АЛАКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ АТА-АНАСЫМЕН КЕЛІП ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 634
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сайлаудың басталғанына үш сағаттай ғана уақыт өтті. Соған қарамастан алакөлдік қауымның белсенділігі аса жоғары.
Маңызды күнде әр азаматтың дауысы біздің болашағымыздың түзу бағытта қалыптасуына түрткі болары сөзсіз. Бір мақсат, бір ұстаным, бір мүдде жолында біріккен халықтың осындай сәтте де жұдырықтай жұмылған қалпынан айырылмауы өзекті.Айта кетерлігі, айтулы күнде әсіресе ел қамы үшін еңбектеніп жүрген азаматтар үлгі көрсетуде. Алакөл ауданының әкімі Алмас Сапарғалиұлы да өз таңдауын жасап, дауысын берді. 
“Бүгін мен ата-анамды ертіп, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасауға келдім. Мұндай маңызды сәтте ешкім де үнсіз жатпауы керек деп ойламын. Себебі, мыңжылдықтар төрінен “Мәңгілік Ел” болуға ұмтылған біз үшін әрқайсымыздың үлесіміздің өзіндік орны бар. Ел басқарар тұлғаны таңдауда сарабдал шешім қабылдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алуымыз керек. “Төртеу түгел болса төбедегі келеді” демекші, дүйім бұқара бұл сайлауда бірлік туын тік көтергені жөн”, - дейді өңір басшысы Алмас Абдинов.
Айдынды аудандағы сайлау барысы өз қалпымен жалғасуда. Ешқандай оқыс оқиға, заң бұзушылықтар тіркелмеді. Халықтың да белсенділігі аса жоғары.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы, 
Жетісу облысы.