БІРЛІГІ МЫҚТЫ БІЗДІҢ КУРС

Уақыты: 05.12.2022
Оқылды: 1142
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің бас ғимараты.  Профессор,  сатира саңлағы Темірбек Қожакеев  атындағы аудитория. Осыдан   31 жыл бұрын журналистика факультетін бітірген курстастардың  бас қосуы.  Бір кездегі жігерлі жігіттер бүгінде бір-бір мекеменің жетекшісі, басшы маманы.  Мінездерінің  салмақтылығы,  сабырлылық пен ойлы жанарлары,  олардың  қазіргі қоғамның көшбасшылары екендіктерін байқатады. Ал олармен курстас бойжеткендер  де  бір-бір әулеттің  отанасы. «Желтоқсаншы» бойжеткендер қоғамдағы орындарын да тапқан, жауапты лауазым иелері. Бір қуанарлығы,   30 жылдан кейінгі  кездесуге курстастардың  барлығы дерлік келді.  Басқосуды ұйымдастырып, мәнді-мағыналы бағдарлама жасап, ойдағы-қырдағыны түгендеген  курстың белсендісі  Гүлнәр Шегебаева.  Ол студент кезде де өзінің ұйымдастырушылығымен ерекшеленетін. 


Кездесуде студенттік шақтың қызығы мен шыжығын бірге өткізгендер сағынышпен қауышты.  Бұл – бір-бірін көп жыл көрмеген курстастардың  ғана емес, бұл – Желтоқсан көтерілісінде бір-бірін жауға бермеген, «жазаласаң бәрімізді бірге жазала» деп жүректілік танытқан бірлігі күшті курстастардың бір-біріне деген жан жылуы.  Сыйластықтың құдіреті деген осы! Кейбірі жанарына жиналған  жасты тоқтата алмады.  

Кездесуге келерден бір ай бұрын бірге оқыған Орманбек Ноянұлына ас беріліп, оқыған мектебіне  ескерткіш тақта қойылды. Бұған да  курстастар ұйытқы болып, марқұмның  жерлестерімен бірлесіп атқарды. Істің басы-қасында курстың арда азаматы Ғазиз Тастаев жүрді. Желтоқсан бізді  құрыштай шыңдады. Бірінші курсқа  түскен 18 жасар бозбалалар мен бойжеткендер ел намысы жолында жұрттың алдынғы легінде болды.  Енді, сол күндерге шегініс жасайық.
...Журналистика факультетінің нарқасқасы Тауман Амандосовтың сабағы. Студенттік шақтың қызықтары енді басталған. Біразымыз  күзгі ауылшаруашылық жұмысына барып келгенбіз.    Курстастардың  арасындағы ақын, әнші, сықақшылар дараланып, күнде думан, күнде  жыр. Желтоқсанның ызғарлы желі соқпағанда студенттік шақ осылай қызықпен өте беретін бе еді, кім білсін?! Бірақ, сол күнгі «ызғар» оларды бірден есейтті.  Өктем билікке   иық тіресіп, қарсы тұрды. 

