"АЛҒАШҚЫ САЙЛАУЫМ": 18-ГЕ ЖАҢА ТОЛҒАН БОЙЖЕТКЕН ДАУЫС БЕРДІ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 1048
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның жанды бейнесі. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.
Қазіргі таңда қазақстандық жастардың әр саладағы белсенділіктері мен жетістіктеріне қарап «тәубә» дейміз. Ал олардың ел болашағына байланысты саяси дүниелерден де тыс қалмауы одан да маңызды.
Ел Президентін таңдауда алакөлдік жастар да өздерінің таңдауын жасауға асығып, сайлау учаскелерінен бой көрсетулері қуантты. Олардың қатарында жасы енді ғана 18-ге толған Самал Сарқытбаева да бар.
Таңғы шық еріп үлгермеген сәтте сайлау учаскесіне келген бойжеткенге арнайы сыйлық та табысталды. Ең жас сайлаушының ертеңге деген сенімі де мол.
«Мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салады. Қазіргі таңда мемлекет дәл осы бағытта көптеген жұмыс атқаруда. Біз осы мүмкіндіктердің шекпенінен ұстап, жаһандық бәсекелестікке барынша дайын болуымыз керек. Ол үшін ең алдымен ел қамын ойлап, бүгінгідей саяси істерден шет қалмауымыз маңызды» ,- дейді, Самал.
 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы,
Жетісу облысы.