Ой жүйесін сөз бұзатыны ежелден белгілі дүние. Әдебиетіміздің арғы-бергідегі жазбаларын, жыраулардың, ақындардың тәрбие мен тәлімге негізделген жырларын алып қарасақ, қазақтың қасиетті пайымы мен қадірлі ұстанымындағы алтын жылғаны анық байқаймыз. Толқын да толқын тарихтың арнасындағы сол жәдігертектес ұстанымның бәрі адамның барақатты ғұмыры мен бақытына барар аяулы ағысты үндеп, ислам дінімен астасып жататын. Бүгінде «Тәңір атын жырға телуге болмайды», «дін туралы поэзия өрнектеу ақынның ағаттығы» деп қабылдайтын әдебиет төңірегіндегі кейбір тұлғалар бұл тыйым арқылы екіұшты сезімді бастан кешкізуде. Біріншіден, қоғамда жастар діннің фанаты болмаса екен деп толғансақ, екіншіден, кейбір дінмен сабақтасқан дәстүріміздің қоламтасы өшіп қалмаса екен деп те алаңдаймыз.
Мақаланың кіріспесінде «ой жүйесін сөз бұзады» деп атап өттік. Жуырда ел руханиятының түрленген сәтіне куә болдық. Қасиетті Қарадала төсінде айбарлы Әлмерек Жаншықұлы бабамыздың алып мүсіні тұғырға қонды. Ел көлемінде ақындар мүшәйрасы өтті. Қазақияның түкпір-түкпірінен келген ғалымдар жарыссөзге шығып, даңқты бабаның ерлік жолы мен өнегелі өмірі тұрғысында ғылыми байлам жасады. Тарихтан тарау-тарау ақпар келтірді. Соның бірінде Әлмерек баба жоңғардың Шонжы деген батырын жекпе-жекте өлтіргені айтылды. Тарихи деректің растығын ғалымдар куәландырды. Алайда сол жиыннан кейін бір қаламгер: «Қаскелең, Шонжы деген қалмақтың батыры болғаны және оны қазақтың мықтылары өлтіргені өтірік», – деп күбірледі. Құдай-ау, тарихшылар мен ғалымдар жазбада бар, архивтен қазып алдық деген ақпарды неге теріске шығарады бұл деп күйіндік. Осындай деректерді діни тұрғыда да атап өтуге болады. «Ислам тұрғысында қазақ өйткен, қазақ бүйткен» деген пікір мен «Әдебиетке ананы қоспау қажет, мынаны телімеу тиіс» деген дүние жүре ме?! Әркім Аллаға жанының қалауынша жақындайды, дәстүр-салтты шамасы жеткенінше ұстанады емес пе?!
Қазақтың мыңжылдан бергі тәңір хақындағы ойының мызғымас берік жүйесін бүгінгілердің алыпқашпа сөзі (пікірі) бұзып бітті. Осы орайда дәстүрімізге сіңісті болған кейбір мәселелерге қайта айналып соққымыз келеді.
Дәстүріміз бен дініміздегі түсінікті қайталай оқырман жадында жаңғыртуды көздеп отырмыз. Әуелі, садақа туралы түсінік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Садақа берген пенденің малы кемімейді», – дейді хадисінде. Яғни, адам жомарт болған сайын өзіне лайықты жомарттық, ізгілігіне сай мейірім көреді деген сөз. Осы ретте ел танымында садақа тек қана жетім-жесір, кембағал мен мұқтаждарға беріледі деген түсінік қалыптасып қалғанын айта кеткен жөн. Садақа әдебі бойынша әуелі Жаратушының ризашылығын көздеп барып мұқтаждарға берген қайырлы. Алайда Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адам баласының әр деңгейдегілері садақа жасай алады. Оны әрбір күні жасауға болады. Екі кісінің арасын жарастыру – садақа, жақсы сөз де – садақа, намазға баратын әрбір қадам – садақа, жолдан адамдарға зияны тиетін затты алып тастау да – садақа», – деген екен. Осыдан-ақ күллі адамзат баласы садақаға белгілі дәрежеде мұқтаж екенін аңдауға болады. Жаның жабығып, қайғырып жүргенде біреудің жылы сөзін есту, жымиып қарағанын, елжірегенін көру де садақа алғанмен тең деген сөз. Ал қашаннан жетімін жылатып, жесірін қаңғыртып қоймаған қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмыры садақадан тұратынын аңдауға негіз бар. Осы орайда «сауап» сөзінің түсінігіне де аз-кем аял қылайық. Негізінен сауап деген адамға пайдалы, қайырлы дүние. Алайда ел арасында «сауап болыпты» делінетін ұғым да бар. Мінезі қыңыр, адамға зияны өтімді жан бір жерде сүрінсе, оны естіген кісі: «Пәлі, дұрыс болған екен. Сауап өзіне» деп жатады. Бұл ақыретте қаралатын, амал дәптерімізге жазылатын сауаптан мүлдем бөлек, қаралай, сүрінгеніне айызы қану мақсатында айтылған сөз.
