ЕЛ БІРЛІГІ – МЕМЛЕКЕТ ТІРЛІГІ

Уақыты: 02.07.2022
Оқылды: 739
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қонаев қаласындағы әкімдік ғимаратында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХVII сессиясының кезекті отырысы өтті. Сессия оффлайн және онлайн байланыс арқылы жүргізілді. 

Сессияны Алматы облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Сұлтанғазиев ашты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Жарлығы күшіне еніп, Алматы облысы Жетісу және Алматы облыстары болып екіге бөлінгенін, Алматы облысы әкімдігі мен барлық мемлекеттік мекемелер қазіргі таңда Қонаев қаласына орналасқанын және Алматы облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің құрамы жаңартылып, қайта бекітілгенін, аталмыш сессия жұмысы жаңа құраммен басталғанын жеткізді. 
Марат Елеусізұлы өз сөзінде: «Бірлік, татулық, бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Ассамблея – тәуелсіздіктің, егемендіктің жеңісі. Әр жыл сайын сессия алаңында талқыланып, алға қойылатын тапсырмалар бүгінде іске асып, нәтижесін беруде. Еліміздің жаңа тарихының шешуші кезеңдерінде ассамблея әрдайым тұрақтандырушы және біріктіруші рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан қоғамындағы тұрақтылықты сақтау үшін барлық тетіктің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуде. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту, жаңаарнаға тоғыстырып, ұдайы жетілдіруді қамтамасыз ету басым бағыттарымыздың бірі болып қала бермек», – деді. 
Облыстық «Әзірбайжан этномәдени бірлестігі» ҚҚ төрағасы, облыстық ҚХА мүшесі Асылы Осман Алматы облысы орталығына Қонаев есімінің берілуі көп тілеуі мен қуанышы екенін айтты. Ел бірлігін сақтап, Қазақстанды жаңғыртуға әр адамның атсалысуы маңызды міндет екеніне тоқталды.Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу – ел дамуына ықпал ететін маңызды істердің бірі болып саналатындығын айта келе, жаңа әкімнің қызметіне табыс пен жеміс тіледі. 
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, Алматы облысы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Адам Бойсаев, Іле аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, аудандық мәслихат хатшысы Роза Абилова, Алматы облыстық «Қазақстанның орыс, славян, казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Лариса Котельникова сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың   басшылығымен өткен ХХХІ Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында берген тапсырмаларын, Жаңа Қазақстан дамуының барлық саласында және қоғамдық келісімді нығайту жолында алға қойған мақсат-міндеттерді жоғары дәрежеде орындауға бірауыздан атсалысайық.Тың леппен бастаған облыстық Ассамблеяның жаңа құрамымен Қазақстанның гүлденуіне өз үлесімізді қоса берейік», – деген облыс басшысы отрысты қорытындылады. 
Соңынан Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIIсессиясының шешімдері қабылданып, облыстық «АХЫСКА» түрік этномәдени орталығының басшысы Шахисмаил Асиев Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы