ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА КӨМІР ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 1206
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жылу беру маусымы басталуға жақын. Облысымызда көмір қоры жеткілікті ме? Халық қатты отыннан қағылып қалмай ма? Мәселенің мән-жайын білу мақсатында Жетісу облыстық және  Талдықорған қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесінің  мамандарымен сөйлесіп қайттық.

Мекеме өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында көмір қоры толықтырылуда.
Жалпы, облыс бойынша 34 көмір тұйығы мен 4 қойма бар. Тұрғындар қысқы маусым кезінде орташа есеппен 487,8 мың тонна көмір тұтынса, бүгінде оның жартысынан көбі (315,9 мың тонна) жеткізілген. Тұйықтар мен қоймаларда 15,5 мың тонна қатты отын қоры бар. Биыл Қаражыра разъезінен көмір жеткізу жоспары 229,8 мың тонна, Шұбаркөл разъезінен 258 мың тонна. Сондықтан көмір тапшылығы болмайды, – дейді мамандар. 
«Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қақаған аяздан қысылмай шығу үшін халықтың басым бөлігі ерте бастан қамданады. Мәселен, мамыр-тамыз айларында 130 мың тоннадан астам көмір сатылыпты. Ал қазан айына жеткізу жоспары 64,5 мың тоннаны құраса, әзірге жеткізілгені – 6,5 мың тонна.
Облысқа тәулігіне орташа есеппен 23 вагон, нақтырақ айтсақ, 1 587 тонна қатты отын келіп түсуде. Жолда 124 вагон (8 556 тонна) көмір бар. Оның 66 вагоны «Шұбаркөл»,  58 вагоны «Қаражыра» көмірі. Аудан және қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша қоймалар мен тұйықтарда бір тонна көмірдің орташа бағасы 14 800 - 23 000 теңге аралығында болмақ.
Ал Талдықорған қаласы бойынша 11 тұйық жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін қала бойынша 30 мың тоннадан астам қатты отын сатылыпты. Жолда 3795 тонна бар. 
«Тұрғындарды көмірмен қамту мәселесі әр кез біздің назарымызда», – деген жауапты мамандар қазір тұйықтарда қатты отынның қоры жеткілікті екенін айтады. Қарапайым халық жетпей қалған көмірді қыста да алуы мүмкін. Сондықтан, тұйықтарда көмір қоры үнемі қадағалауда болады.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы