АЛМАТЫДА ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫНА ОРАЙ СПАРТАКИАДА ӨТТІ

Уақыты: 09.07.2022
Оқылды: 1635
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы. Алматы қаласы дін істері басқармасының ұйытқы болуымен орталық мешіттің айт намазына жиналған қауым үшін мейрамға орай арқан тартыс, қол күрес, кір тасын көтеру, қошқар көтеру, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде өткен жарысқа 2000 адам қатысты. Жиналған жамағаттың назарын өзіне аударған – «Қошқар көтеру» сайысы болды. Шын мықтылар бәсекесінде Бауыржан Әбдіқайым жеңімпаз атанды. Ол 2 минут ішінде қошқарды 84 рет көтерді. Кір тасын көтерген білекті жігіттер де көпшілікті тамсандырды. 24 келілік екі тасты қос иығына салып, 55 рет әуелеткен Алмас Бөкенаев бас жүлдені жеңіп алды.

Арқан тартушылар сайысында ұйымшылдық танытқан «Сұңқар» тобының жігіттері топ жарды. Асық атуда ұлттық спортымызды мықты меңгерген Бекзат Әшірбай мергендік танытып, бас жүлдені иеленді. Ал білекті жігіттердің бәсекесі –қол күресте Абзал Пірімбек қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрінді. Тоғызқұмалақ сайысында Айтжан Бекмұқамбет жеңіске жетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
ФОТО: Ольга Апельганец