Тауман ағайдың сабағында студенттер тып-тыныш отырады.  ОЛ кісі аудиторияда  темірдей тәртіп орнататын.  «Журналистикаға кіріспе» сабағы санаға  мамандықтың алғышарттарын енгізді.  Журналистиканың тарихынан сыр шертті. Қаламның құдіретімен елдің жел жағына шықсам деген  жас тілшілер ағайдың әңгімесіндегі кейіпкердің орнына өзін қойып, газеттегі қарымды журналистке айналған шағын елестетеді. Ұшқыр ой  қиялды қанаттандырады.  Сырлы сабақтың тыныштығын есікті жайлап ашқан жас жігіт бөлді. Ол кезде  ұлттық киімді театр мен кинода ғана көретінбіз. Кеңес одағы билігінің қылышынан қан тамып тұрғандықтан ұлттық салт-дәстүр ұмытыла бастаған.  Қазақы бөрік киген жігіт бұрынғының сал-серілеріндей. Ол тілдей қағазды  есікке жақын отырған партаға тастай салды. Бірімізден кейін біріміз алып оқи бастадық. «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса алаңға жиналыңдар» деп жазылыпты.  Намысты жалау етіп өскен ұл-қыздың санасында «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса» деген сөз сайрап тұрып алды.  Намысы бардың нар күші бар.  Сабақ аяқтала салысымен барлығы  алаңға барамыз деп өре түрегелді.  Курстың  кураторы  Мамытбек Қалдыбаев: «Балалар, алаңға бармаңдар. Бұл өмірлерің  үшін өте қауіпті. Жатақханаға қайтыңдар. Бәлеге ұрынасыңдар» деп үгіттеді. Бірақ, намысты жалау еткен, кеудесінде қазақтың қаны ойнап тұрған  жастар алған бетінен қайтпады.  Бір-екеуі ағайға бағынбай алға шығып еді қалғандары соның соңынан ерді. Троллейбусқа мінбекші болып едік, жүргізуші есікке тоқ қоса қойды.  Көліктің  мінберіне аяқ тіреген қыз шар ете қалды. Тоқ соғып, ұшып кетті. 

 Айналасы 30-40 студент  орталық алаңға жақындағанда жол бойында тұрған әскери техникаларды көріп, бойды аздаған қорқыныш билегені де рас. Ауылдан келген  балалар мұндай техниканы бірінші рет көріп тұр. Алаңға жеткенде әскери машинадан ит жетектеген сарбаздар секіріп түсіп жатты. Аспанды сол кезде қара бұлт торлады. Табиғат-ана бір сойқанның болатынынан хабар бергендей.  Алаңның  төрт жағынан  жастар ағылып келіп жатты, келіп жатты. Қолдарындағы қағазға «Қазақты қазақ басқарсын!» деген жазу жазып алыпты.  Әншейінде момын қазақ намыс таразыға салынғанда жігерлеріп кеткендей. Бір топ жас «Елім-ай» әнін шырқап жетті. Қазақ қайтадан ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны бастан өткергендей. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған жаман  екен, Екі көзге мөлтілдеп жас келеді».  Кеудемізге өксік тығылғандай ма? Әншейінде түсі суық милицияның жүзі тіптен қатулы. Құтқаруға емес,  жазалауға жиналғандары көрініп тұр. Алаңды төртке бөліп, жастарды бір-біріне жібермеуге тырысты. Біріксе күш бермей кететінін бағамдайды. Сол кезде алаңдағы дауыс күшейткіштен «Менің Қазақстаным» әні қосылды. «Менің елім, менің жерім, Гүлің болып егілемін...». Әннің құдіреті  қыз-жігіттерді жігерлендіре түсті. Алаңның төрт бұрышында тұрған жастар  бір-біріне қарсы жүгірді.  Сырттан келіп қосылып жатқан күш жиналғандарға теңіздің толқынындай екпін берді.  Алаңға адам сыймай кетті. Мінберге жақын тұрғандар елдің алдына  ақын-жазушылар  Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза шықсын деген талап қойды.  «Шындықты солардан білеміз. Қонаевты неге алды орнынан?  Қазақты қазақ басқаруы тиіс»,–деген  талаптар қойды. Ортаға шыққан шалақазақ жастарға әрнәрсені айтып, жауап берген болды. Сөзінің ауанында қорқыту байқалды. Жастардың  тарауын талап етті.  Әйтпесе күш қолданамыз деді. Бірақ, жастар сұрақтарына жауап алмай қайтпайтындарын байқатты. Қалқан, резеңке  таяқ ұстаған  милиция  жастарға күш қолданып,  ұрып-соғып таратуға кірісті. Сырт жақтан келген қарулы күш  қыз-жігіттерді алаңның сыртына қарай ысыра бастады. Сол кезде қақтығыс басталды.  Әскерилер алдыда  тұрған қыздарды ортаға тартып алып, соққыға жыға бастады.  Оны көріп ызаға булыққан жігіттер жалаң қолмен қарсылық танытты.  Кеш бата  өрт сөндірушілердің машинасы жастарға су шашып, қуалап, ұсталғандарын жүк көлігіне тиеп алып кетіп жатты.  Шыңғырған дауыс, «Жедел жәрдемнің»  «жан дауысы»  қаланы үрейге  батырды.  Жастар Үкіметке қарсы тұра алмайтындарын, бұлардан аяушылық болмайтынын байқады. Жан ұшыра жан-жаққа қашты.  Үсті-бастары малмандай су. Біраздан соң су мұзға айналды. Жатақханаға жеткен жастарды есіктің алдында қауіпсіздік комитетінің адамдары күтіп тұрды. Бірден қара тізімге алып, тергей бастады. Сол кездің өзінде олардың қолында  алаңға шыққан жастардың суреттері болды.  Альбомға бәрін қаттап салып алған.  Бұлардың курсының суреті түгелімен сонда. Бірақ, қайтпас-қайсар мінезді қыз-жігіттер бір-бірін сатпады.  Бастарын шайқап, міз бақпады. Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері  қыз-жігіттерді: «Сендер бұзақысыңдар, нашақорсыңдар.  Арандатушысыңдар, сондықтан алаңға шықтыңдар, мойындаңдар. Әйтпесе оқудан шығасыңдар. Қамауға алынасыңдар» деп қорқытып бақты. Бірақ, кеше ғана студент атанған жастар сыр бермеді.  Өздерінің  жазадан да, азадан да қорықпайтынын байқатты.  

