АУЫЗ СУҒА ЖАРЫМАЙ ОТЫР

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1323
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаз маусымы басталысымен Белбұлақ ауылының тұрғындары үшін ауызсу басты уайымға айналады. Ауыл тұрғындары мұны айта-айта шаршаған. Аптап ыстықта су таппайтын тұрғындар күнделікті тіршілікке қажет ауыз суды аңдып отырып, бөшкелер мен қолда бар ыдыстарға толтырып алуға тырысады.

– Сусыз қаламыз. Менің осы ауылға көшіп келгеніме 20 жылға жуықтады. Басында колонкадан су алдық. Кейіннен  қалтамыздан қаражат жиып, құбыр тартып, орталық су құбырына қосылдық. Мұнымен де мәселе бітпеді. Таңертең су тоқтап қалады. Ал кір-қоң жуып, шайыну үшін түн ортасында келеміз. Былтырлар айлап сусыз отырған кездеріміз болды. Ауыл халқы жиналдық, шағымдандық, нәтиже жоқ. Ауылдық әкімдік өз тарапынан тиісті міндетті атқарғанымен, су мекемесінің мамандары жұмыс істемейді. Сол себепті, халықтың сенімі кетті. Фирманың атауын өгертуден басқа шаруалары жоқ сияқты...

Қазіргі кезде су қысымы өте төмен. Су құбырын жасаймыз деп, төселген асфальтты қазғандар қайта қалпына келтірмей кетті. «Орталық су құбырына қосылу» ақылы дегенді айтады. Көшелер ойқы-шойқы. Су сүзгісі жұмыс істемейді. Там-тұмдап келген су лай. Көктем мен күзге дейін көрген күніміз осы. Кір, ыдыс жуатын техникалар істен шықты. Өзіміз үшін 3 сүзгі орнаттық, ай сайын ауыстырамыз. Мұның бәрі қалтаға салмақ. Су құбыры мекемесі бау-бақшаға қажет суды уақтылы жіберіп тұрса, мұндай тапшылық болмас еді. Талап бұзған тұрғындарға айыппұл салсын, – дейді ауыл тұрғыны Тамара Грищенко.

Жауапкершіліктен жалтарады

Бірлік, Талдыбұлақ ауылдарының басын біріктіретін Белбұлақ ауылы – округ орталығы. 23 мың адам тұратын ауылдарда ауызсу мен ауылішілік жолдар тұрғындардың бас ауруына айналған. Белбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Абзал Сабалиев:

– Белбұлақ ауылы бойынша бірнеше көшеде су аз. Тіптен болмай да қалады. Халық шағымы орынды. Белбұлақ ауылдық округін сумен қамтамасыз етуге тиісті «Нұра топтық су құбыры» желісінің «Алатау» филиалына қояр сұрағымыз көп. Техникасы санаулы, мамандары аз. Жұмыстары сапасыз. Жөндегендерінің өзі екі-үш күн өтпей қайта істен шығады.

Басында ауызша айттық, қазір жазбаша түрде, тіптен таспаға түсіріп, тапсырыспен ескерттік. Ешқандай қорытынды жоқ.

Ауылдық әкімдікке келгеніме жылға жуықтады. Бір байқағаным, халықты су, жарық, газбен қамту бойынша қызмет көрсететіндер өте жауапсыз. Су тапшылығының туындауының басты себебінің бірі осы, – дейді.

Ұлбосын Исабек
Талғар ауданы
Алматы облысы