ТАЛДЫҚОРҒАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 1099
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласында Жетісу облысына қарасты 8 аудан, 2 қаланың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда 120 тоннадан астам 25 түрлі азық-түлік тауары қала тұрғындарына саудаланды.

«Жастар» спорт сарайының қарсысындағы жол бойына қатар-қатар тізілген шатырларда ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік және жануар майы, көкөніс, жеміс-жидек, бал өнімдері, ұлттық сусындар толып тұрды. Әркім өз таңдауы бойынша керекті тауарын сатып алып жатты. 
Жәрмеңкені Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев аралап, арысы Алакөл мен Панфилов ауданынан, берісі облыс орталығының маңындағы аудан, қалалардан келген шаруалармен пікірлесіп, биылғы дала жұмыстарының жағдайын сұрастырды. Сондай-ақ, ел қатарлы Алакөлдің бал өнімдерін, Көксудың асқабағын, тағы да басқа күнделікті керекті азық-түлік  сатып алды.
– Жәрмеңкеден өз ақшасына азық-түлік сатып алған облыс әкімін бірінші рет көріп тұрмын, – деп таңданды қала тұрғындарының бірі. 
Облыс басшысы өзі бастамашы болып тауар сатып алған соң шаруалар да жұмысын көтеріңкі көңіл-күймен жалғастырды.

Қызу сауданың көрігі қайнаған бір күнде 18,6 тонна ет, 7 тонна балық,  10,8 тонна сүт өнімдері, 16,1 тонна картоп, 22,7 тонна көкөніс, 8,1 тонна жеміс-жидек, 36,7 тонна басқа да азық-түлік саудаланып,  шаруалар  83 млн. теңгеге жуық табыс тапты.
– Ауданға қарасты ауылдық округтер жәрмеңкеге бір кісідей атсалысты. Алдыңғы айда Астана қаласында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне барып қайтқанбыз. Қала тұрғындарын сапалы әрі бағасы базар бағасынан көп арзан тауарлармен қамтамасыз еткенімізге қуанамыз, – дейді Сарқан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Тоғжан Ибраева. 
Осы күнгі жәрмеңкеде Алакөлдің балы мен балық өніміне сұраныстың көптігін байқадық. 
– Біз 1996 жылдан бері балық шаруашылығымен айналысамыз. Алакөл, Қошқаркөл, Аралтөбе, тағы да басқа балық өсіру алаңымыз бар. Жәрмеңкеге 2 тонна балық және өңделген балық өнімін әкелдік, – дейді «Бейсенбаев» шаруа қожалығының төрайымы Райса Досмағұлова.
Бұл күні алыс ауылдардан келген шаруа қожалықтары өнімдерін делдалсыз саудалап, нәпақасын еселегеніне қуанышты. 
– Бүгін Қызылжар ауылындағы «Жайық» шаруа қожалығы өздері өндірген 3 тонна сәбізін, ал «Берік» шаруа қожалығы ет өнімін әкелді. Осындай жәрмеңке жиі өтіп тұрса каладағы кәсіпкерлермен танысып, тікелей сауда жасауға мүмкіндік болар еді, – дейді Ақсу ауданы, Суықсай ауылының әкімі   Қуаныш Қоңыров.
Бұл жәрмеңкеге «Көксу қант зауыты» ЖШС 20 тонна қант әкеліп, қала тұрғындарына келісін 450 теңгеден саудалады. Базар бағасынан әлдеқайда арзан құм-шекерді қала тұрғындары көптеп сатып алып жатты. 

 

Қажет АНДАС,
Талдықорған қаласы
Жетісу облысы