Тұтынушыларым өздері жарнама жасап жүреді

Уақыты: 15.07.2022
Оқылды: 728
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жеңісгүл ДӘУЛЕТОВА, кәсіпкер, қол өнер шебері?

  • Ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдыруға не себеп болды?

 – Қолөнер – менің тағдырым десем де болады. 2002 жылы жол апатына түсіп, бел омыртқама екі рет ота жасалды. 11-сыныпты төсекте жатып оқыдым. Кейін әжем тіккен сырмақтағы оюға еліктеп ою ойып, әжемнен үйренгенім бойынша шарф, балалар киімін, шұлық, тағы да басқа тұтыну бұйымдарын тоқып, сатып, жиған-терген қаражатымды іні-сіңлілерімнің керек-жарағына жұмсап жүрдім. Әжем дүниеден өткенше білетінін маған үйретіп кетті.

  • Табысқа жетудің кілті неде? Денсаулық әлде табандылық?

– Ең алдымен – қажырлы еңбек. Өз ісіңді жақсы көріп, жан-жақты іздене білсең, үйренген өнерді ары қарай жетілдіруге құлшынсаң алдыға қойған мақсатыңның нәтижесін көресің. 

  • Кәсіпкер ретінде мемлекеттен қандай көмек алдыңыз?

 – 2019 жылы конкурсқа қатысып, 2 млн. теңге мемлекеттік грант ұтып алып, кәсібімді ұлғайттым. 2013 жылы Алматыдан офис ашып, 16-55 жас аралығындағы қыз-келіншектерге ұлттық қолөнерді үйрете бастадым.  Ал жексенбі күні екі балдақпен жүрсем де бала күтімімен отырған келіншектердің үйіне барып, шеберлік сабағын өткіздім. «Прогресс» колледжінде жастарға 2 жыл дәріс беріп, көрмелер ұйымдастырдым. Ұттық ою түрлерін Орал, Шымкент, Астана қалалары мен Алматы, Жетісу, Қызылорда облыстарынан арнайы келіп үйреніп кеткендер көп.

Ұлттық бұйымдарды қайта жаңғырту өнерге қызығушылық па, әлде ұлтқа сүйіспеншілік пе?

 – Ұлттық қолөнер – менің өмірімнің мәні. 2013 жылы А. Қастеев музейінде өткен республикалық дизайнерлер байқауына қатысып, «Менің Алматым» атты құрақ түскиіз тігіп, дизайнер сертификатын алдым. Сол көрмеде әлдебір өзге ұлт өкілі «Қазақта қолөнер болмаған» деп намысқа тиер сөз айтты. Осы сөз кейінгі күндерде табысқа жетелеумен келеді. Өнерге қызығушылық ұлтқа деген сүйіспеншіліктен туындап отыр.

  • Басқа әріптестеріңізден айырмашылығыңыз неде?

– Мен бір бұйымды қайталап тігуге ынтам жоқ. Бір бұйымды жасап отырып, келесі бұйымның бейнесін, оюын ойша сызып тастаймын. Жарнама жасамаймын. Есесіне менің тұтынушыларым өздері жарнамалап жүреді. Қазір сіңлім, келінім, бәріміз осы кәсіпті бірге жасап жүрміз. Алдағы уақытта шеберлер даярлайтын орталық, цех ашуды жоспарлап қойдық.

Іле ауданы
Алматы облысы