ТЕАТР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕ АЗАЯДЫ

Уақыты: 24.02.2023
Оқылды: 2731
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жақында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Сарқан ауданына арнайы іссапармен барды. Тұрғындармен кездесіп, келелі кеңес өткізіп, талап-тілектерін тыңдап, сан түрлі сауалға жауап берді. Сонымен бірге, өңірдің өркендеуі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың жетістігін бағалап, кемшілігін саралап қайтты.

Әкімнің қоғамдық қабылдауына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері театр тарланы, кино саңлағы Саят МЕРЕКЕНОВ ағамыз Алматыдан арнайы келіп, аудандағы халық театрының өркендеп, өрісін кеңейтуіне ықпал етуін сұрады.

«Ел іші – өнер кеніші» деген бекер айтылмаса керек. Саялы Сарқан өңірінде өнерлі жандар аз емес. Алдыңғы толқын ағалардың ізін басып келе жатқан кейінгі буынның қанаттануы үшін қашан да қолдау керек. Осы ретте Саят Мерекеұлы аудандық халық театрына бірнеше штат керек екенін айтып, түйткілді мәселенің түйінін шешіп беруін жеткізді.

Алматыдан ауылына арнайы келгенде ат мініп, шапан киейін демей, аудан жұртының руханияты үшін алаңдаған ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ауданда халық театрының ашылуына мұрындық болып, өзінің қыруар жұмысын ысырып қойып, алтын уақытын бөліп, қолдау көрсетіп, сол үшін әлі де уайымдап жүрген театр қайраткерінің өтініші орындалып, халық театрының тамырына қан жүріп, сол бір әсерлі сәтті Саят ағамызбен бірге көруді жазсын.

Осындайда ойға оралады. Тілі алмастай өткір, жанары найзағайдай отты, Алаштың алдаспан ұлы Шерхан аға Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды», дегені бар еді. Осы бір қорғасын ойы ақылды адамның санасына әлі де салмақ салары анық. Театр – өнер ордасы болғанымен, ол жерде өмір шындығы бар. Ал шындық алға шыққан жерде әділдік орнап, қоғам түзелетіні хақ.

«JETISY» АҚПАРАТ