЛИМУЗИН ИЕЛЕРІ МЕМЛЕКЕТКЕ МИЛЛИОНДАҒАН ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1250
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Лимузин иелеріне соңғы үш жылдың салығын қайта есептеген. Енді әрбір кәсіпкер көлік құралдарының салығы бойынша мемлекетке бірнеше миллион теңге қарыз. Ашулы кәсіпкерлер Алматы облысының кәсіпкерлер палатасына қолдау үшін жүгінді.

«Атамекен» кеңсесінде лимузиндердің 50-ге жуық иесі жиналды. Мән-жайларды анықтау үшін Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің, Талдықорған көлік прокуратурасы және әкімшілік полиция басқармасының өкілдері шақырылды.

Автокөлік иелерінің айтуынша, пайда болған берешекті мобильдік қосымшадан биылғы мамыр айында көрген. Бірден 2 миллион аралығында салық берешегі анықталған. Осыдан кейін кәсіпкерлер Талғар аудандық МКБ-не өтініш білдірген. Салықты қайта есептеу Салық кодексінің 492-бабы 4-тармағына сәйкес, сондай-ақ Алматы облысы МКД-нің 19 мамырдағы тапсырмасына сәйкес 2019, 2020, 2021 жылғы 42 көлік құралы (лимузиндер) бойынша жүргізілгені туралы жауап берді. Көлік иелері бұған дейін 2019 және 2020 жылдар аралығында салықтарды "D" санаты бойынша автобустар ретінде төлегенін айтып өтті.

– Біз 2020 жылдан бастап пандемия кезінде жұмыс істемедік. Көліктерге сұраныс болмаған соң олар қозғалыссыз тұрды. Табыс та болмады. Бүгінде жағдай шиеленісе түсті. Әрқайсымыздың бір-екі миллион теңгеге дейін салық берешегіміз бар. Жеке сот орындаушылары өндірістік істерді қозғап, бізден салық төлеуді және өз қызметтері үшін берешек сомасының 25%-ын төлеуді талап етеді. Сондықтан біз қайта есептеуді алып тастауды сұраймыз және оны заңсыз деп есептейміз, – деді кәсіпкер Айдос Үсенұлы.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапар Шайкенов қайта есептеу тек облыста ғана емес, бүкіл республика бойынша жүргізілгенін айтты.

– Бұл бүкіл Қазақстан бойынша өткізілуде. Бүгінде біз оны алып тастай алмаймыз. Қайта есептеу заң аясында жасалды, – деді кәсіпкерлер сұрағына жауап берген МКД өкілі.

Прокуратура мен полиция өкілдері салық органының іс-әрекетінде қайшылықтардың бар екенін, заңнамада «лимузин» ұғымы жоқ екенін айтып өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мәселені зерттемек. Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Думан Керімбаев қарызды өндіріп алу үрдісін уақытша тоқтатуды ұсынды. 

– Барлық іс жүргізу әрекеттерін мән-жай анықталғанға дейін тоқтата тұру қажет, себебі кәсіпкерлер наразы. Мен өз тарапымнан Алматы облысы бойынша бизнес-омбудсмен секторының меңгерушісі ретінде мәселені ҰКП проблемалық мәселелерінің тізіліміне енгізу үшін жолдайтын боламын және оның нәтижесі туралы кәсіпкерлерді хабардар етеміз, – деп мәлімдеді Думан Керімбаев.

 

                                                       Айгүл Байбосынова