ЖАНЫМ ЖАДЫРАП ҚАЙТАДЫ

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 974
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жазиралы өңірдегі «Жаркент-Арасан»  шипажайы – жанға дауа. Табиғаты көркем таулы өңірде орналасқан, термальды, радонды, хлорлы-сульфатты, натрийлі минералды суларымен  Одақ  көлеміне  әйгілі болған шипажайда демалушылар легі толастамайды. 

Кезінде мұнда қазақтың біртуар азаматтары да демалған. Соның жарқын дәлеліндей шипажай аумағынан кезінде заманымыздың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Қонаев тоқтаған қонақүй мен тікұшақ қонатын алаң менмұндалап көзге шалынады.  Шипажай 2004 жылы жеке кәсіпкердің қарамағына өткен еді. Осы кезден бастап емдеу-сауықтыру орны бірнеше рет күрделі жөнделіп, заманауи қалыпқа келтірілді. 
Бұл жерге келген демалушылардың қыз-меткерлерге деген ризашылығы шексіз. Олар, әсіресе, Ринат пен Әсемнің ақ пейіліне риза. Құрақ ұшқан Ринат демалушылардан  көмегін аямады, Әсемнің жайдары мінезі сырқаттанып тұрған адамның өзін жадыратып жібереді. Қызметкерлер  –  Сақатай апай мен Гүлге де айтар алғыс шексіз. Әсем музыкамен жаттығу өткізетін Сәуленің  жарқын жүзі емге келушілердің көңіл хошын келтіреді. Мұндағы шипалы емнен кейін  тәбетің де ашылады. Аспаздар Олжас Әкежанов, Мира Шымбергенова, Союзхан Көрпебаева және Күлғайша Ошақбаевалардың даярлаған тағамы тіл үйіреді. 
Көктем шыға бірқатарымыздың артынып-тартынып алыс шетелдерге сапар шегетініміз анық. қыруар қаражат шашып шетел асқанша, өзіміздің Алакөл мен Балқашта, «Жаркент – Арасанда» ем алғанды тиімді  санаймын. Радонды су мен батпақпен емделген соң  бойыңызға ерекше  күш-қуат құйыла бастағанын байқайсыз. Жақын маңдағы Әулиеағаш пен Жаркенттегі Уәлибай мешітіне ұйымдастырылатын арнайы сапар да естен кетпестей әсер қалдырады. Осындай алғаусыз пейілге риза болғаныңыз сонша, «Жаркенттің Арасаны-ай!» деп бұл жерге қайта айналып келуге аңсарыңыз ауып тұрады. 

Еділхан Ескелдінов,
Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы   
Жетісу облысы