Бұдан кейін қазақтың қасиетті «тұмары» туралы түсінікті толғайық. Тұмар негізінен алғанда жас баланың бесігіне тағылатын дүние. Оның ішінде озалдан Құран аяттары жазылған парақ тұрады. Яғни, тұмарға аят, сүре салынады. Бұл діни ғалымдардың басым көпшілігі теріске шығарып тастаған дүние емес. Алайда сол ғалымдар жас баланың бесігінде тұруға рұқсат етілген тұмарды үлкендерге тағуға келісім бермеген. Өйткені ақыл есі жетілген әрбір адам Құранды өз бетінше оқи алады, сүрелерін жаттауға мүмкіншілігі бар. Сондықтан мойынға тағып дәретхана секілді лас жерге кіретінін, ішімдік ішкен ортада болатындығын ескерген.
Сол секілді «аластау» сөзінің мағынасына да бір сәт сәп салсақ. Негізінен ислам дінінде үйдің іші мен сыртын арша, адыраспан секілді дүниелермен аластау айшықталып көрсетілмеген дүние. Еліміздің көп өңіріндегі қазақтар көбінесе үйді адыраспанмен аластап жатады. Негізінен алғанда адыраспан түрлі ауруға шипа болатын қасиетке ие өсімдік. Кешегілер адыраспанмен үйді, бесікті аластау арқылы зиянды микробтардан қорғанып отырған. Алайда, жын-шайтан, бәле-жаланы аластау түсінігі діни тұрғыда қуатталмаған. Бұл дәстүрімізде ғана бар ырым, наным-сенім ғана. Бұл тұрғыда дінтанушы Ержан қажы Малғажыұлы: «Үйді жын-шайтаннан тазарту керек болса, Құран сүрелерін оқыған дұрыс. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бақара» сүресі оқылған үйден шайтан қашады» деген», – дейді.
Діни фанатизм асқынған бүгінгі уақытта қазақтың ғажайып жоралғылары мен діни шараларына қарсы шығушылар көбейіп кеткені жасырын емес. Соның бірі – шелпекті ширкке жатқызу. Алайда дін мамандары: «Шелпек пісіріп, тарату – аруаққа Құран бағыштап, оның сауабын Алладан тілеу мақсатында орындалатын дәстүр. Осы тұрғыдан алғанда шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ. Жасалған жақсы амалдың сауабын қайтыс болған кісіге бағыштау – шариғатымызда бар», – дейді. Яғни, жеті шелпек пісіру, оны таратудың ешқандай сөкеттігі жоқ екені баяғыда бекітілген дүние. Бұл ретте оқырмандарға пәтуасы шығып қойған дүниені тағы бір мәрте ұсыну ретінде ғана айтып отырмыз.
Ең соңғы дүние – дем салу. Осы тұрғыда қарапайым жандар көп қайшылыққа барып, айтысып жататынын үнемі аңғарып келеміз. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасын басқарған, еліміздің бас мүфтиі болған Ержан қажы Малғажыұлы: «Дем салу – Ислам шариғатына жат емес. Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетінен бастау алған», – дей келе адам өзіне-өзі, білмеген жағдайда өзгеге дем салдыруға болатынын айтады. Сонымен қатар, Құранның «Ықылас», «Нәс», «Фәлақ» сүрелерін оқу, ең бастысы, дем салғанда Алладан жәрдем тілеу керектігін ескертеді. Сондықтан да қазақтың дем салуы, үшкіруі шариғатқа томпақ келмейді. Осылай тізбелей берсек, қазақтың дәстүрі мен діні біте қайнасып кеткенін көруге болады.