БАҚҚА АРНАЛҒАН БАҒАНДАР

Уақыты: 02.07.2022
Оқылды: 828
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еңбекшіқазақ ауданында интенсивті алма бақ өсіру қарқын алып, 3 мың гектарға жетіп қалды. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артуда. Бағбандар жұмысын жеңілдету үшін Есік қаласында орналасқан «Unifruit Production» компаниясы италияндық технология бойынша интенсивті баққа арналған тіреуіш бағандар шығара бастады. Материалдардың сапасы Еуропада жасалған өнімдерден кем емес.

– Компаниямыз Италия технологиясын пайдалануға рұқсат алған және Орта Азиядағы теңдесі жоқ бірегей кәсіпорын. Зауыт 2018 жылдан бастап іске қосылды. Алайда, әлемді жайлаған коронавирус індеті көп нәрсеге кедергі келтірді. Қазір жұмысымыз қайта жанданды. Тапсырыстар көбейе түсті. Ең бастысы, өнімдердің сапасы тұтынушыларды қызықтырады, – дейді компания директоры Ерік Мұсақұлов.
Зауыт тәулігіне 1200 дана тіреуіш баған шығарады. Мұнда 60 адам жұмыс істейді. Темір-бетон араласқан бағандар ұзындығы 64 метр болатын қалыпта құйылады. Дайын өнім кептірілген соң белгілі стандарттық мөлшерде кесіледі. Бәрі автоматты түрде жүзеге асады. Кәсіпорын бағандардың 50 жылға дейін жарамдылығына кепілдік беріп отыр.
Жаңа технология бағбандар үшін қолайлы. Бұл әдіс, біріншіден, жерді үнемдейді. Бір гектарға мыңдаған көшет отырғызуға болады. Екіншіден, жеміс ағашы 1-2 жылда өнім береді. Үшіншіден, суды ысырап қылмайды. Тамшылатып суару арқылы мол пайдаға кенелесіз. Айта берсек, жаңа технологияның бұдан басқа да пайдалы жақтары бар. Бағбандардың тың әдіске белсене кіріскендері сондықтан.
– Компания интенсивті бақ өсіретін бағбандар үшін кешенді қызмет көрсетеді. Яғни, біз алма ағашын отырғызатын жердің геодезиялық жұмыстарынан бастап, бағандар орнату, суару жүйесін іске қосуды өз жауапкершілігімізге аламыз. Сонымен қатар, ағаштарды бұршақ, жаңбыр, күннің  қатты  ыстығынан қорғайтын арнайы тормен де жабдықтаймыз, – дейді компания өкілі Бекжан Маратов.
Кәсіпорынның алдағы жоспары да ауқымды. Олардың еуропалық технологияны елімізге енгізгені көпті қуантты. 

Болат  МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды