"ЯНДЕКС" АРҚЫЛЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ЖЕТКІЗЕДІ

Уақыты: 17.10.2022
Оқылды: 1251
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Яндекс» курьерлік қызметімен дайын құжаттарды халыққа қызмет көрсету орталығынан тұтынушының үйіне дейін жеткізіп беруге болады. Енді дайын болған құжаттарыңызды ХҚКО-ға бару міндетті емес. Енді тапсырыс беру арқылы алуға болады. 


Тұрғындарға қызмет көрсету процестері неғұрлым ыңғайлы болғаны өте маңызды. Бұған дейін де бір жұмыс күні ішінде құжат жеткізу сервисін енгізген еді. 

Енді Цифрлік даму министрлігінің бастамасымен  «Яндекс» арқылы құжат жеткізіп берудің әрі жылдам, әрі ыңғайлы әдісін қолға алды. Кейде құжаттар шұғыл қажет болып қалған жағдайлар болады. Құжатты алу үшін жұмыстан сұрануға немесе балаларды үйде жалғыз қалдыруға тура келеді.  Дәл сондай кезде Яндекс жеткізіп беру сервисі арқылы мәселені жылдам шешуге болады. Сондай-ақ бұл қызмет алтын уақытыңыз бен қаржыңызды үнемдеуге септігін тигізеді. 

Егер сіздің үйіңіз бен ХҚКО арасы 3 шақырымға дейін болса, Яндекс сіздің құжатыңызды 1500-2000 теңгеге жеткізіп береді. Жеткізу уақыты 15 минуттан 2 сағатқа дейін. Жеткізу мерзімі мен бағасы мекенжайыңыздың орналасуына, жолдағы көліктер кептелісіне байланысты өзгеруі мүмкін. «Яндекс» қызметі  Қазақстанның 17 қаласында қолжетімді. Алдағы уақытта еліміздің барлық тұрғындары бұл қызмет түріне жүгіне алады. 

Жеткізіп беруді рәсімдеу процессі бәріне қолжетімді. Клиентке express.gov4c.kz порталы арқылы дайын құжаттарды жеткізу туралы 1414 қызметінен СМС хабарлама келеді. Жеткізу қызметіне жүгіну үшін анкета толтырып, мекен-жай мен телефонын көрсету керек. Одан кейін жеткізу қызметінің ақысын төлеу қажет. Яндекс GO мобильді қосымшасы арқылы курьердің қозғалысын онлайн режимде бақылауға және байланысуға болады. 

Айта кету керек, дайын құжаттарды жеткізу 150 мемлекеттік қызмет түріне қолжетімді. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікке иелік құқығын мемлекеттік тіркеуге қою, білімі туралы апостилденген құжаттар, мұрағат анықтамалары, әскери билеттің дубликаттарын алдырту бар. Бірақ, жеке куәлік, паспорт немесе жүргізуші куәлігін аталған қызмет арқылы алдырта алмайсыз.