Бәрін қамау мүмкін болмағандықтан курстың старостасы мен комсомол жетекшісі қамауға алынды. Ержүрек курс студенттері қысқы каникулда үйлеріне қайтпай, қамаудағы курстастарына тамақ, сәлем-сауқат тасыды. Қысқы каникул аяқталысымен тергеп-тексеру қайта басталды. «Сені ректораттың 9-шы қабатына шақырып жатыр» десе студенттердің аяқ-қолы дірілдейтін. Себебі, сұрақ, қорқыту, үркіту, зіркілдеу бұғанасы қатпаған  ұлдар мен қыздар үшін өте ауыр еді. Бәрінен «ата-анаңа хат жазамыз» дегені ауыр тиетін. Балам оқуға кетті деп қуанып отырған әке-шешеге балаң «бұзақы, нашақор» деген хат барса  сұмдық емес пе?! Сонда студент-жастар өздерін емес, алыстағы отбасын ойлап қамығатын.  Бірақ,   бір-бірін сатпады. Кейіннен университетте комсомол жиналысы өтіп, көшбасшыларды оқудан шығарамыз дегенде курс студенттері түгелімен өре түрегелді. «Оларды шығарсаңдар курс болып оқудан кетеміз. Онда біздің курсты жабыңдар», –  деп талап қойды. Сонымен жұмылған жұдырықтай курстан ешкім оқудан шықпады. Көктем шыға бүкіл курсты қауіпсіздік комитеті шақырып, жазатын сөзді өздері айтып: «Ендігәрі көтеріліске шықпаймын.  Байқаусызда бардым» дегізіп қолхат жаздырып алды. Күздегідей емес, дауыстары бәсеңсіп қалыпты. Бірлігі жарасқан курсқа құрметпен қарайтындары сезіліп тұрды.

Міне, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің  1986 жылы оқуға түскен студенттерінің 31 жылдық кездесуге бастарын тік  көтеріп, сыйластықтары жарасып жиналғандары осы ауызбірліктің  арқасы.  Тең-құрбының алдында жүзің жарық, еңсең биік болды деген осы. Азаттықтың ақ таңын атырған  қарлығаштар қанатын кеңге жайған.
 

Гүлжан ТҰРСЫН