ЕҢ БАҚЫТТЫ ЖАНДАРМЫЗ

Уақыты: 01.05.2024
Оқылды: 283
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бір шаңырақ астында жиналған көпшіліктің бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруінің өзі бағалай білген жанға бақыт емес пе? Қасиетті қазақтың жері әрбір этнос өкіліне бесік бола білді. Осындай жайма-шуақ күнде алаңсыз өмір сүріп жүрген біз ең бақытты жандармыз.


Қазақ топырағында дүниеге келген әрбір азамат ең бірінші қазақ тіліне деген құрметті арттыруға міндетті. Елге қызмет етуді тілге деген құрметтен бастау керек деп ойлаймын. Әрине, кез келген тілді үйрену үшін үлкен еңбек қажет. Өз тәжірибем бойынша айтсам, қазақ тілі – өте бай және күрделі түркітектес тілдердің бірі. Бірақ уақыт өзгерген сайын халықтың да сана-сезімі өзгеріске ұшырайды. Бұл – уақыт талабы. Қазір өзге тілді жастардың  мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйреніп, сөйлеуге деген қызығушылығы артқан. Оған өзім де куә болып жүрмін. Кез келген аймаққа барсаңыз, қазақ тілінде сөйлейтін басқа этнос жастарын кездестіресіз. Жалынды жастардың елге, қазаққа деген құрметін осыдан-ақ байқауға болады. 

Қазақ халқының ықыласы мен дарқан көңілінің арқасында барша өзге этнос өкілінің көсегесі көгеріп, өсіп-өніп жатқанын ерекше айта кеткен жөн. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақстанды паналаған талай этнос өкілі сол бір зобалаңдардан аман қалды. Ашаршылық пен қуғын-сүргіннен миллиондаған қазақ халқы қаза болды. Алайда осынау қасіретпен қажымай күресіп, құнды қасиеттерін сақтай білген ұлт өзгенің баласын өзекке теппеді. Керісінше, өз баласындай бауырына басты, қанатының астына алды. Әрбір этнос өкілі қазақ жерінен жайлы орта тапты, осында өсіп-өнді. Қазақтың өзгеге жасаған мейірімділігі мен қайырымдылығы шексіз. Өзіңе жақсылық жасаған адамға алғыстан басқа ештеңе айтпауымыз керек. Бірнеше ұлттың өкілін жатсынбай қабылдап, бауырына басқан көңілі дарқан, жаны таза қазақ халқына мәңгі қарыздармыз. Қазақтың қамқорлығы мен мейірімділігін, бауырмалдығы мен кең пейілін ешбір ұлтпен салыстыруға келмейді. Біз осы құндылығымыз бен қазынамыздан айырылып қалмауымыз керек. 

Бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында келген тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп тілеймін. Қазағымның жерінде тыныш заман болып, халқымыз мәңгі жасасын!

Наталья ДЕМЕНТЬЕВА,
 Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты