САРҚАНДА ЗАМАНАУИ БАССЕЙН АШЫЛДЫ

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1247
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқанда соңғы жылдары кәсіпкер азаматтар түрлі әлеуметтік нысандар салып, ел игілігіне ұсынуда. Сондай кезекті нысан – «Жетісу» бассейн орталығын жерлесіміз, азамат Ерлан Бейсенбеков сәрсенбінің сәтінде пайдалануға берді.

Шомылу маусымы басталысымен сарқандықтар арысы Алакөл, Балқаш көлдеріне, берісі Теректі өзеніне сабылатын. Енді, міне, қала іргесіндегі заманауи үлгідегі бассейн келушілерге барлық қажетті қызметті көрсетеді.
Бассейн орталығының ашылуына аудан әкімі Талғат Қайнарбеков өзі келіп, көпшілік қуанышын бөлісті. Лента қиылып, әжелеріміз шашу шашты. 
Тереңдігі, көлемі әртүрлі, адамның жас ерекшеліктеріне сай үш бассейн жақсы жабдықталған. Бір мезгілде 300 демалушыны қабылдайтын нысанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 
– Жалпы, осындай заманауи бассейн ашу ойымда жүретін. Онымды отбасым қолдап, бауырым Дархан қуаттап, бірлесе қаржы құйдық, – дейді кәсіпкер Ерлан Нұрсайынұлы. – Әрине, алдымен осындай нысандарды көріп, интернетке қарап, жан-жақты салмақтап, Сарқанымызды көркейтуге үлес қосайық деп шештік. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бірінші кезекте судағы қауіпсіздікке, айдынның тазалығына мән бердік. Арнайы құтқарушылар жұмысы жолға қойылған, су тиісті сүзгіден өтеді. Бір медициналық қызметкер тұрақты түрде кезекшілікте болады. 
Келешекте бассейндерді жылыту жүйесімен жабдықтамақпыз. Сонда келушілер қара күзге дейін демала алады. 
Қазіргі балалардың ертеден кешке дейін ұялы телефонға телміргендігіне алаңдаған Ерлан Нұрсайынұлы, болашақта жабық су айдынын салып, арнайы жаттықтырушыны ұстап, түрлі су спортына баулитын үйірме ашпақ. 
Нысан аумағында таза табиғи материалдармен бой көтерген сақ моншасы да орналасқан. Жабық және ашық шатырлар астында демалушыларға сусындар, жеңіл-желпі тағамдар ұсынылады. Келешекте сұранысқа сай ыстық ас-ауқат та даярланбақ.

П. ЖЕҢІСХАН
Сарқан ауданы 
Жетісу облысы