ЖҮГЕРІНІҢ ШЫҒЫМЫ ЖАҚСЫ

Уақыты: 07.07.2022
Оқылды: 1710
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Табиғат та шаруаға жақтасқандай мамыр, маусым айлары жаңбырлы болды. Сондықтан тау өзендерінің суы да мол. Алайда, диқан қауымы «Жеті күн жауған жауыннан, желіп өткен су артық» деп таудан келетін өзен суымен егістігін суаруға пейілді. 

Жаркент өңірі диқандарының  26 мың гектардан астам жерге сепкен жүгері дақылының шығымы жақсы. 
–  Биыл су тапшылығын көріп отырған жоқпыз.  Бұрынғы жылдары өңірдегі жүгерішілер шілде айының соңына қарай дақылдың алғашқы суын беріп әрең үлгіретін. Қазір 3 мәрте суаруға қол жеткіздік. «Ұйымдастыра білген ұтады» демекші, «Қазсушаруашылығы» мекемесінің Панфилов аудандық филиалы өндірістік учаскесі мұраптарының ұйымшылдықпен атқарған тынымсыз қарекетінің нәтижесінде егін суаратын судан тапшылық тартпадық. Әр тамшы суды қожалықтарға кезекпен теңдей бөліп беріп отырған мұраптарға, мекеме басшыларына айтар алғысымыз шексіз, – дейді жүгері өсірумен айналысатын «Ернар» шаруа қожалығының басшысы Тасқын Жапарқұл.
Қазір өңірдегі 20 мың гектардан астам жүгері алқабы 3 рет суарылып, 500 гектардан астам алқапқа 4-мәрте су жіберілді. Егін суару жұмыстары Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншаң және Пенжім ауылдық округтерінде қарқынды жүргізілуде.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы
Жетісу облысы
Сурет ғаламтордан алынды